Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Демографияның жай-күйі талқыланды

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Халық демографиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқының демографиялық даму бағыттары және әлемдік тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Демографияның жай-күйі талқыланды

Іс-шараға «Халық демографиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұматай Әлиев, филология ғылымдарының докторы, доцент Алмасбек Әбсадықов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Иб­рагимов, қаламгер Көпен Әмірбек және мемлекеттік органдардың, өкіл­дері, қоғам қайраткерлері қаты­сып, өз ойларын ортаға салды. Кон­фе­ренцияның негізгі мақсаты – дү­ниежүзілік демографиядағы Қазақ­стан халқының даму тенденция­ларын талқылау. Түрлі сала мамандары­ның басын қоса отырып, еліміздегі демографиялық ахуал бойынша шешімін таппаған сұрақтардың жауабын іздеу.

Халық демографиясын көтеру бойынша іргелі еңбек жазған ғалым Жұматай Әлиевтің сөзінше бүкіл әлем бойынша 20 миллионға жуық қазақ бар екен. «Қазіргі таңда елімізде демография бойынша бірде-бір институт жоқ. Біз соны ашып, қолға алып жатырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Мақаш Тәтімов екеуміз халық демографиясы туралы кітап жазған болатынбыз. Сол кітапта жазған нақты мәселелеріміз әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Бүгінде қазақ халқының саны 20 миллионнан асады деп сенімді түр­де айта аламын. Бұл деректерді уақы­тында дәлелдеп бергенімізбен, құлақ асатын ешкім болмай тұр», дейді ол.

Қазіргі таңда сырттағы қазақтар­дың ең қалың шоғырланған жері – Өзбекстан Республикасы. Онда 2 миллионға жуық, Ресейде – 740 мың, Түрікменстанда – 90 мың қан­дас­ы­мыз өмір сүреді екен. Бұдан бөлек Қытайда 1,5 миллионнан астам, Моңғолияда – 100 мың, Ауғанстанда 25 мың қандасымыз тұрады.

Қазақстан халқы, соның ішінде қазақ ұлты тарихтың ауыр кезеңдерін басынан кешіріп, зардаптарын әлі тартып келе жатқаны белгілі. Соның бір бағыты – ұлттық демографиямен ті­ке­лей байланысты. Демографиялық мә­селелер дін мен діл, денсаулық, кө­ші-қон, әлеуметтік қорғау, сыртқы бай­­ланыс сияқты салалардың бірлесіп зерт­­теуі арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Статистика комитетінің ресми де­регі бойынша, Қазақстанның халық саны қарқынды түрде өспесе де, алға жылжу бар екені байқалады. Мысалы, 2018 жылы республикамызда халық саны 18 157 337 жетсе, 2019 жылдың басы­мен салыстырар болсақ 1,31 па­йызға артып, 18 395 567 тұрғынға жет­кен. Бала туу көрсеткішінде де аса қатты өзгеріс жоқ. 2017 жылы респуб­ли­ка­мызда 390 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 5 мыңға кем. Ал рекорд­тық көрсеткіш 1987 жылы тіркел­ген екен. Онда Қазақстанда 417 мың бала туылған.

Жұматай Әлиев халық санын көбейту үшін халық арасында бала тууды дәріптеу керек деп санайды. «Қазіргі таңда теледидар, газет-журналдарда бала туу туралы аз айтылып жатқан жоқ. Мемлекеттің, еліміздің болашағын ойлаған әрбір отбасы халық санын көбейтуге өз үлесін қосуы керек. Әйтпесе, кең-байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз?», дейді Ж.Әлиев.

Халықаралық ғылыми-практи­калық конференцияның соңында де­мографиялық дамудың алдағы ба­ғыт­тарын дұрыс жолға қою үшін, жан-жақты пікірлер ортаға салынды.