Қазақстан • 25 Маусым, 2019

Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау азаматтардың әл-ауқатын арттырады

345 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары қаралды.

Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау азаматтардың әл-ауқатын арттырады

Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алынған ұсыныстарды орындау шаралары туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - қаржы министрі Ә. Смайылов пен Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек баяндады. 

Тиімді мемлекеттік басқару

Ә. Смайыловтың айтуынша, Іс-қимыл жоспарында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және бюджет қаражатын пайдалануға жауапкершілігі мен есеп берушілігін арттыруға ерекше назар аударылған. Бюджеттік жоспарлауды жетілдіруге, сондай-ақ тиімсіз имидждік шығыстарды болдырмауға бағытталған шаралар кешені әзірленетін болады.

Табысты кәсіпкерлік

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша, атап айтқанда, кәсіпкерлік бастаманы дамытуды ынталандыру және бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты шаралар қабылданады.

Бизнеске қолдау көрсететін шараларының тиімділігін бағалау мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша талдау жүргізіледі. Нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелері ескерілген жаңа тәсілдер әзірленетін болады. 

Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді, оның шеңберінде бизнесті жаңа форматта қолдау жалғасатын болады.

Заңнамаға жаңа нормалардың күшіне енуінің «өтпелі кезеңі» және «адалдық презумпциясы» қағидаттары енгізілетін болады. 

Негізгі тауар нарықтарындағы жағдайға талдау жүргізіліп, бәсекелестік үшін кедергілерді жою және монополиялық жағдайды теріс пайдалануға жол бермеу үшін кедергілерді жою Жол картасы әзірленеді. 

Сонымен қатар Ә. Смайылов ЭЫДҰ елдерінің үздік тәжірибелерін қолдана отырып «Оңалту және банкроттық туралы» Заңды жаңа редакцияда қабылдау мәселесі туралы айтып берді. 

«Салық түрлерін оңтайландыруды жүзеге асыру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыруды қажет. Салық кредиттерін беру тетігі енгізілетін болады. Мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы бойынша заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады», — деді Ә. Смайылов.

Тиімді қаржы жүйесі

Іс-қимыл жоспары аясында Ұлттық қордан берілетін трансферттерді пайдалануды шектеу және бюджеттің шикізат секторына тәуелділігі мәселесі пысықталатын болады, қор нарығын дамыту және ұлттық компаниялардың ІРО-сын өткізу жөніндегі жұмыс жалғасады.

Әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді жүйесі

Сонымен қоса, әлеуметтік көмектің ашықтығы мен атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қолдаудың кепілдік берілген көлемінің бірыңғай стандарттарын белгілеуге баса назар аударылатын болады. Ұзақ мерзімді актуарлық модельдерді құру негізінде зейнетақы жүйесі одан әрі жаңғыртылады. Медициналық қызмет көрсетудің жаңа форматтарын, кадрлар тапшылығы қысқартуды, медициналық көмек алу мүмкіндіктері кеңейтуді қарастыратын Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. 

Жалпыға бірдей заманауи білім беру стандарттары

Білім беру саласында да оң өзгерістер күтіліп отыр. Балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен толық қамтуға, орта білімді жаңартылған мазмұнға көшіруді аяқтауға, 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшуге, үштілділікті енгізуге, ғылымның ел дамуына қосқан үлесін күшейтуге бағытталған Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. Мұғалімдердің мәртебесін қолдау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді, ол ұстаздардың беделін арттыруға, кәсіби өсуіне, тән емес функциялардан босатуға бағытталған. 

Жалпы, білім беруге және денсаулық сақтауға арналған шығыстар әр салада 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 5%-ына дейін жеткізілетін болады. 

 Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдіріледі, жұмыс берушілерді өз қызметкерлерінің жаңа білім алуына ынталандыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар қабылданады. Ашылатын жұмыс орындарын, Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын есепке алудың бірыңғай базасын қалыптастыра отырып, Жұмыспен қамту мониторингінің кешенді жүйесін әзірлеу көзделіп отыр. 

Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек өз кезегінде Іс-шаралар жоспарының «Өрлеу» бөлімінде экономиканы, инфрақұрылымды, қолжетімді тұрғын үйді, қоршаған ортаны динамикалық дамытуға және заманауи ауылды құруға бағытталған іс-шаралар қарастырылғанын айтты. 

Қарқынды экономика – баршаға арналған әл-ауқат негізі 

Жылдың соңына дейін 2020–2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, ол өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі жақсартуға бағытталатын болады.

«Бағдарламаны іске асыру еңбек өнімділігін 1,7 есеге, шикізаттық емес экспорт көлемінің 2,3 есеге, негізгі капиталға салынған инвестициялардың  өсуі 2,3 есе, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 1,6 есеге ұлғайтуға әкеледі», — деді Ж. Қасымбек.

Жергілікті қамтудың өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. ҰКП-мен бірлесіп әзірленген шаралар 1000-нан астам отандық кәсіпорындарды қайта жүктеуге, өндірілетін тауарлардың қазақстандық құрамын 60%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ «қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуын ынталандырады.

Іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйе құрушы кәсіпорындарды, сатып алуда жергілікті қамтуды арттыру үшін жеке шаралар кешені әзірленуде.

1 қарашаға дейін Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, жер ресурстарын және жайылымдарды тиімді пайдалану, жаңа суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін кеңейту мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға өзгертулер енгізілетін болады. Нәтижесінде, 2021 жылы еңбек өнімділігі 2017 жылға қарағанда 2,2 есеге, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,7 есеге, ауыл шаруашылығында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 3 есеге артады. «АӨК мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда барлық қажетті заңнамалық өзгерістер қарастырылады.

Бірінші санатты инфрақұрылым

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек осы жылдың соңына дейін Үкімет 2020–2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қабылдайтынын айтты. Орталық–Шығыс, Орталық–Оңтүстік, Орталық–Солтүстік және Орталық–Батыс дәліздерінде елдің біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру аяқталады.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жолды қайта жөндеу және 11 мың шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Барлық жұмыстардың түрлері (жөндеу, құрылыс және қайта жаңарту) 30 мың шақырым жергілікті жолдарда жүргізіледі. 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайда республикалық жолдардың үлесі 100% -ға дейін, жергілікті маңызы бары 95%-ға дейін артады.

Бұдан өзге, елімізді газдандыру шеңберінде Үкімет «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын уақытында аяқтауды қамтамасыз етеді. Газ құбырының іске қосылуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын және 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, олардың экологиялық жағдайын жақсартады.

Қолжетімді баспана, таза экология

Тұрғын үй қолжетімділігін арттыру және тұрғын үй саясатын ашықтығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары бірыңғай тұрғын үй саясатын біріктіреді. Жыл соңына дейін Үкімет 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын мақұлдайды.

Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Бүгінде мамыр айынан бастап инвестициялар және демеушілерді тарту арқылы 1480 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі.

Жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады.

Соның нәтижесінде 650 мың отбасы немесе 2 миллионнан астам азамат жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта бағдарлама шеңберінде жыл сайын жылына кемінде 12-13 млн шаршы метр енгізу жоспарланып отыр.

Бүгінде Экологиялық кодекс әзірленуде, оған сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындардың қолда бар ең жақсы тазарту технологияларын енгізуге ынталандыру және шығарындыларды түбегейлі азайту жоспарлануда.

Мықты өңірлер — қуатты Қазақстан

Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін, Үкімет 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітеді. Негізгі мақсат – бақыланатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша халыққа қоғамдық және әлеуметтік жеңілдіктерді арттыру.

Ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша «Ауыл – ел бесігі» кешенді бағдарламасы қарастырылған. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып биыл 52 ауылдық елді мекен таңдалды,  452 іс-шара жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 700 мың адамды, ал 2025 жылға қарай – ауыл халқының 83%-ын немесе 6,5 млн адамды қамтуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының ірі қалаларының шет аймақтарын дамытуға ерекше назар аударылатын болады, өйткені халықтың бестен бір бөлігі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Алдағы үш жылда 85  астам жоба жүзеге асырылатын болады, оның жүзеге асырылуы жарты миллионнан астам адамның өмір сапасын жақсартады.

«Президент Үкіметтің басты міндеті ретінде сайлауалды платформаны іске асыруды анықтады. Іс-шаралар жоспарын уақытылы және сапалы орындау азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етеді және әлеуметтік мәселелерді шешеді», — деді Ж. Қасымбек.