Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Арыс, біз біргеміз!

970 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Қайғы – бөліссе азаяды». Бұл күнде Түркістан облысының Арыс қаласында орналасқан әскери оқ-дәрі қоймасындағы алапат жарылыс­тан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында «Арыс, біз біргеміз!» атты көмек көрсету іс-шарасына еліміздің барлық өңірлері мен кәсіпорындары, мекемелері, қоғамдық ұйымдары және басқа да жекелеген тұлғалары қатысып, қолдарынан келгенше арыстықтарға қолдау көрсетуде. Бұл қазақстандықтардың кез келген қиындықта жұдырықтай жұмылып, топтаса түсетінін аңғартты. Елдігімізді танытқан ерекше ізгілікті іс-шаралардың өңірлердегі барысы жөнінде тілшілеріміз баяндайды.

Арыс, біз біргеміз!

Арман ОКТЯБРЬ – АЛМАТЫДАН:

Арыстағы ағайынның басына түскен тосын жағдайды Алматы жұртшылығы да күйзеліспен қабылдады. Қала әкімі Бауыржан Байбек өзінің әлеуметтік желі­дегі парақшасына Алматы қала­сы тарапынан қиындыққа тап болған тұр­ғындарға жан-жақты көмек көр­сету шаралары қолға алынғанын жет­кізді. «Арыстағы қайғылы оқиға ешкім­ді бейжай қалдырмады. Барлық алма­тылықтардың атынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Түркістандық әріптестерден сағат сайын хабар алып отырмыз. Жуық уақытта цемент, есік-терезе сынды қа­жетті құрылыс материалдары тиелген алғашқы жүк көліктері Арысқа аттанады», делінген әкімнің жазбасында.

Алматы қаласы әкімдігі қызмет­керлері, қаладағы бірқатар кәсіпорын­дар мен жекелеген ұжымдар біркүн­дік жалақысын аударды. «Мен – алматы­лықпын» еріктілер қозғалысының бел­сенділері киім-кешек пен азық-түлік, басқа да керек-жарақтармен көмек көрсетуде белсенділік танытуда. Со­нымен қатар Nur Otan партиясы қалалық филиалының бастамасымен зардап шеккендерге қайырымдылық акциясы басталды. Шаһар кәсіпкерлері де өз бірліктерін көрсетіп, күш жұмылдырды.


Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ  АҚТАУДАН:       

Маңғыстаулықтар жарылыстан зардап шеккен арыстықтарға ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауды бастап кетті. Қазіргі уақытта ұйымдар мен еріктілер бастамасымен 10-нан астам гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды.

Мемлекеттік қызметкерлер, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы, дәрігер­лер біркүндік жалақысын аударды. Nur Otan партиясы Маңғыстау облыс­тық филиалы жанынан Арыс қала­сына гуманитарлық көмек көрсететін жұ­мысшы тобы құрылды. Оның құрамына пар­тияның облыстық, қалалық, аудан­дық филиалының қызметкерлері жұ­мыл­дырылды. Бұл жұмысқа облыс­тағы бастауыш партия ұйымдары да тар­тылмақ. Бұған қоса, партияның об­лыс­тық филиалының ұжымы біркүн­дік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады. Филиал төрағасының бірі­нші орынбасары Елубай Әбілов қиын­дықты жеңудің жолы бірігу екенін айтты.

– Арыстағы төтенше жағдай зардаптарынан көз жұмған отбасына көңіл айтамыз. Сондай-ақ жарақат алғандар тез арада сауығып отбасына оралады деп сенеміз. Ал балаларын жоғалтқан ата-аналар болса, жақын арада балаларымен қауышуын тілейміз. Кез келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Арыс қаласында орын алған жағдай барша қазақстандықтарды біріктірді. Біз, Маңғыстау облысының тұрғындары, ойымызбен және жүрегі­мізбен сіздермен біргеміз. Алдағы уақытта барлығы жақсы болады деп сенеміз, деді Е.Әбілов.

– Арыстағы жағдайды естігеннен кейін назарымыз сол ағайындарда болып тұр. Барлығымыз да уайымдап, алаңдап отырған жайымыз бар. Осы хабарды ести сала қол қусырып отырмай өңірдегі жастар ұйымдары, еріктілер тобы, басқа да белсенді жастар Арыстағы аға­йын­дарға көмек көрсетуге дайын. Қазір­дің өзінде есепшоттар ашылып, WhatsApp желісінде чаттар құрылып, кәсіпкерлер де мүмкіндігінше қаржылай немесе заттай көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді, деді «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай.


Бақытгүл БАБАШ – АТЫРАУДАН:

Атырауда 20 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Оның ішінде азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттар бар. «Дина» сауда орталығы директорының айтуынша, мұнайлы өңірден алғашқы гуманитарлық жүк 25 маусым күні аттанды. Көмекке сауда орталығын жалға алып отырған 100-ден астам кәсіпкер қатысты.

– Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қолдауға және тұрғындарға көмек көрсетуге шақырды. 20 тонна қажетті жүк жиналды. Қазір барлық жүкті тиеп жатырмыз. Бұдан бөлек, БАҚ жариялаған банк шоттарына қаражаттарын аударуда, дейді «Дина» сауда орталығының директоры Нұрлан Тәуекел.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек ретінде Атырау облыстық әкімдігі мен жергілікті атқарушы ор­гандардың барлық ведомстволық меке­мелерінің қызметкерлері біркүндік жа­л­ақыларын аударады. Сонымен қатар Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының ғимаратында қабылдау бөлімшесі ашылды. Ол жерде бастапқы тұрмыстық қажеттіліктер, киім-кешектер жинақталып, гуманитарлық көмек ретінде Арыс қаласына жіберілуде. Облыстың кәсіпкерлері де белсенділік көрсетіп, арыстықтарға қаржылай көмектесу үшін қаражат жинап жатыр.


Қайрат ӘБІЛДА  ҚАРАҒАНДЫДАН:

Қарағанды өңірінде облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің қызметкерлері біркүндік жалақыларын Арыс қаласының алапат жарылыстан зардап шеккен тұрғындарына көмек ретінде аударады.

Сондай-ақ көмек қолын созуға ниет та­ныт­қан азаматтар үшін Қарағанды қа­ласы, Әлиханов көшесі, №4-үйдегі Nur Otan пар­тиясының филиалы базасында ар­найы пункт ашылып, жұмыс істей бас­­та­ды. Қазіргі таңда бірнеше телефон нө­мір­­лері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр.

Қарағанды облысы әкімдігінің бас­тамасы бойынша Арыс қаласына 10 тонна гуманитарлық жүк жөнелту шарасы ұйымдастырылды. Азық-түлік тағамдарын, бірінші қажеттілік тауарларын, жеке бас гигиенасы заттарын жинау ісіне меценаттар, демеушілер және өңірдің қайырымды тұрғындары атсалысты.

Сонымен қатар облыстағы бірқатар мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары біркүндік еңбекақыларын Арыс қала­сының қиын жағдайға тап болған тұр­ғын­дарына көмек ретінде аударды.


Бақтияр ТАЙЖАН ҚЫЗЫЛОРДАДАН:

Сыр елінің гуманитарлық керуені Түркістан облысына жолға шықты. Төтенше оқиғаға байланысты Қызыл­ор­да облысы тарапынан арнайы авто­керуен жасақталып, 14,5 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 тонна сүт жіберілді. Сондай-ақ жер­гі­лікті атқарушы органдардағы 2083 мем­лекеттік қызметші біркүндік жалақы­сын аудар­мақ. Бұдан бөлек, зардап шек­кен­­дерге азаматтық қоғам өкіл­дері, кәсіпкерлер және жеке азаматтар да өз еріктерімен қолдау көрсетіп жатыр.

Темір жол стансаларында оқиға­ға орай кідірген 5 жолаушы пойызын­дағы 1200 жолаушыға ыстық тамақ пен салқын су тегін таратылды және 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Екі жолаушы пойызы («Москва – Бішкек», «Атырау – Алматы») «Сексеуіл» стансасы арқылы Жезқазған бағытымен Алматы, Бішкек қалаларына сапарын жалғастырды. Жолаушылар пойы­зының бағыты өзгеруіне байланыс­ты «Сексеуіл» стансасынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға межеленген жеріне жетуі үшін арнайы 14 вагондық стансааралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті. Шиелі стансасынан 82 жолаушыны Алматы қаласына автобуспен, 22 азаматты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көлік­термен жөнелту ұйымдастырылды. Соны­мен қатар Түркі­стан облысына Шым­кент қаласы­мен арадағы жолаушылар­ды тасымалдау үшін бес үлкен сыйымдылықты автобус жіберілді. Облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылып, кез келген уақытта түрлі көмек көрсетуге дайын тұр.


Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ – ОРАЛДАН:

Республикалық акцияға Батыс Қазақстан облысы да белсене қатысуда. «Апат туралы ақпарат жеткен алғашқы күні-ақ Оралдан құрылыс материалдары тиелген алғашқы керуен аттанып кетті» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Сәкенұлы. Акция аясында көптеген ұйымдар­дың қызметкерлері біркүндік жалақы көлемінде қаржылай көмекті жапа шеккендерге аудару жөнінде шешім қабылдады. Олардың алдыңғы легінде Орал қаласы әкімдігінің қызметкерлері, «Батыс су арнасы» ЖШС-нің 900 қыз­меткері бар.

«Біз барлық тұрғындарды, жастарды, еріктілерді апатқа ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге шақырамыз. Біздің отандастарымызға қолдау қажет!» дейді батысқазақстандық еріктілер.

Орал қаласында үш жерде: Н.Назар­баев даңғылы бойындағы №188-үйдің бірінші қабатында, Қадыр Мырза Әлі көшесіндегі №18-үйде орналасқан «Бастау» коворкинг орталығында және Ж.Молдағалиев көшесінің №19-үйінде арнайы орталық ашылып, жұмыс істеуде. 25 маусым күні түс ауа Орал қаласынан 30 тонна гуманитарлық жүк тиеген тағы бір керуен Арысқа қарай бет алды. Көмек көлігінде 6 тонна ұн, 2 тонна макарон өнімдері, 2 тонна өсімдік майы, 5 тонна тауық еті, балалар киімдері, т.б. қажетті заттар бар. Бұл «Белес-Агро», «Теректі май комбинаты», «Күбілей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты» секілді ірі кәсіпорындар ұсынған алғашқы көмек.


Азамат ҚАСЫМ – ӨСКЕМЕННЕН:

Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында Шығыс Қазақстанда арнайы штаб құрылды. Аймақ басшысы жетекшілік ететін штаб құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, БАҚ өкілдері мен қоғамдық бірлестік өкілдері енді. Облыс әкімдігінде селек­торлық режімде өткен брифингте Даниал Ахметов өңір тұрғындарын, ай­мақ­тағы ірі кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерді Арыс халқына қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды. «Жиынға мемлекеттік қызметшілермен қатар бизнес өкілдері мен журналистерді де шақырдым. Жерлестеріміз арыстық­тардың қайғысына бейжай қарамайды деп сенемін. Кәсіпорын басшылары өз ұжымдарымен кездесіп, әріптестерін қиын жағдайға душар болған ағайынға жәрдемдесуге шақыруы тиіс. Барлық жұмыс ерікті түрде жүргізілуі керек. Қазір апаттан зардап шеккен отбасы­лардың балаларын Шығыс Қазақ­стандағы лагерьлерде демалту мәселесін қарастырудамыз», деді облыс әкімі.

Қазір Шығыс Қазақстанда гумани­тарлық көмек көрсету пункттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. 24 маусым­да Өскеменде Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында (Қасым Қайсенов көшесі, №121) ашылған пунктте гигиеналық заттар, консервілер, дәнді дақылдар мен макарон өнімдері және жеміс-жидектер, су, балаларға ар­налған киім-кешектер, көрпе және көр­­пешелер қабылданады. Филиал төр­­­ағасының орынбасары Олег Чугун­ков­тың айтуынша, жиналған заттар қысқа мерзімде Арысқа жөнелтіледі.

Кеше облыс орталығындағы Халифа Алтай мешіті «Шығыс Арыспен бірге» қайырымдылық акциясын бастады. «Облыстық мешіт пен аудандық мешіттер әртүрлі көмек түрлерін қабылдап, Арыс тұрғындарына жөнелтуге әзір» дейді ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай.

Сонымен қатар облыстағы барлық Жас­тар ресурстық орталықтарында (олар­дың саны – 20) гуманитарлық көмек қабылданып жатыр. Өскемендегі гу­ма­нитарлық көмек көрсету штабы По­танин көшесі, №27/1 мекенжайында орналасқан.


Өмір ЕСҚАЛИ – ПЕТРОПАВЛДАН:

Қызылжар өңірінің тұрғындары да жантүршігерлік оқиғаға ортақтасып, зардап шеккендерге қол ұшын беруге тас-түйін әзір екендіктерін білдірді. Алғашқылардың қатарында кәсіподақ мүшелері қызу үн қосты. Облыс­тық кә­сіподақ кеңесінің төрағасы Ерік Нұра­қаев шұғыл түрде үйлестіру кеңе­сінің отырысын өткізіп, кез келген көмекке мұқтаж отбасыларға қар­жылық, моральдық қолдау көрсетуді аза­маттық парызы санайтындарын айтты. Өзге де тұрғындар біркүндік жалақыларын аударумен қатар басқа да материалдық жағынан қол ұшын беретіндерін жеткізді. Сонымен қатар арнайы штаб құрылып, салалық, бас­тауыш кәсіподақ ұйымдарына үндеу қабылданды. Онда қандай қиын жағдайда да рухы биік, бірлігі мықты, достыққа адал қазақстандықтардың бірге болатыны, кез келген қиындықты бірлесіп көтеріп алатыны айтылған.

Полиция департаментінің басшы­лығы мен жеке құрамдары да Арыс қаласы тұрғындарының айтып келмеген қайғысына ортақтасып, зардап шеккендерге қаражат жинауды бастап кетті. Мұндай бастамашылдықтарды басқа да департамент, ведомство ұжымдары, кәсіпкерлер, жекелеген адамдар қолдап отыр.

Nur Otan партиясы қалалық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тікелей жетекшілігі­мен жедел штаб іске кірісіп, гуманитар­­лық көмек көрсету пункті қалалар мен аудан­дарда құрылғанын айтты. Зардап шеккендерге 100 тоннаға жуық дәрі-дәрмек, азық-түлік қоры, құрылыс мате­риал­дары жиналып жеткізілетін бола­­­ды. Jas Otan жастар қанатының мүше­­­­­­лері де арыстықтарға бір миллион теңге аударды.


Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ  ТАЛДЫҚОРҒАННАН:

Талдықорғанда «Жетісу Арыспен бірге!» деген атаумен қайырымдылық акциясы басталды. Облыс орталығында гуманитарлық көмекті қабылдау пункті шамамен бір ай көлемінде таңғы сағат 09:00-ден кешкі 21:00 аралығында жұмыс істемек. Қолдау акциясын ұйым­дас­тыру­шылар Алматы облысының атынан Арыс қаласына гуманитарлық керуен бара­ты­нын мәлімдеді. Қазір зардап шеккен арыс­тықтарға берілетін ең қажетті зат­тар­дың тізімі дайындалған. Оның қатарында консервілер, дәнді дақылдар, макарон өнімдері, минералды су және балаларға арналған киімдер мен көрпе­жастықтар бар.

Сондай-ақ жетісулық мемлекеттік қызметшілер бастамашы болып, бір күндік еңбекақыларын қоғамдық қорға аудару басталды.

Ал Алматы облысының әкімдігі Арыс қаласынан 150 баланы Жетісудің емдеу-сауықтыру орындарында тегін демалуға шақыратынын мәлімдеді.