деген тұжырым мемлекеттік комиссия отырысында нақтыланды
Газетімізде бұған дейін Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы тасқынға байланысты орын алған жай айтылған еді. Мемлекет басшысының аталған елді мекендегі қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру мен зардаптарын жою, тұрғындарға қажетті көмек көрсетуді ерекше тапсырғаны және бақылауға алғаны белгілі. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев дүйсенбі күні Жетісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, тасқын болған аймақты тікұшақпен аралады. Бұдан соң Қызылағаш ауылындағы Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі және Астанадан келген министрліктер мен агенттік, басқа да қызмет саласының басшылары су тасқынынан зардап шеккен ауылды аралады.
Аталған ауылдағы жедел штабта олар су шайған және тұруға жарамайтын үйлердің орнына салынатын үш бөлмелі жеке үйлердің жобаларымен танысты. Тұрғын үйдің пайдалы алаңы 80 шаршы метрді құраса, оларды абаттандыру мен инженерлік коммуникация, үй жанындағы басқа да тұрмысқа қажетті құрылыстарды қосқандағы бағасы 7-9 млн. теңге аралығында болады деп топшыланып, тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайлар ескерілген. Қызылағаштағы тасқын салдарынан келген шығын шамамен 7 млрд. теңгеден асады деп болжануда. Бұл жөнінде комиссия отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов мәлімдеді.
Су тасқыны әкелген зардап көлемін көрген Әсет Исекешев Премьер-Министрдің екі бірдей қаулыға қол қойғанын, Үкіметтен 600 млн. теңге бөлінетіндігін, екіншіден Ақсу ауданындағы төтенше жағдайларды жою мақсатында материалдық резервтен құндылықтарды босату туралы мәселенің шешілгенін ортаға салды. Мемлекеттен бөлінген қаржы Қызылағаш пен Егінсу елді мекендеріндегі төтенше жағдай салдарын жоюға бағытталады. Сонымен қатар, аталған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау Қаржы министрлігіне міндеттеліпті. Сондай-ақ, облыс әкімі мен тиісті сала басшыларына ауа райының күрт жылынуы мен ылғалдың мол түсуіне байланысты Ақешкі су қоймасында да қауіпті жағдайдың алдын алу шараларын мұқият жүргізуді міндеттеп, наурыз айының 17-сіне дейін қираған және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер жайлы толық мәлімет жинау, мемлекет тарапынан бөлінген әлеуметтік жәрдемақыларды тасқыннан зардап шеккендер түгел алуын қамтамасыз ету күн тәртібіне өткір қойылды.
Тасқыннан зардап шеккендерге байланысты жұмыстарды жеделдетуге алғашқыда қираған тұрғын үйлер мен көшелердің кедергі болғанын, енді осы жұмыстарды жеделдету және ауылдағы электр жарығы, жол жөндеу мәселелерінің атқарылатынын Төтенше жағдайлар министрі В.Божко баяндады. Қалыптасқан жағдайға байланысты ұйымдастыру жұмыстарының тиянағы келтіріліп, халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, өзге де қайырымдылық шараларын көрсетуде әзірге мәселе жоқ. А.Баталовтың баяндауынша, Қызылағаш, Егінсу, Көлтабан, Алажиде, Ақтоған ауылдарында 686 тұрғын үй салынуы керек. Әр үйге қажетті қаржы белгілі болса, бүгінде 40-тан астам құрылыс компаниялары жұмысты бастауға әзір.
Қалпына келтіру жұмыстарына байланысты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі апат болған аймақтағы басқа да жүктелген міндеттерді орындау жайында түсінік берді. “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының вице-президенті облыс аймағындағы Сарыөзек пен Үштөбенің арасында селден болған жағдайдың аз уақытта қалпына келтірілетініне тоқталды. Уақытша жүк және жолаушылар пойыздары қаңтарылған. Соған қарамастан жолаушылардың тиісті жеріне жетуіне жағдай жасалып, акционерлік қоғам Алажидедегі сел әкелген зардаптарды таяу күндері жөндейтінін алға тартты. Қызылағашты жайпаған тасқынның аумағының ені 20-30, ұзындығы 50 шақырымды құрайды екен. Осы көлемнің 20 шақырымындағы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде тағы да 3 адамның мәйіті табылып, тасқыннан мезгілсіз көз жұмғандар 37-ге жетті.
Жиынды қорытындылаған Премьер-министрдің орынбасары Елбасының тасқын зардабының себеп-салдарын анықтауға, кінәлілерді жауапқа тарту жөніндегі тапсырмасына қатысты жұмыспен құқық қорғау органдары жан-жақты айналысатынын да ескертті. Мәселенің беті ашылып, Қызылағаш ауылындағы адамдардың өліміне әкелген жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, ауылдық округ әкімі, облыстағы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, Ақсу ауданы төтенше жағдайлар бөлімшесінің бастығы, “Шынар” ЖШС директоры және құрылтайшысы, арнайы су пайдаланушылары өндірістік кооперативтің атқарушы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша қамауға алынды. Тергеу жалғасып, сараптама тағайындалған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тергеудің Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің тікелей бақылауына алынғанын да айтқан жөн.
Апаттан бергі кезеңде оның басы-қасында жүрген облыс әкімі Серік Үмбетов халықтың қайғысын көп болып бөліскенде ғана сейілетінін, қолдан келгенді жасау қажеттігін жеткізді. Облыс әкімдігі тарапынан Ақсу ауданындағы төтенше жағдайға байланысты қайтыс болған әр адам үшін 500 мың теңге ақшалай көмек көрсетілуде. Сонымен қатар бірде-бір отбасы көмексіз қалмаса, тасқыннан зардап шеккен әр тұрғын Үкімет тарапынан 121 мың теңге көлемінде көмек алатын болды.
Сонымен қатар өңірдегі тасқыннан зардап шеккендерге қолұшын беру жөніндегі қайырымдылық есепшоты ашылып, алғашқы қаржы келіп түсуде. Жерлестерінің қайғысына ортақтасқан Жамбыл ауданының жұртшылығы дүйсенбі күні 2,5 млн. теңге ақшалай қаржыға азық-түлік, киім-кешек, балалар киімі, көрпе-төсекті тікелей Қызылағашқа жеткізсе, бұдан кейін Алакөл, Қарасай, Панфилов, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары да қолдан келген көмектерін, ақшалай қаржыларын аударды. Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкерлері құрылыс материалдарын тегін жіберуге шешім қабылдапты. Басқа да жұртшылық өздерінің қол ұшын беруге дайын екендіктерін білдіруде.
Кеше Қызылағаш ауылында тағы да жедел отырыс өткізіліп, қысқа мерзімде апаттан кейінгі көшелерді тазалау, ретке келтіру шараларын мұқият жүргізу барысы ортаға салынып, міндеттер нақтыланды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.