Руханият • 26 Маусым, 2019

Аманбай мен Жаманбай

938 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Сайын дала Сарыарқаның бір бүйірінде жатқан Қарқаралының ұлт тарихындағы айрықша орны туралы аз жазылған жоқ. Ғажайып табиғаты қандай көркем болса, Қарқаралының тарихи тұлғаларының да тағдыры күрделі болып қалыптасты. Сондай асылдан туған арда азамат, алаштың айбоз ұлы Аманбай Шегіров жайлы әңгіме өрбітпекпіз. Ғасыр басындағы ділгір мамандық дәрігерліктің оқуын оқып, туған халқының дертіне шипа іздеген абзал жан, саналы ғұмырын сан алуан ауру-сырқаттың жанында өткізген, осынау ұлы кәсібін өлгенше сүйіп өткен есіл ер жайлы қанша айтып жазсақ та, артық болмайды.

Аманбай мен Жаманбай

Аманбай Шегіров туралы қарағандылық өлкетанушылар Е.Мұстафин мен Ю.Поповтың зерттеу еңбектерінде тың мә­лі­­мет­тер бар. Сонымен қа­тар оның бір топ адаммен түс­кен фо­тосуретін және інісі Н.Ыбы­раевтың қолымен жазыл­ған қысқаша өмірбаянын сақтаған көрнекті ғалым, абайтанушы­ Қайым Мұхамедхановтың архи­він­дегі беймәлім деректер, ал Алаш қозғалысымен байланысы жайлы, ұлттық лидер 
Ә.Бө­кей­ханмен араласуы туралы белгілі ғалым Сұлтан Хан Ақ­құлы құрастырған «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары» көп­томдығындағы жекелеген хаттар дәлел бола алады. Қалай болғанда да, бұл мақаланы жазу барысында негізінен қарқаралылық өл­кетанушы Ерлан Мұстафиннің зерттеу еңбектеріне басымдық беріледі.

 

Қараағашта туған ұл

Аманбай Шегірұлы Арғын­ның ішіндегі Әйтімбет руынан шығады. Әйтімбеттің Дулат, Байғұлы, Байғозы, Тілеуке деген аталарының ішіндегі Байғозыдан Шегір туады. Мекені бүгінгі әкім­­шілік-территориялық бөлініс бойынша, Қарқаралының шеткі ауылы Бақтыға тиесілі жерлер болған. Тұлға өмірі жайлы көп ізденіп, зерттеулер жүргізген Ерлан Мұстафиннің дерегінше, Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінің Қызылшілік-Қараағаш Кент болысында­ 1881 жылы 24 шілдеде Шегір әулетінде Аманбай есімді ұл дү­ниеге келеді. Отбасында Жаман­бай, Ыбырай деген екі ұл және Үрімбала есімді қарындасы бол­ған екен.

Аса көрнекті ғалым, қазақ та­рихындағы сталиндік репрес­сияның үшінші толқынында жазықсыз қуғындалып, түрмеге түс­се де, қайтпаған қайсар тұлға Қайым Мұхамедхановтың же­ке мұрағат қоры – сан алуан та­қырыпты, әсіресе құпияға толы Алаш кезеңін зерттеушілер үшін жасырынған алтын көмбе сынды. Тұрсын Жұртбай мырза «Абай­дың інісі, Алаштың ірісі» деп бағалаған ғұламаның тау сілеміндей мол мұрасының арасында Шегірдің Ыбырайынан тарайтын Нұрпейістің хаты сақ­талған. Кейіпкеріміздің балалық шағы, алғашқы оқуы жайлы де­ректі осы жалғыз хаттан (1984 жыл­ғы 8 тамыз) біле аламыз: «Ол 1906 жылы Том медицина техникумын тәмамдайды. Болыстық басқару кезінде екі жасөспірімді жоғары медициналық оқу орнына түсуге рұқсат қағаз беретін. Он­дай мүмкіндік негізінен бай­дың немесе болыстың отбасына ғана берілетін. Сол кезде ба­ланы ресейлік губернияға оқу­ға жіберетін болса, шоқынып ке­теді деген көзқарас болған. Сон­­дықтан көп жағдайда байлар бұдан қашып, кедейдің балаларын беріп жіберетін болған. Міне, дәл сол кезде Шегірдің екі баласы: Жаманбай мен Аман­байдың жасы келіп тұрған еді. Сондай таңғажайып таңның бі­рінде болыстық басқарушы Спан Жанақов менің атам Ше­гірді өзіне шақырып, былай деген: «Біз сенің Жаманбай мен Аманбайыңды орыстың Том қаласына оқуға жіберейік. Сен кедей болғандықтан, біз көмек­тесейік деп шештік. Оқу жылының аяғына дейін біз 3 қой, 2 ешкі, жоғары сорттағы ұн, 25 рубль береміз. Басқалай көмектесе алмаймыз. Егер бұған келіспесең, біз сенің екі ұлыңды мәж­бүрлі түрде оқуға жібереміз». Атамның басқа мүмкіндігі қалған жоқ, ол келісімін берген. Көзінен жасы сорғалап, ол екі ұлын 1901 жылы Том қаласына жібереді. 1906 жылы оқу аяқталған соң екеуі де Қарқаралыға қайтып келеді».

Осылайша ғайыптан бұйыр­ған бақ ағайынды екеудің өмір жолын өзгертті, туған еліне жақ­сылық жасап, шапағат дәнін себуге ынталандырды. Қарқаралы жеріне оралған ағайындылар медицина мен орман шаруашылығы саласында белсенді қызмет етуді бастады.

Аманбай Шегіров Қарқаралы ауруханасын, сонымен қатар бір мезетте қалалық денсаулық сақтау бөлімін де басқарған, дейді деректер. Н. Ыбыраевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «1917-1922 жылға дейін Қар­қаралы денсаулық сақтау басшылығын басқарды. Ал 1922-27 жылға дейін Қарқаралы қалалық ауруханасын, ал 1927-1930 жылға дейін Қарқаралы қаласының дәріханасын басқар­ды». Ал 1930 жылдан соң Аман­бай отбасының тағдыры басқаша қалыптасады, неге екені белгісіз, атамекеннен қоныс аударып, Ал­матыға көшеді. Алматыда қа­лалық ауруханада дәрігер болып қызметке кіріскен ол 1934 жылға дейін осы қызметті атқарыпты. «1934 жылдың шілдесінен Ден­саулық сақтау министрлігінің мектепке дейінгі және балалар үйі бөлімінің меңгерушісі қыз­метіне ауысады», деп жазады 
Е.Мұс­тафин.

«Адамның басы – Алланың добы» деген. Бұдан соң жолдама бойынша Аманбай Шегіров Қызылордаға қызмет ауыстырады. 1936 жылдан 1942 жылға дейін балалар үйінде меңгеруші болып қызмет атқарады. Өзіне қаралған жанның барлығының ақ алғысын алған абзал жанның өмірінің соңғы жылдары Семей жерінде өтеді. Ол 1942 жылдың қарашасынан бастап Жаңасемей мүгедектер үйінің басқарушысы болып орналасыпты. Ғұмырының соңғы демі таусылғанша осы қыз­метті атқарған екен. Том ме­ди­циналық техникумының түлегі, қазақтың қайырымды қолы, ақ жүректі фельдшер Аманбай Шегіров 1947 жылы 1 мамырда қайтыс болып, Семей шаһарында жерленген.

Жүрегі мейірімге толы, әр­бір емделушіге артық ықылас қойып емдейтін білгір маманның кәсіби қызметі жайлы баласындай болып кеткен інісі 
Н.Ыбы­раев: «…Көптеген ауыр нау­­­­қастар жазылып кететін, оған тіпті респуб­ликадан тыс өңір­лерден де науқастар келетін. Диаг­нозды ол аурудан сұрап біл­мейтін, нау­қастың тамырын ұстап анықтайтын. Сол бойынша рецепт жазып беретін. Аманбай ағаға қаралған науқастың 99%-ы жазылып кететін. Науқастар разы болатын. 1906 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол денсаулық саласындағы жаңа­лықтарды насихаттады. Ол нау­­­қастарды ешқашан кейінге қалдырмайтын, қақаған аязда, түтек боранға қарамай, науқас­тарға баратын. Еш уақытта бас тарт­қан емес», деп тебірене еске алады. Тіпті, науқастарды өз үйінде қабылдату үшін сол кез­дегі Семей қалалық партиялық ке­ңес органының рұқсатын да алған көрінеді.

 

Ғасыр басындағы қарбалас

 Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылып, ғалым­ның қызы профессор Дина Қайым­қызы ұсынған тарихи фо­то­суреттегі ерекше болмысты 
А. Ше­гі­ровтің тұлғасы зерттеуші ретінде мені көп қызықтырды. Осы аталған суреттің сыртқы бетін­де ғұлама ғалым өз қолымен «Аманбай ? Жаманбай Шегіров» деп толтырған екен. Ал алдыңғы негізгі бетте араб графикасымен «جامانباي» деп жазғаны анық байқалады. Демек, ағайынды екеу­­дің нақты қайсысы болуы мүмкін екендігіне ғалымның кү­мәні болған секілді. Семей шәрінде тасқа басылған тарихи сурет 1911 жылы түсірілген делінсе, 1905 жылы бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қатарында тұрғаны даусыз аң­далады. Алғашында бұл толқуға Алаш қайраткерлерімен бір сап­тағы, кейін қарсы жақтағы Көл­бай Төгісов, Нұрғали Құлжа­новтармен қатар отырған Аман­бай Шегіровтің бекзат болмысы, ерекше стильдегі киімі, әсем оты­рысы өз заманының айтулы азаматы болғанын көрсететіндей. Сақал-мұртын сәндеп басып, еуропалық үлгідегі киім киісі­нен өмір сүрген қоғамының маң­дайалды тұлғасы болғанын білу қиын емес.

1910 жылы шыққан «Семипа­латинские областные ведомос­ти» газетінің № 39 санынан­ 1911 жылғы Қарқаралы уезі алқа­би­лерінің тізімінде Аманбай Шегір­ұлының есімі аталады. Тағы бір тарихи деректе Қарқаралы уез­дік фельдшерлер қоғамының оты­рысы өтіп, хаттамасы тол­ты­рылғаны жазылады. 1917 жыл­дың 10 наурызында өткен жиында Аманбай Шегірұлы делегат болып қатысып, кейін уез­дік фельдшерлік қоғамның төрағасы болып сайланған. Қоғам мүшелері арасында Мұхамедия Оспанов, акушер Шегірова (Аман­байдың әйелі – Бәлішкен), Қарқаралы станциясының фельд­шері Владимир Зотов, Төлеубай Шонтин, Әсет Сембаев, т.б. бол­ған делінеді.

Ал белгілі өлкетанушы Юрий Поповтың деректері бойынша, 1917 жылы Қарқаралы уездік қазақ комитеті құрылуы жайлы тарихи маңызды құжаттарда да Шегіровтің есімі кездеседі. Аталған уездік комитетті құру үшін Семейдегі мұғалім Нұрғали Құл­жанов және Николай Ва­сильевич Вайсер екеуі комис­сар ретінде Қарқаралыға жі­бері­леді. Оларға бұл жауапты­ шаруа сеніп тапсырылады. 15­ нау­рыз күні Қарқаралыға жет­­кен комиссарлардың алдын­да жергілікті халықты Уақытша үкі­метке сенім артуға шақыру міндеті тұрды. Нұрғали Құл­жанов Аманбайдың үйіне, Вай­сер Игнати Бабиннің үйіне ке­ліп түскен. 1911 жылы Семей шаһа­рында иық тіресіп суретке түскен бұл екеудің жолы Қарқаралыда тағы түйіседі.

1917 жылғы 5 наурызда­ Семейде облыстық атқару коми­тетінің қоғамдық ұйымдар ко­митеті құрылса, келесі күні, яғ­ни 6 наурыздан Қарқаралыда уез­дік қазақ комитетінің жиында­ры ұйымдастырылып, оған 23 болыстан делегаттар қатысқан. Комитет мүшелерінен құрылған кеңестің төрағасы Жақып Ақпаев болса, орынбасар бастығы Нар­манбет Орманбетұлы, кеңес хат­шысы Смайыл Бектенов, хатшы көмекшісі Ахмет Бектібаев сайланады. Осы кеңес президумы мүшелерінің қатарында Ақайдың Хасені, Нығмет Нұр­мақов, Смахан Бөкейханов се­кілді белгілі тұлғалармен бірге біз­дің кейіпкеріміз Аманбай Ше­гіровтің де есім-сойы анық жазылған.

«Қарқаралы уездік қазақ президиумы мүшелерінің бірінші хаттамасын Жақып Ақбаев тол­­тырған» дейді өлкетанушы Е.Мұстафин. Оның ойынша, Шегіров пен қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш Орда ұлт­тық үкіметінің мүшесі, заң ма­гистрі Ақпайдың Жақыбымен байланысы жақсы арнада өр­бігенін баса айту керек. Екеуі де­ Бекметевтер әулетінен қыз алып отырғанына қарасақ, бажа ре­тінде де жақсы араласуы әбден мүмкін.

Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінде уездік аурухана мен амбулатория жұмыс істеп тұрған. Кедей болысында фельдшерлік пункт тұрақты түр­де ашылса, 3 фельдшерлік пункт жылжымалы жүйеде қызмет атқарған. 1926 жылғы деректерге сүйенсек, Қызылеспеде аурухана ашу және Кент болысында То­қырау халқы үшін 2 амбулатория ашу жоспарланған. Медицина қызметкерлерінің штаты да көп болмаған: денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, қалалық және разъездік дәрігерлер, 2 лек­пом, 1 акушер, 1 мейірбике, 2 ауруды күтуші, 1 ас пісіруші әйел және 1 күзетші. Болыстық жерлерде шешекке қарсы егуші ретінде тағы 4 және 6 адам жұ­мыс істеген.

Ел аузында сақталған әңгі­мелерге қарағанда Қарқа­ралыда Аманбай Шегіров­тің еңселі ағаш үйі болған және ол аумақтағы ал­ғашқы дәріхананы да осы үйінен ашқан деседі. Осындай нақты фак­тілерге құрылған деректер мен ауызша мәліметтерді саралай келе, 1917 жылғы Қарқаралыда адам тәні-жанын емдеумен қатар, қоғамды да сауықтыру ісінде Аманбай Шегіров қатыспаған оқиға жоқ екенін байқаймыз.

 

…Көптеген ауыр нау­­­­қастар жазылып кететін, оған тіпті респуб­ликадан тыс өңір­лерден де науқастар келетін. Диаг­нозды ол аурудан сұрап біл­мейтін, нау­қастың тамырын ұстап анықтайтын. Сол бойынша рецепт жазып беретін. Аманбай ағаға қаралған науқастың 99%-ы жазылып кететін. Науқастар разы болатын. 1906 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол денсаулық саласындағы жаңа­лықтарды насихаттады. 

Әлихан артқан сенім

Дәрігерлікті жаны қалап сүй­сіне қызмет атқарған Аманбай Шегіров ұлт зиялыларының ба­сын бір жерге жинап, саяси көз­қарасы мен ерекше қабілетінің ар­қасында көшбасшыға айналған Әлихан Бөкейхан екеуі тығыз байланыста болған. «Қазақ да­ласындағы бүкіл діни-саяси қоз­ғалыстың басшысы» ретінде си­пат­талған Ә.Бөкейхан 1906 жылғы 8 қаңтар күні Павлодардан Семейге баратын жолда ұсталған. 15 сәуірге дейін ол Павлодар түрмесінде отырды. Ол түрмеде отырып Мемлекеттік Думаның мүшесі А.М.Колюбакинге хат жа­зады. Аталған хаттық толық мәтіні ғалым Сұлтан Хан Жүсіп құрастырып шығарған Әлихан Бөкейхан шығармаларының 5-томының 46-бетінде тұр.

Құрметті Александр Михайлович!

Черносотеншілерден (қара­­­­жүздер) құтылғаныңыз үшін шын жүректен қуаныштымын. Хат­тың 14-бетіндегісін «Наша Жизнь» газетіне шығаруыңызды сұраймын. Басқа да сондай газет­тен маған қырсық кездескенін байқайсыз.

Мен К.Д. Мемлекеттік дума­ға кандидат ретінде съездің орны­на түрмеге түстім. Менен князь Д.И. Шах.-қа дұғай сәлем.

 

Қолыңызды қыстым.

Ә. Бөкейхан.

Хаттың соңғы жағында Алаш­­тың арысы хаттың жіті қа­да­­ғаланып отырғанын ескерте келіп, «Егер хат жазғыларыңыз келсе, онда былай жазыңыздар: Павлодар. Медициналық фельд­шер Аманбай Шегіровке, іші­не Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға. Мемлекеттік Думада жолыққанша» деп аяқтайды. Демек, осы хатты түрмедегі Бө­кей­­ханға жеткізуші, екі ортадағы делдал Аманбай Шегіров екеніне анық көз жетеді. Ішкі құпиялар жазылатын хаттарды сеніп тап­сыр­ғанына қарағанда Әлихан Бөкейхан медициналық фельд­шер А.Шегіровке сенген, көп үміт артқан.

Тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей Әлиханның лидерге айналуы көптеген қар­қаралылық жастардың жанарына үміт отын жақты. Ә.Бө­кей­­ханды аға тұтып, соңынан Әлім­хан Ермекұлы, Мұхамедия Оспанов, Жақай Байыров, Нығ­мет Нұрмақов, Мұстафа Шан­тин, Әубәкір Нұрманов, Имам Әлібекұлы, Әбжан Ноғаев, Қа­пал Қайсақов, Мәннан Тұрған­байұлы, Рақымбай Сапақов, Иманбек Тарабаев секілді қа­лың шоғырдың бел ортасында Аман­бай Шегіровтің болуы заң­дылық еді.

 

Тумаса да туғандай

Аманбай Шегіровтің алғашқы жары Бәлішкен Сәрсенбайқызы – Том қаласындағы медициналық оқу орнын бітірген дәрігер. Қар­қаралы уездік фельдшерлер қо­ға­­мы құрылғанда қатардағы мү­шесі болып қабылданған аку­шер­ка әйел осы кісі. Бәлішкен Ше­гірованың кәсіби қызметін адал атқара жүріп, өз еркімен жұ­мыстан шығып, мүгедектік ал­ғаны жайлы қарқаралылық өл­кентанушы Е.Мұстафиннің зерт­теулерінде жазылған. Ол 1930 жылдың 5 тамызында аку­шерлік қызмет көрсетіп жүрген Шегірова 1931 жылдың 20 ақ­па­нында ауырып, қызметтен босағаны және 5 күннен кейін мүгедектік тағайындалғаны жайлы архивтік материал ұсынады.

Аманбай Шегіровтың екінші әйелі Ділшат атақты татар көпесі Бекметевтер әулетінен шығады. Оның әкесі Ғұбайдолла қажы өз дәуірінің сыйлы кісісі, қадірлі ада­мы болыпты. Қарқаралыға мешіт салған Құнанбай, кейіннен Абай түсетін көк үйдің қожайыны Халиолла осы Ғұбайдолланың не­мере інісі еді. Қарқаралының бет­кеұстар азаматы деп білген ел-жұрт мәселесін шешу үшін оның үйіне жан-жақтан келіп жататын деп еске алады көзін көргендер. Ал Ділшат орта бойлы, арықтау келген, үй шаруасына мығым, тамақты өте дәмді әзірлейтін, киім тігіп, тоқитын ең­бексүйгіш адам болыпты. 1977 жылы 27 мамырда Алматыда қайтыс болып, Кеңсайға жерленген екен.

Жұрттың баласын өз баласын­дай қараса да, тағдыр Аманбайға перзент сүюді жазбапты. Аман­бай Шегіровтің баласы есепті інісі Нұрпейіс Ыбыраев Алматы ауылшаруашылық институтында білім алған. Оқу аяқталғанда оны майданға алып кетті. 5 жыл ол байланысшы болып қызмет етіп, көптеген әскери наградаларды иеленген. 1998 жылы Түрік­мен­станда қайтыс болды.

Ал Нұржамал бой жеткен соң Тәшім Бұхарбайұлы Мол­да­баев деген кісіге тұрмысқа шы­ғады. Біраз уақыт бойында Ташкент қаласында тұрған дей­ді. Нұржамалдың 1925 жылы ту­ған тағы бір қызын Аманбай асырап алып, оған «Искраида» де­ген есім береді. «Шегірова Ис­краида Аманбайқызы» деп жаз­ғызады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін жақсы бағаға бітірген Искраида 1965 жылдан бастап Алматы об­лыс­тық сотының мүшесі ретінде қызмет атқарған, 1970 жылдан 1985 жылға дейін Алматы об­лысы Қаскелең ауданының ха­лық сотының төрағасына дейін көте­рілген екен. 1985 жылы қайтыс болған.

Аманбайдың екі ағасы мен жалғыз қарындасы туралы деректер баршылық. Жаманбай мен Аманбай екеуі Том қаласына оқу­ға барғанымен, тегі бірдей екі баланы қабылдамайтынын біліп, ағасы әкесінің ағасының есі­міне орай «Мананбаев» деп аталады. 1877 жылы туған Жа­ман­бай Мананбаев Том ор­ман­ техникумын бітіріп, орман шаруашылығы технологы маман­дығын алып шығады да, Кентте орман технологы болып еңбек жолын бастаған. Боқты орман алқабының қо­рық­шысы ретінде 1909 жылдан қызметін жал­ғас­тырған ол 1912 жылы император ІІ Ни­колайдың Станислав лен­тасындағы «Ынта-жігері үшін» күміс төсбелгісімен марапатталыпты. Аштық жылдары ауыл­дан кетуге мәжбүр болған Жаманбайдың отбасы алыстағы Хабаровскіден бір-ақ шығады. 1941 жылы сонда қайтыс болады.

Үш ұлдың қарындасы Үрім­бала Құтпанбай деген азаматқа тұрмысқа шығып, одан Рақым, Нұрлан деген екі ұл көріпті. Осы Нұрланнан 1929 жылы туатын Әнел есімді апа қазір Астанада тұрады. Жасы тоқсанда.

ХХ ғасырдың алғашқы ши­ре­гіндегі алашшыл азаматтар кәсібіне адал берілгендігіне қа­рамастан, қоғамдық жұмыс­тармен де қауырт әрі қарбаласта айналысуына тура келді. Уақыт қысылтаяң шақта осындай діл­гірлікті талап етті. Ақ халатты аб­зал жан Аманбай Шегіров өмі­рінің қызулы шағы осы кезең бе деп тұжырымдауға келетіндей. Себебі Алаштың арыстары Әли­хан Бөкейхан, Ақпайдың Жа­қыбы, Смахан төремен бірге тізе қосып, иық теңестіріп, қатар қи­мылдап, қысқа уақыт шегіндегі ұлт тағдыры жолында қызмет сіңір­геннен артық бақыт болар ма, сірә.

 

Заңғар КӘРІМХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты