Қазақстан • 26 Маусым, 2019

ҰБТ сынағы қалыпты өтуде

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің аралық нәтижелері» тақырыбы аясында баспасөз-мәслихаты өтті.

ҰБТ сынағы қалыпты өтуде

Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев 20 маусымда елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғанын баяндап және оның аралық нәтижелерімен таныстырды.

«Тестілеуге өтініш берген 74 365 бітірушінің 71 227-сі қатысты. Бұл өтініш бергендердің 96 пайызын құрайды. Оның ішінде қазақ тілінде 56 684 бітіруші, орыс тілінде – 14 455, ағылшын тілінде 87 бітіруші тапсырды. 24 маусым күні ең жоғары нәтиже – 140 балға Түркістан облысы Сарыағаш ауданының түлегі, «Алтын белгі» иегері Жұбай Қасымжан Әділжанұлы қол жеткізді. Бүгінге дейін ең көп таңдалған комбинациялар: «Физика»+ «Математика». ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттілігі бар 21 балаға жеке аудитория, көмекші, сондай-ақ ымдау тілін білетін маман берілді. ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын бақылауды өңірлерге жіберілген министрлік өкілдері қамтамасыз етті. Барлық аудитория ұялы телефон сигналдарын басатын құралдармен және бейнекамералармен жабдықталды. ҰБТ өткізу пункттерінде бейнетрансляция көрсетілетін мониторлар орнатылып, ҰБТ-ның өту процесін бақылауға жағдайлар жасалды. Жоғары оқу орындары өздерінің ресми сайттары арқылы, youtube каналы арқылы онлайн трансляция жүргізді», деген Ә.Тойбаев Ұлттық тестілеу орталығының call-орталығына 546 қоңырау келіп түскенін тілге тиек етті.

«Сонымен қатар мемлекеттік комиссиялар ҰБТ өткізу пункттерінде ата-аналарға арналған күту залдарын, медицина қызметкерлерінің кезекшілігін, қоғамдық тәртіптің және қажетті қауіпсіздік шараларының, оның ішінде өрт қауіпсіздігі шараларының қамтамасыз етілуін ұйымдастырды. Тестілеу өткізу мерзімінде Ұлттық тестілеу орталығының call-орталығына 546 қоңырау келіп түсті. Тестілеу нәтижелері edu.mail.kz сайтында, @EDU.GOV.KZ bot – Telegram bot арқылы және Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылды. Бүгін сағат 13.00-ге дейін жергілікті жерлерде апелляциялық комиссия жұмысын жүргізуде. Республикалық апелляциялық комиссия да өз жұмысын бастады. Аталған апелляциялық комиссияға 111 өтініш келіп түсті, оның 63-і қанағаттандырылды. Жалпы, ҰБТ штаттық режімде өтуде», деп сөзін түйіндеді департамент директоры.


Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»