Спорт • 26 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда спорт колледжі ашылады

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов осылай мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстанда спорт колледжі ашылады

Құмар Іргебайұлы халықаралық байрақты бәсекелерде  ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар мен олардың бапкерлеріне ерекше құрмет көрсетіп,  грамоталар, алғыс хаттар мен  жарты миллион теңге  көлемінде ақшалай сыйақылар табыс етті. 

Қытайдың Сиань қаласында өткен Азия чемпионатында еркін күрес шебері  Нұрқожа Қайпанов алтын жүлдені жеңіп алды. 70 келі салмақта күресетін балуан ақтық сында жапондық Коджира Шигумен кездесіп, 9:0 есебімен жеңіске жетті. 20 жастағы спортшы ел күресі тарихындағы ең жас чемпион атанды.

Солтүстікқазақстандық велоспортшылар үздік екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Жандос Бижігітов пен Артем Захаров топтық жарыста биік тұғырдан көрінді.  Олар Ташкент қаласында өткен додада алдарына жан салмады. Наталья Сайфутдинова мен Махаббат Үмітжанова күміс жүлде алды. Алина Саркулова топтық веложарыста «қолаға» ие болды. Жеңіл атлеттер Маргарита Мұқашева мен Михаил Литвин жүгіруден қола жүлде алып, әлем чемпионатының нормативін орындады. 

«Өңір спортшылары  жыл сайын жеңістерін еселеп, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Демек, спорттық нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Біз болашақта да талантты спортшылардың  кәсіби тұрғыдан өсуіне  барлық жағдайды жасаймыз. Күзде дарынды балаларға арналған спорт колледжі ашылады. Бұл қадам өңірдегі спортты дамытуға үлкен серпіліс береді»,  деді Құмар Ақсақалов.