Руханият • 28 Маусым, 2019

Белгілі журналист Совет Шиманбай жайлы бір үзік сыр

756 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алтын бесік Ақтоғайдан шыққан қазақ журналистикасының дарабозы Совет Оспанғалыұлы Шиманбай еді. Өзі өмір бойы қызмет бабымен біреулерге телефон соғып, таныстырғанда: «Шиман­­байдың Советі», деп мағмұрланып, мар­қайып, бүркітше қомданып қалатын. Өзі отыз жыл қызмет еткен бұрынғы «Социалистік Қазақстан», бүгінгі аға газет «Егемен Қазақстандағы» әріптестері де осылай атап кетті.

Белгілі журналист Совет Шиманбай жайлы бір үзік сыр

* * *

Республикаға белгілі журналист Совет Шиманбаев Қарағанды облы­сының Ақтоғай ауданындағы әйгілі Қызыларай тауындағы Ақсораң шыңы­ның етегінде туды. Қызыларай тауы атақты Кент, Қарқаралы тауларымен жал­ғасады. Алты алаштың арысы Әли­хан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлім­хан Ермековтің кіндік қаны тамған киелі өлке ғой.

Сәбең ауылға жиі келетін. Әке-шеше­сінің көзі барда Жіңішкеге ат басын бұруды бір сәт те ұмытпайтын. 1970 жыл­дың жазы. Бала кезіміз. Бір күні шай үстінде «Спорт» газетін қолына ұстап, оқып отырған Мағұз ағам:

– Советтің де ауылға ат ізін салатын мезгілі болып қалды-ау, – деді. Сөйтті де:

– «Спорт» газетіне мақаласы жиі шы­ғып жүр, жақсы журналист, – деп бір қойды.

...Кейіннен бәрін де түсіндім. Тау бөктеріндегі Оспанғалы ақсақалдың жалғыз ұлы Совет көп кешікпей «Ленин­шіл жасқа» ауысты. Ағайым Мағұз рухани жан дүниесі бай адам болатын, газет-журналдарға көптеп жазылатын. Мен де құмарлана оқимын. Арманым журналист болу. «Лениншіл жастан» «Бұл күнде Тимур тренер» деген үлкен очеркті оқы­­­дым. Авторы Совет Шиманбаев, қызық­пай гөр. Көп кешікпей «СҚ»-ға ауысыпты, тағы бір тартымды очеркін оқыдым. Тақырыбы «Гималайдың күн сүй­ген шыңдары бар». Менің асыл ағамен жақындығым осылай басталған-тын.

Оспанғалы әкеміз, сол үйдегі Рыс­бала анамыз бар жиған-тергенін сақтап қояды. Жаз ортасында Совет ағаның отбасымен елге келуі дәстүрге айналған. Бірде Совет ағаның келгеніне өзім куә болдым. Мағұз ағаммен бірге ауылда қарсы алдым. Жақын келіп сәлем бердім. Аққұба өңді, әдемі жігіт ағасы, сұлу, көркем көрінді маған. Анам Са­қан, жеңгеміз Күләш Советке деп сақ­таған семіз қойын сойып, басын үйтіп, қонаққа шақырды. Сол күні Совет аға­ның оң жағында отырып, біраз сүйсіндім, қанаттандым. Мағұз ағам екеуі замандас еді, ұзақ әңгімелесті, сырласты.

Ол 1938 жылы дүниеге келген.


Бір кездері алақандай Ақтоғайдан шыққан бес журналист-ақын бір мезетте «Егемен Қазақстанда» істеді. Олар: осы Сәбең, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серғазы Мұхтарбеков, меншікті тілші Бағдат Мекеев еді. Олардың барлығы да Сәбеңді аға тұтты. 




* * *

Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы болып аяқастынан тағайындала қалдым. Бұрын бас ре­дакторлыққа талас-тартыс шиеленісті болатын. Орын бос тұр, ұсынды, келістім. Көп ұзамай Совет аға келді Алматыдан. Кабинетімде бірінші болып құттықтады. Екінші бір арнайы келіп құттықтаған оқымысты ағам Төлеуқадыр Тоқтамысов еді.

– Қоғамды түзеймін деп күйіп кетіп жүрме. Билік те, газет те ұстараның жүзі, абай бол. Газетің жақсы болуы үшін талантты журналистерді жаныңа жина, жақын тарт, – деді.

Ағаның айтқан ақыл-кеңесін шама-шарқым келгенше істеуге тырыстым.

* * *

Ағаның беделі таудай болды. Жарық­тық, «СҚ»-ның арқасы ғой деп отыратын. Өзі де көпшіл, ашық-жарқын еді. Жазған көсемсөздік материалдарын кітап етіп шығарды. Әкесі Оспанғалы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жұртшылық Шиме­кеңді Тоқырауын Ақ бидайының атасы дейтін.

Мектепті бітіргеннен кейін Ақтоғай аудандық «Қызыл ту» газетіне түрлі тақырыпта мақала жазады. Осы газетке қызметке қабылданады, кітапханашы болып еңбек етеді. Арман қуып Алматыға келеді. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп жур­налистік еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінен бастайды. Жақсы аға спорт тақырыбында түрлі-түрлі мәселелерді көтерді, ауыл спортының жандануына баса назар аударды. Өзі де спортпен үнемі, ұдайы шұғылданатын. Ал 1960 жылдардың соңына таман «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі бас редакторы, қоғам қайраткері, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза Совет ағаны өз редакциясына шақырып, спорт бөлімін басқаруды ұсынады.

* * *

Ақтоғайдан шыққан тұңғыш кәсіби журналист Совет Шиманбайдың есімін есте қалдыру үшін нендей әрекет жасалып жатыр? Әзірше, түк те жоқ. Біздің патша көңіл айтады. Сәбең еңбек жолын кітапханашы болып бастады ғой. Олай болса аудан орталығындағы, немесе Шабанбай би ауылындағы кітап­­ханаға Совет Шиманбай есімі беріл­се тіптен жарасып-ақ кетер еді. Бұл ұсынысымызды аудандық мәдениет саласының басшылары қолдайды, назардан тыс қалдырмайды деген ойдамыз.

Шабанбай би ауылы Сәбеңнің кін­дік қаны тамған атақонысы. Ел ара­­сы­­нан шыққан осындай жақсы мен жайсаң­дарды осы тұрғыда есте қалдыра аламыз.

Сәбең әр жылдары «Егемен Қазақ­станның» басшысы болған Сапар Байжа­нов, Көрік Дүйсеев, Әбіш Кекілбаев, Сарбас Ақтаев, Нұрлан Оразалин, Ержұ­ман Смайылов, Жанболат Аупбаев секіл­ді аға-інілерін құрметпен атап отыратын. Айтыс-тартысқа мүлде аралас­пайтын.

 – Сәбеңмен құрдас едім, сырлас едім, ақкөңіл болатын. Сонау 1960-жылдарда бір үзім нанды бөліп жедік. Қолы қалт еткенде елдегі әке-шешесіне тартып кететін. Туған ауылы Ақтоғайды өте-мөте ыстық көрді. Асқақтата мақтаудан жалықпайтын. Шынында да Ақтоғай мақтауға тұрарлық өлке ғой, – деп шат-шады­ман күй кешетін журналистиканың тарланбозы Нұрмұхан Оразбеков аға­мыз.

Сәбең елге келген сайын халқына еңбегі сіңген аяулы ағасы Мәкәрім Нұржігітовтің қара шаңырағына қарай мін­детті түрде ат басын бұратын, сәлем беріп, мауқын басатын. Ағалардың жара­сым­ды әзілдеріне сан мәрте куә болдық.

– Совет-ау, ана жазғыш, қаламы жүйрік Нұриддин Муфтах құдамызды ауылға бір алып келсеңші, әңгімелесейік, сый-құрмет көрсетейік, әділет жолында жүрген жігіт қой, жазғаны ұнайды, – деп отыратын.

Сәбеңнің үйіндегі жеңгеміз батыстың қызы болатын. Қарымды журналист Нұриддин ағамыз да батыстан. Сәбең бұл тұрғыда абыз жазушы, ғұлама Әбіш Кекіл­баев, талантты ақын Жұмекен Нәжі­меденов, атақты фотожурналист Сиез Бәсібековпен қадірлес, сыйлас болды. Оны да көзіміз көрді.

Бір кездері алақандай Ақтоғайдан шыққан бес журналист-ақын бір мезетте «Егемен Қазақстанда» істеді. Олар: осы Сәбең, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серғазы Мұхтарбеков, меншікті тілші Бағдат Мекеев еді. Олардың барлығы да Сәбеңді аға тұтты.

Бірде Алматыдан телефон соқты.

– Сен, «Орталықтың» Балқаштағы меншікті тілшісі емес пе едің, біздің сол өңірдегі тілшіміз Мағауия Сембаев облыстық газетке бас редактор болып кетті. Өзі Қарқаралының жігіті, дұрыс бала, – деп жүрек лүпілін жеткізген-тін.

Сол «дұрыс баламен» аралас-құра­лас­­­қанымызға да жиырма жылдан асып барады.

* * *

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Шиманбайдың Советі жайлы қысқаша айтпағымыз осы еді. Қадірлес ағаның бақиға кеткеніне біраз болды. Тағдырдың жазуына не шара, жеңгеміз Гүлім де келмес сапарға кетті. Соңында Арын, Арғын есімді ұлдары қалды. Өмірінің жалғасы – немерелері өсіп жатыр.

«Мен ғой, Шиманбайдың Советі», де­ген биязы үнін әрдайым сағынып жү­ре­мін.

Келмеске кеткен асыл ағалар-ай!


Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 Қарағанды облысы


Суретте: журналист Совет Шиманбай өмірлік жары Гүліммен бірге.