Кімнен жасырынады?
Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:10
Облыс орталығында облыстық прокуратураға арналған жаңа ғимарат бой көтерді. Лезде айналасына темір қоршау бітті. Бұрынғы ғимараты қоршаусыз, арызданушыларға есік ашық болатын. Сонда тіпті бұрынғы облыс прокуроры, қазір еліміздің Бас прокурорының орынбасары Нұрмахан Исаев бір айдың өзінде екі-үш реттен баспасөз өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап беретін. Қабылдауына бару керек болса да үнемі есік ашық еді.
Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:10
Облыс орталығында облыстық прокуратураға арналған жаңа ғимарат бой көтерді. Лезде айналасына темір қоршау бітті. Бұрынғы ғимараты қоршаусыз, арызданушыларға есік ашық болатын. Сонда тіпті бұрынғы облыс прокуроры, қазір еліміздің Бас прокурорының орынбасары Нұрмахан Исаев бір айдың өзінде екі-үш реттен баспасөз өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап беретін. Қабылдауына бару керек болса да үнемі есік ашық еді. Сол сияқты қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, «Егеменнің» тұрақты оқырманы Ибрагим Иманов біздің облыста прокурордың орынбасары қызметін атқарған кезде де үнемі хабарласып, сұрақтарымызға жауап алатынбыз. Облыста прокурор болған Хәкім Көшқалиев, Мұрат Ахметжановтар да ашықтық, жариялылық қағидатын ұстанды.
Ал енді қазіргі облыс прокуроры Дастан Сартаев жайлы журналистер оған «көрінбейтін адам» («человек невидимка») деп еріксіз ат қойып алды. Тіпті, жаңадан тағайындалған орынбасарлары да «көрінбейтіндер» қатарында сияқты. Ғимараттың шеткі бұрышында прокурорларды «күзететін» күзет бөлмесі орналасқан. Қарапайым халық осы жерден кері қайтады. Ғимарат сонда прокурорлар үшін ғана салынған ба? Неге халықтан бөлектенеді? Бөлме ішіне облыс прокуроры Дастан Сартаевтың, орынбасарлары Қуат Артықбаев, Берік Құлтасовтың қабылдау күндері жазылып тұрған тақтайша ілініпті. Біз кездескен екі-үш адам қабылдау күндеріне жазылғанымен, мәселелерінің мән-жайын жеткізе алмай жүргендерін айтты. Сол жерден біз де облыс прокурорының баспасөз хатшысы Айымгүл деген қызға телефон шалып: «Ішке жіберуге болмаса, өзіңіз келіп кетіңізші, қолымыздағы хатты берейік», – деп едік. – «Жо… Жоқ! Маған далаға шығуға болмайды! Сіз тұрған жерге мен бара алмаймын!» – деді сол жердегі байланыс телефон арқылы. Аң-таңбыз.
Елбасы қарапайым халыққа ашық болыңдар, арыз-шағымдарын тыңдаңдар, қабылдаңдар деп үнемі айтады. Облыстағы басқа құқық қорғау орындарының, тіпті әкімдіктердің де есіктері ашық. Еліміз тыныш, жұртымыз аман. Сонда бұл прокурорлар халық арасына шығып, мұң-мұқтажын тыңдап, арызданып келгендердің үніне құлақ түрмесе, не істейді? Кімнен ығады?
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар.