Қоғам • 28 Маусым, 2019

Бақ өкілдері – бірліктің жаршысы

1115 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Radisson» қонақүйі ке­ше­нінде журналистер күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы жур­налистер клубының кеңейтілген отырысы өтті.

Бақ өкілдері – бірліктің жаршысы

Аталған клубтың отырысына Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісі Төра­ғасының орынбасары Владимир Бож­ко, Парламент депутаттары, Ақпарат және қоғамдық да­му министрлігінің және бас­қа мемлекеттік ор­ган­дардың өкіл­дері, ҚХА мүше­лері, респуб­ликалық және ай­мақ­тық БАҚ бас редакторлары, этносаралық қатынастар сала­сындағы сарап­шылар, ғылыми және шығар­машылық қауым мен блогерлер қатысты.

Алқалы жиынның күн тәр­ті­бінде Мемлекет басшысының «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмалардың орындалу барысында журналистер қауы­мы алдында тұрған міндеттер тал­қыланды. Сондай-ақ қоғам­ның бірлігін нығайту жөнін­дегі жұмыстар, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты көрсетіп жатқан көмегі жан-жақты баяндалды.

Алдымен сөз бастаған Жан­сейіт Түймебаев жиналған қа­уым­ды 28 маусым – Бұқ­а­ра­лық ақпарат құралдары қыз­мет­керлері күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сөйтіп Арыстағы тосыннан келген апаттан зардап шеккен тұрғындарға көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек жайында жан-жақты айтып берді.

– Қазақстан халқы қиын-қыстау сәттері жұдырықтай жұмылып, елдік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы да 24 мау­сымда жедел түрде Шымкент қаласындағы Түркістан облыс­тық Достық үйінде зардап шеккендер мен Арыс қаласынан кө­шірілгендерге көмек көрсету мақсатында штаб құрды. Барлық өңірдегі Достық үйлерінде көмек қабылдау пункттері іске қосылды. 27 маусымға дейін Ассамблея көрсеткен көмектің жалпы сомасы 51 млн 331 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ҚХА мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері бір күндік жалақыларын Түркістан әлеуметтік-корпоративтік даму қорына аударды. ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы «Жақсылық жаса» жобасы аясында Түркістанға кө­мекке аттану мақсатында во­­лон­­­терлік топ құрды, – деді Ж.Түй­­мебаев

Бұған қоса ҚХА Төрағасының орынбасары ағымдағы жыл сая­си оқиғаларға толы болғанын, сондай сәттерде жағдайды жан-жақты сараптап, халыққа шынайы ақпарат жеткізген төр­тінші билік өкілдерінің ең­бегін атап өтті. Бұл ретте елі­міздегі этностардың басылымдары да сүбелі үлес қосуда. Қазақ­станда қазір 50-ден аса этностық БАҚ ресми тіркелген. Жыл басынан бері телерадио мен баспасөздерде, ақпараттық сайттарда этносаралық тату­лық пен келісімге қатысты рес­пуб­ликалық және аймақтық дең­гейде 7218 материал жария­ланған екен.

Журналистер клубының ке­ңей­тілген отырысында Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, «Egemen Qazaqstan» респуб­ли­ка­лық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, «Огни Ала­тау» Алматы облыстық газе­тінің бас редакторы Атсалим Идигов, «Қазақпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров, «Коре Ильбо» корей республикалық газетінің бас редакторы Константин Ким тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы БАҚ-тың маңызды рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Шара соңында мемлекет сая­сатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығай­туға, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының қызметін насихат­тауға үлес қосқан журналистер мен сарапшыларды марапаттау рәсімі өтті.

Сонымен қатар дәл осы күні Достық үйінде Нұр-Сұл­тан қа­ласы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XVIII сессиясы өтіп, онда бірінші жартыжылдықта атқа­рылған жұмыстардың нәти­желері жарияланды. «Халық әл-ауқатының артуы – бірлік пен тұрақтылық кепілі» деп атал­ған сессия барысында Прези­денттің «Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» атты сайлауалды бағ­дар­ламасына арналған жоспар­ды іске асыру мәселесі, сон­дай-ақ Түркістан облысының Арыс қаласына көмек көрсету шара­ларының жай-жапсары талқы­ланды.