Алаяқ
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:09
Талайдың ақысын жеген қылмыскер құрықталды
Баяғыда бір бейбақ күйіп кеткеннен: «Әкесін сабағанды көріп едік, арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруім», депті ғой. Сол айтқандай, мына бір оқиғаның дерегімен танысып, жағамызды ұстап отырған жайымыз бар.
Арал ауданында «Арал-Шеп» деген полиция бекеті бар. Ақтөбе жақ бетінде. Қайсыбір күні жол полициясының қызметкерлері осы бекетте «Seat alhambra» маркалы көлікті тоқтатады.
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:09
Талайдың ақысын жеген қылмыскер құрықталды
Баяғыда бір бейбақ күйіп кеткеннен: «Әкесін сабағанды көріп едік, арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруім», депті ғой. Сол айтқандай, мына бір оқиғаның дерегімен танысып, жағамызды ұстап отырған жайымыз бар.
Арал ауданында «Арал-Шеп» деген полиция бекеті бар. Ақтөбе жақ бетінде. Қайсыбір күні жол полициясының қызметкерлері осы бекетте «Seat alhambra» маркалы көлікті тоқтатады. Құжаттарын тексермекке. Жүргізуші Батыс Қазақстан облысының тұрғыны екен. Барлық құжаттары дұрыс болып шығады. Төленбеген ешқандай айыппұлы да болмайды. Дәл осы сәтте көліктен әлдебір қыз жанұшыра айқайлап, қашып шығады. Артынан соқталдай бір жігіт қуа жүгіреді. Қызға жете алмайтынын білген жігіт беті ауған жаққа қашады. Дегенмен, полиция қызметкерлері қызды да, жігітті де ұстайды. Сөйтіп, Арал аудандық ішкі істер бөліміне апарады. Осы жерде мән-жайдың барлығы ақтарылады.
Қашқан келіншек пен қуған жігіт бұрын отасқан адамдар екен. Қыз Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы да, жігіт Атыраудан екен. Кейін дәм-тұздары жараспай ажырасып кеткен көрінеді. Бірақ бір шаңырақ астында тұрып жатқан кезінде күйеу бала қайынатасынан қарызға ақша алады. Ақша алғандығы туралы қолхат беріп, оны нотариустан бекітеді. Содан ақшаны қайтармайды ғой. Іс насырға шабады. Қарыз беруші сотқа беретінін айтады. Осы тұста бұрынғы күйеу бала Оралдан бір көлікті жалдап Шымқалаға тартып кетеді. Ол барғанда қыз үйінде екен. Тамағына пышақ тақап, газ баллонмен үркітіп жігіт бұрынғы әйелін алып қашады. Жолда қызды әкесімен сөйлестіреді. Сосын: «Қолхатты Атырауға әкеліп бергеннен кейін қызыңды алып кетесің», деп шарт қояды. Бір қызығы, жүргізуші бұл істің бәрінен бейхабар болып шығады. Өзі берген куәлігінде: «Күдікті телефонмен менің көзімше сөйлескен жоқ, мен ештеңе білмейтін едім», дейді. Ал қыз болса жүргізушіні бұрынғы күйеуінің ымдасы екен деп ойлайды. Оқиғаның ұзын-ырғасы осындай.
Күдікті өзінен сұрақ алынып жатқанда қашпаққа әрекеттеніпті. Сөйтіп, бөлімшенің үшінші қабатынан секіріп кетіпті. Бірақ бәрібір ұсталған. Зерттей келе күдіктінің бұл бір ғана қылмысы емес екені анықталған. Атырау қалалық қаржы полициясы оның үстінен ҚР ҚК-нің 177/3 бөлігімен айып тағып, іздеу жариялағаны мәлім болды. Бұл – адамдардың сеніміне кіріп, ақшаларын алып, қайтармай қойған, алаяқтық жасаған деген сөз. Бір өзі 11 адамды қанқақсатып кеткен дейді.
Сонымен, талайдың ақысын жеп, көз жасына қалған күдікті Аралда құрықталды. Бүгінде ол қамауда отыр. Ал құжаттары Оңтүстік Қазақстан облысының Абай аудандық ішкі істер бөліміне жіберілді. Осылайша, нақақтан-нақақ күйіп кеткелі тұрған қыздың тағдыры оңынан шешілді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.