Қоғам • 01 Шілде, 2019

Мемлекеттік қызметті ширату жемқорлықтың жолын кеседі

452 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлықтың деңгейін барынша төмендету мәселесіне ерекше тоқталғаны тегін емес. Мемлекет басшысы «жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел және оның қауіпсіздігіне де қатер төндіретін құбылыс» екенін айтқан болатын.

Мемлекеттік қызметті  ширату жемқорлықтың жолын кеседі

Облыс әкімдігі жанындағы ве­домствоаралық комиссияның отырысында облыстағы мемле­кет­тік органдардағы кадр мәсе­ле­лерін шешуде артықшы­лық­тарға, бүйрек бұруға жол бермеу, меритократия ұстанымдарын сақтау жөніндегі қабылданған шаралар туралы мәселелер қаралды.

Халықтың маңдай терінің ба­ламасындай бюджет қаржы­сы­ның қолды, талан-тараж болмауына алдымен мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды адамдар жауапты. Мемлекет пен Отан­ға адал қызмет етудің үлгісі де солар болуы тиіс. Мемлекет­тік қызмет және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов мемлекеттік ор­гандарға кадрлар іріктеудегі мери­­то­кратия принциптерін қам­­та­масыз ету жөнінде өңірде ат­қарыл­ған істерді баяндады. «100 қадам» Ұлт жоспарында қарал­ған мемлекеттік қызметке кадр­лар іріктеу тестілеуден бас­талады. Мемлекеттік қызмет­ке ірік­теу ұстанымдары қатая түсті. Облыста өткен жылы 2642 адам тестілеуге қатысқан, со­ның 1450-і, яғни 55 пайызы ғана тө­менгі шекті көрсеткішке қол жет­кізе алған, қалғаны өте ал­маған. Тестілеу осылай са­па­ның дең­гейін сипаттады. Тес­­ті­­­­леу алдымен мемлекеттік қыз­­­мет­­шілер үшін асуы қиын белес­ке, со­ны­мен қатар жергілік­ті мем­ле­кеттік органдар үшін кадр жетім­сіздігінің негізгі се­­бе­­бі­не айналғандығының куәсі еді. Мемлекеттік қызмет бо­жы­­ра­ғанда жемқорлық басы­нады. Заңнамаларды жетік біле­тін білімді, іске білікті және пара­сат биігіндегі мамандар таң­дап алын­ғанда жемқорлық, сыбай­лас­тық дертінің мысы басылады. Об­лыста мемлекеттік қыз­метті ши­рату үшін ізденіс басталды, сөй­тіп «қостанайлық ноу-хау» атал­ған жақсы істер нәтижесін берді.

– Бірқатар құқықтық және ұйымдастыру шаралары қайта қаралды. Мысалы, егер бұрын тестілеуден бірінші рет өтпей қалған қызметші оны тек екі айдан кейін ғана қайтадан тапсыра алатын. Мұнан біраз мәселе­ туындады. Өткен жылы тесті­ні қайта тапсыру мерзімін 1 айға дейін қысқарттық, – дей­ді Салауат Сыйлыбайұлы. Депар­та­мент бас­шысының бұл айтып отырғаны жер­гілікті мемле­кет­тік органдар, об­лыс орталы­ғы­нан алыс аудан­дар мен қала­ларға тікелей қа­тыс­­­ты болатын. Осы мәселенің ш­е­­ші­мін табу үшін тығырықтан шы­­­ғар жол та­был­ғандай болды. Мем­­­ле­кет­тік қызмет және сыбайлас жем­­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл де­­пар­­таменті басшысының бас­та­ма­­сын облыс әкімі Архимед Мұ­­х­амбетов пен агенттік қолдап, Ар­­қа­­лық қаласынан тағы бір тесті­леу орталығын ашу қолға алын­ды. Қазір тестілеу залын жөндеу, жаб­дық­тау жұмыстары жүріп жатыр.

– Орталық үш өңірді – Аман­гелді, Жангелдин ауданы мен Ар­қа­лық қаласы төңірегін, Ақ­мола облысының Есіл, Дер­жа­вин, Жақсы аудандарын және Қара­ғанды облысының Ұлытау ауданын қамтитын болады. Бұл үш об­лыстың аталған аудан­дары тес­тілеу орталығы орна­лас­қан Қостанай, Қарағанды, Көк­ше­тау қалаларына тым шалғай­да жатыр. Ал тест тапсыратын мем­ле­кет­тік қызметшілер­ге Ар­қа­лық қа­ла­сына қатынау аса қиын­дық әкел­мейді, – деді Салауат Мүксімов.

Комиссия отырысында кадр сапасы туралы да айтылды. Облыста жас мемлекеттік қыз­­мет­шілер мектебі жұмысын бас­­­таған еді. Онда жоғары оқу орын­­­дары­ның студенттерін мем­лекет­тік қызмет ісіне даяр­лау және тес­ті­леуден өткізу ұйым­дас­ты­ры­­латын. Сонда жастар білім ордасынан мамандық дипломымен қатар мемлекеттік қыз­мет сертификатын алып шы­­ғат­ын. Алайда, уақыт көр­­сет­кен­дей, жастардың бұл іске қы­зы­ғу­шылығы, ынтасы төмен, сонымен қатар жоғары оқу орындары тарапынан да мемлекеттік қыз­мет­шілер дайындауға бел­сенділік білінбейді. Ынта жоқ жерде сапа да төмен. Тестілеуде 10 сту­дент­тің 2-3 ғана қажетті бал­дың тө­менгі шегін зорға жинайды.

 – Президенттің маңызды тапсырмасына орай, мемлекеттік қыз­метті пысықтау үшін бұл жұмысқа жастар саясаты жө­нін­дегі және білім беру бас­қар­­малары секілді құрылым­дар­­ды да тартқан дұрыс деп ойлаймын. Мемлекеттік іске әділ, елге, жерге, Отанға адал қыз­мет ететін білімді кадрларды бүгінгі жастардан дайындама­сақ қайдан аламыз? Сондық­тан бұл жұмыс тиісті салалардан бір­лесіп, жұдырықтай жұмылуды талап етері хақ, – дейді Салауат Сый­лыбайұлы.

Былтырдан бастап облыс орталығынан алыс Қамысты, Денисов, Науырзым және Торғай өңіріндегі аудандарда бос орынға конкурсты онлайн жүйесі ар­қы­лы өткізуді тәжірибеге енгізді. Бұл бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік берді. Цифрландыру жетістіктерін пайдалану ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын кесетін басты құралға айналды. Мысалы, 400-500 шақырым қашықта жатқан аудандарда өтетін бос орын конкурстарын бақылауға облыстық департаменттен маман жіберу уақыт пен қаржы шығынына жол беретін, көбіне мүмкін де болмайтын. Азаматтарды мемлекеттік қыз­метке алу үшін департамент бас­шылығы барлық аудандар мен қалалар әкімдерімен кеңесіп, конкурстар тәртібін өзгертуді ұсынды. Мысалы, қазір мамандар іссапарға шықпай-ақ, кез келген аудандар мен қалаларда өткен конкурсты скайп арқылы қарап отырады. Сондықтан бос орын конкурсына жергілікті жерде ешкімнің де ықпалы жүрмейді, ашықтық та осылай біртін­деп қалыптасады. Екіншіден, бұл өзге аудандағы мемлекеттік қыз­метшінің қызмет мансабын өсіруіне де зор мүмкіндік жасайды. Мысалы, бұрын мемле­кет­тік қызметші басқа аудандағы, қаладағы лауазымдық бос орын үшін өтетін конкурсқа қатысуға тартыншақтай беретін. Өйт­кені ол үшін жұмыстан сұрану, шы­ғын­данып жол жүру, өтпей қал­са бос әурешілігінен тартыну секіл­ді кедергілер болатын. Биыл ақ­пан айында Лисаков қалалық әкім­дігінде бас маман болып іс­тей­тін А.Елемесов Қамысты ауда­ны әкімі аппаратындағы бөлім бас­тығы қызметіне осылай онлайн кон­курсқа қатысу арқылы қол жеткізді. Облыстағы «қостанайлық ноу-хау» аталып отырған бұл жаңа тәжірибе білікті кадрларды таңдау мүмкін­дігін кеңейте түсті.

Заман өзгерсе де, «бәрін де кадрлар шешеді» деген қағи­да­ның мәні қаз-қалпында қала­тын сыңайлы. Кадр сапасы мем­лекеттік заңнамаларды жат­тап алуында ғана емес. Оған білік­тілігі мен парасаты, адалдығы қосыл­маса, мемлекеттік қыз­мет­­ші­нің шынайы тұлғасы қалып­­тас­пайды. Қазір облыста төмен­гі лауазымда жүріп өзінің білік­ті­лігін көрсетіп, жоғары лауа­зымға жоғарылауға болады. Бұл жоғары лауазымға сенім ар­қы­лы көтеретін меритократия прин­ци­пін қорғаудың жаңа жолы бо­лып табылады. Облыста мем­ле­кет­тік қызметшілердің 70 пайы­зы жоғары лауазымға ішкі кон­курс­тардан, сұхбаттан өткізу ар­­қылы тағайындалды. Ішкі резерв­тер осылай пайдаланылады. Мысалы Таран, Алтынсарин, Әулиекөл, Сарыкөл, Ұзынкөл аудан­дарында осындай тәжі­ри­бе нәтижесін берді. Осы өңір­лер­дегі мемлекеттік қызметшілер олармен сұхбат өткізіп, іріктелгенге дейін де бос тұрған лауазымдық қызмет жұмысын уақытша қоса ат­қарып отырған болатын. Тө­менгі лауазымда жүріп іске ысылған, тәжірибесі мол, парасат-пайымы ортаға белгілі кадрларды көтеру тиімділігін береді.

Биыл Департамент бас­та­масымен орталықтан­дырыл­ған кадр қызметі жүзеге аса бастады. Мы­салы, бұрын әр басқарма кадр­ларын тағайындауды өз­дері ше­шетін. Енді барлық бас­қар­­ма­лардағы кадр мәселе­сін об­лыс әкімдігіндегі орталық­тан­­ды­рыл­ған бір кадр қызметі ше­шеді. Облыстағы 23 басқар­маның 14-і осыған біріктірілді, қалғаны жылдың екінші жарты­сынан қосылатын болады. Ор­талықтандырылған кадр қыз­метінің енгізілуі әкімшілік қызмет­терге кететін бюджет шығынын қысқартты және басшыларды лауазымдық қызметке алу ісіне араласудан қақпайлайды. Мұның өзі де сыбайлас жемқорлықтың жолына тосқауыл болары сөзсіз. Соңғы кездегі екі жылға жуық жүргізілген осындай игілікті іс­тердің арқасында Қостанай об­лысының әкімдігі бірінші рет «тиімділіктің жоғары деңгейінен» бағаланып, еліміз бойынша ең үздік үштікке кірді.

Облыс орталығындағы Қазақ­станда бірінші рет көрініс тапқан Мемлекеттік қызмет гүлзары осы саладағы инновациялық тәсілдің бірі дер едік. Көріктендірілген гүл­зарда ілінген стендтегі мемле­кеттік қызметтің тарихы мен бағдарламалық құжаттар қала тұрғындары мен қонақтарының назарын өзіне аудармай қоймай­ды. Гүлзарда мемлекеттік қыз­мет­­­ш­ілердің салтанатты ант бере­тін орны да жасалған. Ағаш пен гүл көмкерген бұл жерде мем­лекеттік қызметшілердің 2050-ші жылдар ұрпағына арналған жолдауы салынған капсула көмілген. Хейтек стилінде жүзеге асқан осы істің барлығы мемлекет­тік қызметтің беделін көтеруге ба­­ғытталды. Білімі де, білігі де жетер­­лік, адалдықпен сусындап, әділ­дікті ту еткен мемлекеттік қыз­метшінің сыбайластықпен, жемқорлықпен жолы түйіспей­ді, сон­дықтан ол мемлекетті дамытып, іргесін нықтай бермек.

 

Қостанай облысы