Руханият • 01 Шілде, 2019

«Адасқандардан» «Мөлдір махаббатқа» дейін

9882 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Адас­қандар» романы кезінде пікірталас туғызып, зерттеушілердің қызу талқылауына түскені белгілі. Қатал сынға ұшырап, кейіннен бірнеше рет өзгеріске түскен роман «Мөлдір махаббат» болып жарыққа шықты. Шынайы өмір шындығына негізделген шығарма бірнеше мәрте көптеген данамен басылды. Кезінде зерттеушілер өмірлік оқиғалардан өрілген роман­ға деген сұраныстың жоғары болғандығы шығарманың өміршеңдігін дәлелдеді деп баға берген еді.

«Адасқандардан»  «Мөлдір махаббатқа» дейін

Алматыда С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде өткен әдеби кездесу «Адас­қандар» романының кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес туралы сыр» тақырыбын қозғады. Қаламгер қауым академик-жазушы С.Мұқановтың шығармашылық шеберханасына бір сәт­ке үңіліп, «Адасқандар» романының жазылу тарихын еске алды.

«Жазушыға шулы даңқ әкелген роман 1931 жылы оқыр­мандар қолына тиіп, кейін орысша «Сын бая» деген атпен Мәс­кеуде жарық көрді. 1959 жылы жазушының өзгерту-толық­тыруларымен  «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басылып шықты. С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1999 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан «Адасқандардың» ең алғашқы нұсқасы (1931 жылғы) оқырмандар қолына қайта тиді» деп романның жазылу тарихынан сыр шерткен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбеков музей сөресінде сақталған шығарманың бір данасы мен Сұлтанбектің С.Мұқановқа берген күнделігі сияқты роман тарихына қатысты мәліметтерден хабардар етті. «Сұлтанбек пен Бәтима» атты дастан да бар. Оның авторы Сұлтанбек Әбеуұлының өзі. Көп жыл өткен соң Сәбең Бәтимаға жолығып, кейінгі жолдасымен суретке де түскен. Оқырмандарды кітап кейіпкерлері Бүркіт (Сұлтанбек Әбеуұлы) пен Бәтестің (Бәтима Мақашқызы) және Мүсәпірдің (Мұстафа Көшековтің) тағдырлары қатты қызықтырды. Бұл туралы профессор Құлбек Ергөбек монографиялық еңбек те жазған болатын. Музей экспозициясында ол жайында  «Кейіпкермен кездесу» атты мақала сақталған. «Адасқандардың» ақиқаты туралы әңгіме көнекөз қарияларды, бүгінгі жастарды да толғандыратыны анық.

Кездесу барысында «Егемен Қазақстанның» 100 жыл­дығына қатысты пікірлер де көпшілік назарында болды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылған «Егеменнің» арда­гері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент  сыйлығының,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының  лау­реаты, журналист-жазушы Қайсар Әлім қозғалған тақырыпқа қатысты тың деректерді ортаға салды. Оның да реті бар еді. Ол роман кейіпкерлері туып-өскен, осы  оқи­ғаның бастауы болған Қызбел ауылының тумасы. Сондықтан да ол «Адасқандар» романының кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес туралы, олардың туып-өскен ортасы жайлы сыр шер­тіп,  ел ішіндегі аңызға бергісіз әңгімеден ой өрбітіп, оқыс оқи­ға­ның көркемдік шындыққа айналуы тұрғысындағы өзіндік пайымымен бөлісті.

Қайсар Әлім сонымен қатар бұл махаббат оқиғасының «Еңбекші қазаққа» да қатысты жақтарын мәлім етті. Мәселен, Сұлтанбектің сотына қоғамдық айыптаушы болып қатысқан С.Мұқанов «Еңбекші қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, Сұлтанбек қолынан қаза тапқан Мұстафа Көшеков (Мүсәпір) те осы газетте қызмет еткен. Ал Бәтима Мақашқызын (Бәтес) Қызбелден Қызылордаға оқуға алып келген Балқай Байтоғаев осы басылымның корректоры (Белгілі әнші Абай Байтоғаевтың әкесі) болған еді. Ал Сұлтанбектің ақылшысы әрі нағашысы М.Дулатов газеттің бас редакторының  стилистика жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған. Сұлтанбектің оқуға берілуін  қатты талап еткен Ж. Аймауытовтың да бір кездері газет басшылығында болғанын білеміз. Міржақыптың үйінде жиылып отырып, Сұлтанбекті шақыртып алып, түзу жолға салуға атсалысқандар ішінде М.Әуезовтің (газетті басқарған) болғаны да көпке белгілі жайт. Тарихтың аты – тарих. Ол жариялылықтың жақтасы. Тарихта іште бүгілетін сыр болмайды екен. «Адасқандар» мен «Мөлдір махаббат» романдарының кейіпкерлері турлы сыр ақтарған  Қайсар Әлімнің тақырыпты «Егемен Қазақстан» газетінің тарихымен сабақтастыра әңгіме тарқатуының негізгі себебі осындай деректермен байланысты болса керек-ті.

Осы кездесуде Қайсар Әлім музей ұжымына елорда­ түбіндегі ауылда тұрған Ө.Қазиханұлының төріне сән бер­ген Сұлтанбек Әбеуұлының (Бүркіт) портретін (бұрын еш жерде көрсетілмеген) сыйға тартып, Жамбыл атын­дағы жасөспірімдер кітапханасына, Ықылас, Д.Қонаев, Н.Тілендиев және Алматы музейлеріне өз кітаптарын тапсыр­ды. Кешке «Егеменнің» ардагері, алматылық қаламгер Дәулет Сейсен қатысты. Әнші Саят Бөдес бірнеше халық әндерінен шашу шашты. 

 

АЛМАТЫ

 

Суретте: газет ардагері Қ.Әлім мен музей кешенінің директоры Ә.Қайырбеков