Руханият • 01 Шілде, 2019

«Дала фольклорының антологиясын» жарыққа шығарудың жоспары таныстырылды

569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында М.Әуезов атындағы мұражай үйінде «Дала фольклорының антологиясы» он томдығы: кітаби, электронды, аудио нұсқаларын баспаға дайындаудың кейбір мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара аясында антология он томдығының құрылымы мен жарық көру форматы анықталып, ары қарайғы жұмыс барысы таныстырылды.

«Дала фольклорының антологиясын» жарыққа шығарудың жоспары таныстырылды

М.Әуезов Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы К.Матыжанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы  Ш.Ыбыраев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Музыкалық білім берудің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғ.д., профессор Т.Қоңыратбаев, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор Б.Әзібаева, Нұр-Мүбәрәк университетінің профессоры, филол.ғ.д. Ш.Керім, Қырғыз-қазақ университетінің ректоры, филол.ғ.к., профессор А.Бұлдыбай, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.к. Т.Әлбеков және т.б. фольклортанушы ғалымдар қатысты. Іс-шара барысында ғалымдар мен мамандар «Дала фольклорының антологиясы» он томдығының 2019 жылы жарық көретін алғашқы 5 томының мазмұнына, құрылымына, баспаға дайындалу жүйесіне байланысты ұсыныс, пікірлерімен бөлісті.

М.Әуезов Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжановтың айтуынша, ұлттық эпостың таңдаулы үлгілерін қамтитын томдардың атауы, яғни түрлі үлгіде пайдаланылып келген эпосқа қатысты терминдерді бірізділікке келтіру мәселесі қозғалып, фольклортанушы ғалымдардың пікірлері тыңдалды. Талқылау барысында әрқилы ой-тұжымдар айтылды. Нәтижесінде антологияның бірінші және екінші томдары батырлар жырына арналып, алғашқы томға көне эпос пен батырлық эпос, ал екінші томына «Қырымның қырық батыры» топтамасы енеді. Ғалымдар үшінші томға тарихи жырларды, ал төртінші томға ғашықтық жырлар, бесінші томға дастандарды енгізуді жөн санады.

Антологиялық жүйеде басылым көретін кітаптардың форматы, көркемделуі әлем жұртшылығы руханиятының ортасынан өзіндік орнын иленетін қазіргі заманға сай озық үлгіде шығару мәселесі де ғалымдардың назарында болды. Жинақтардың пішімі, мұқабасының ұлттық нақышта безендірілуі, ішкі беттерінің, мәтіндердің айшықталуы, әр томға енгізілетін суреттердің, иллюстрациялардың маңызы ой елегінен өткізіліп, баспаға дайындау барысында ұлттық руханияттан мол хабары бар, тәжірибелі, білікті-іскер дизайнер-баспагер, суретші, халық музыкасын терең түсінетін зерттеуші, т.б. мамандарды тартып, шығармашылық бірлікте жұмыс істеу қажеттілігі сөз болды. Томдарға енетін эпостық мәтіндердің мәселесі де өзекті. Жыр мәтіндерін еліміздің сирек қорларының, сондай-ақ бұрын жарияланған жинақтардың, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ этностарының мұраларының негізінде іздестіру, олардың түрлі нұсқалары мен жарияланымдарын бір-бірімен текстологиялық тұрғыда салғастыру арқылы  тілі көркем, сюжеттері толық, мазмұнға бай, жырлауға, халық музыкасымен сүйемелдеуге ыңғайлы озық үлгілері таңдалуға тиіс.

Жинақтарға берілетін қосымшаларға да аса мән берілді. Атап айтқанда, мәтіндерде кездесетін көнерген, кірме, көнетүркі т.б. жалпы оқырмандарға түсініксіз сөздердің, этнографиялық ұғымдардың сөздіктері, жер-су атаулары, ғылыми түсініктер, ноталар, библиографиялық көрсеткіштер, томдардың орыс, ағылшын тілдеріндегі түйіндемелері т.б. жеке-жеке талқыланып, тұщымды ой-пікірлер айтылды.

Ғалымдар жинақтарға енген жырлардың аудионұсқасына да көңіл бөлінді. Ең алдымен, жоғары деңгейде қалыптасқан, республика, алыс-жақын шетелдерде танылған, беделді, дәстүрлі халық музыкасын, ән-жырын түсіруге қауқарлы, заманға лайық музыкалық, электронды қондырғылармен жабдықталған, білікті мамандармен (продюсер, музыка режиссеры, халық музыкатанушысы т.б.)  қамтылған аудиожазу студиясы бар компаниялармен келіссөздерде жүргізіліп, олардың  таңдаулысымен шарт жасалып, жұмыс жоспарлы белгіленуге тиіс. Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның дәстүрлі халық музыкасы кафедрасының, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының дәстүрлі өнер факультетінің ұстаз-оқытушыларымен, түрлі өнер ошақтарындағы әнші-жыршылармен байланыс жасалып, келісімдер жүргізіліп, жыршы-орындаушы жетіспеген жағдайда өңірлерден арнайы шақырту қажеттігі айтылды. Оларды іріктеуде жыршылардың орындаушылығынан өзге музыкашы ретіндегі қабілеттері де назарға алынатын болады (қобызшылығы, домбырашылығы, сырнайшылығы, жетігеншілігі т.б.).

Бестомдық антологияның кітаби, электронды, аудио нұсқалары қатар орындалады. Дайындалған өнім институттың арнайы сайтына жүктеледі және оның жеке коды томда көрсетіледі. Бұл сілтеме кітаптың аудионұсқасын компьютер, планшет, қалта телефон (смартфон) арқылы пайдалануға, жүктеп алуға мүмкіндік тудырады. 

Бұл іс-шара қажырлы еңбекті, мол уақытты және оны білікті маманның қадағалап отыруын талап етеді. Сондықтан бұл жұмыстарға бағыт-бағдар беріп, әр саланың сапасын қадағалау үшін арнайы сарапшылар, көркемдік кеңестер бекітіліп, істелген жұмыстарға қатысты ғылыми пікірлер, хаттамалар жазылған жөн деген түйінді қорытындыға келді фольклортанушы ғалымдар. Ғылыми жиынның нәтижесінде жинақтарға енгізілетін эпостық жырлардың тізімі, нақты нұсқалары анықталды. Алғашқы бес том бойынша ғылыми сарапшыларға ұсынылған жыр мәтіндеріне нақты ғылыми сараптама-пікірлер алынды. Жинақтарды баспаға әзірлеу барысында корректорлық, редакторлық жұмыстар қамтылып, сауатты әрі сапалы дайындалуына жағдайлар жасалады.

Жинақ 10000 данамен шығарылып, Қазақстанның барлық ЖОО мен кітапханаларына таратылатын болады.