Тексізге біткен байлық қасіреті
Жұма, 12 сәуір 2013 1:37
Кипрдегі қаржы қасіреті одан қашқан, бұдан қашқан алаяқтардың аяғын аспаннан келтіретін түрі бар. Күні кеше газетімізде хабарлағанымыздай, Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы (ICIJ) оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар саясаткерлердің, шенеуніктердің және басқа да дүдәмал тұлғалардың тізімін жариялай бастады. Осы қылмыстық жолмен тонаған ақшасын оффшорлық компанияларға тыққан халықаралық алаяқтар тізімінің бел ортасынан Мұхтар Әбіләзов орын алыпты. Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумының мәліметі бойынша, қылмыстық жолмен қаржы қымқыруда алдына жан салмайтын Әбіләзов сонау 2006 және 2007 жылдары Біріккен Корольдіктің Тынық мұхитындағы иеліктерінде 31 оффшорлық компания ашыпты.
Жұма, 12 сәуір 2013 1:37
Кипрдегі қаржы қасіреті одан қашқан, бұдан қашқан алаяқтардың аяғын аспаннан келтіретін түрі бар. Күні кеше газетімізде хабарлағанымыздай, Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы (ICIJ) оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар саясаткерлердің, шенеуніктердің және басқа да дүдәмал тұлғалардың тізімін жариялай бастады. Осы қылмыстық жолмен тонаған ақшасын оффшорлық компанияларға тыққан халықаралық алаяқтар тізімінің бел ортасынан Мұхтар Әбіләзов орын алыпты. Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумының мәліметі бойынша, қылмыстық жолмен қаржы қымқыруда алдына жан салмайтын Әбіләзов сонау 2006 және 2007 жылдары Біріккен Корольдіктің Тынық мұхитындағы иеліктерінде 31 оффшорлық компания ашыпты.
Халықты алдап, адалды арбап жиған арам ақшаның ақыры қайырсыз болатынын өмір тәжірибесі талай дәлелдеген. Бірақ «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» оңай олжа табуға құныққандар халық қаржысына суық қолын сумаңдатуды тыяр емес. «Аспаннан құймақ жауғандай» бір сәтте жеті атасына бітпеген байлыққа кенеліп, басы айналған Әбіләзов қайырсыз дәулет жолында елін де, жерін де тәрк етті. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, тек 2009 жылы ғана Әбіләзовтің иелігіндегі 924 пәтер, 12 коттедж, 3 ұшақ, 80 автокөлік және 136 жер телімі тәркіленген. Бұл «қайдан келген батпан құйрық?..». Тегінде, тектіге біткен байлық игілік болса, тексізге біткен байлық қасірет-ау!
Сонымен, Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы жариялаған тізімде қашқын қаржыгердің британдық Виргин аралдарында тіркелген 31 оффшорлық компаниясы әйгілі болды. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұл шындығында да Әбіләзов қымқырған миллиардтардың беті ашыла бастағандығының алғашқы нышаны. Еске сала кететін болсақ, жақында лондондық сот БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовті алаяқтық әрекеттері үшін кінәлі деп тапты. Бұған дейін Ұлыбританияның сот органдары қашқын қаржыгерді тек сотты сыйламағандығы үшін ғана кінәлап келген болатын.
Ол ол ма, «БТА банк» АҚ-тың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Просянкин Англияның Жоғарғы соты 19 наурызда «БТА банктің» шағымы бойынша бірнеше шешімді жария етіп, іс жүзінде сот БТА банктің шағымдық талаптарын қанағаттандырғанын атап көрсетті. БТА банктің сотқа берген шағымдары бойынша банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов және оның бірнеше сыбайластары өздерінің қылмыстық әрекеттерімен банктен несие алу желеуімен көп көлемдегі қаржыны талан-таражға салғандығын дәлелдеген еді. Сарапшылардың айтуы бойынша, Англия Жоғарғы соты қабылдаған соңғы шешім халықаралық дәрежеде Әбіләзов пен оның сыбайластарын, банктің бұрынғы топ-менеджерлерін алаяқтық қылмыс жасаушылар деп айыптаудың басы болып табылады.
«БТА Банк» АҚ-тың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Просянкин Жоғарғы сот банкке тигізген зардаптардың өтеуі үшін алаяқтардан 2 млрд. доллар ақшаны қайтару жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім екі көзқарас бойынша да маңызды. Біріншіден, бұл сот шешімі Әбіләзовтің және оның сыбайластары, банктің бұрынғы басшылары тарапынан алаяқтық қылмыс жасалғанын айғақтайды. Яғни сот былай дейді: иә, сіздер маған алаяқтық қылмыс жасалғандығын дәлелдедіңіздер, ал, мен бұл қылмыстық істерге Әбіләзов және банктің бұрынғы басшылары, атап айтқанда, Жәрімбетов және Солодченко, сонымен бірге БТА банктің Ресей бойынша өкілі болған Хожаев кінәлі деген шешімге келдім.
Ақиқатын айтар болсақ, сот шешімімен банк пайдасына Әбіләзовтан өндіріліп алынуға тиіс 2 млрд. доллар қаржы бұл айсбергтің ұшы ғана. 2008 жылы жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша, Әбіләзов бастаған қылмыскерлердің БТА банктен тонаған қаржыларының көлемі 9 млрд. доллар деп белгіленген. Банк шағымында әлемдік қаржы дағдарысының салдарлары ескеріле келіп, қылмыскерлерден 6 млрд. доллар қаржы өндіріліп алуы керектігі жөнінде 10 шағым түсірілген. БТА банктің қазіргі басшыларының есебі бойынша Мұхтар Әбіләзовтің қымқырған қаржысының көлемі осы шамаға тең көрінеді.
Қылмыскерлердің банк қаржысын талан-таражға салу тәсілдеріне адам ойы бойламайды. Олар жеке пайдаларына қаржы қымқыру үшін банктен алдын ала тиімсіз несиелер алған. Банк қаржыларын белгісіз дүдәмал есеп-шоттарға аударған. Банк активтерін қитұрқы жолдармен талан-таражға салған. БТА банктің қазіргі басшыларының бастамасымен қылмыскерлерге қарсы негізінен 3 шағым жасалды. Бірінші – «Drey» атты шағым, яғни Ресей, Украина және Белоруссияның аффилирленген банктерінен БТА банк есебіне акция сатып алынды деген желеумен 400 млн. АҚШ долларынан астам қаржыға жалған өтемдер жасалған. Ал шын мәнінде бұл қаржы жасырын жолмен Әбіләзов мырзаға тиесілі оффшорлық компанияларға аударылған. Екінші – «Granton» атты шағым, бұл заңсыз жолмен талан-таражға түскен 1 млрд. доллардан астам қаржыға жасалынған өтемдер. Яғни банк тарапынан компанияларға берілген бұрынғы несиелерді жабу үшін пайдаланылған. Ақиқатында, бұл қаржы тағы да Әбіләзовтің иелігіндегі компанияларға аударылған. Үшінші – «Витино» немесе «Chrysope ісі» деп аталады. Бұл шағым бойынша, 2008 жылы қылмыскерлер Ресейдің Ақ теңіздегі Витино портын сатып алу үшін деген жалған желеумен банктен заңсыз түрде 120 млн. доллар несие алған. Бұл нысанды басқарушы компанияны кипрлік Usarel фирмасы сатып алған-мыс. Кейіннен белгілі болғанындай, Usarel фирмасы да Әбіләзов меншігіндегі жасырын фирма болып шықты.
«Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» дегендей, қайырсыз байлыққа құныққан алаяқтар қылмыстық жолмен тапқан қаржыларын құтқарып қалу үшін қандай да қитұрқы қадамдардан тайынбайтындығы анық. Қазақстан қаржысын талан-таражға салып, шетел асқан қылмыскер олигархтар қайырсыз қаржысын сақтап қалу жолында туған елін, кешегі қызметтес болған әріптестерін де ғайбаттаудан тайынбайды. Оған соңғы уақытта қашқын олигархтардың шетел баспасөздерінде қазақстандықтарға қарсы ұйымдастырған «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап кеткен «жаптым жала, жақтым күйе» мақалалары куә.
Қылмыстық жолмен тапқан миллиардтаған қаржысының буына піскен Әбіләзов осы уақытқа дейін өзіне ешқандай соттың тісі батпайтындығына сенімді болып келді. Ол Лондонның ең сәулетті де әлеуетті Хампстед орамында байлықтың буына пісіп, күн кешті. Алайда, «ұрлық түбі – қорлық». Қылмыспен тапқан қайырсыз байлықтың түбінде жарға жығатындығы даусыз. Міне, қазақстандық қашқын қаржыгер Мұхтар Әбіләзовтің басына туған бүгінгі күн зардабы осындай.
Жайлы СӘДУАҚАСОВ.