Әлем • 02 Шілде, 2019

Дональд Трамп Солтүстік Корея шекарасын аттады

854 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жапониядағы G-20 саммитіне қатысып, қайтар жолда Оңтүстік Кореяға соққан Дональд Трамп тағы бір саяси үлкен қадам жасады. Ол сенбі күні Оңтүстік Кореяда Мун Чжэ Инмен жүздесіп, жексенбі күні түстен кейін Ким Чен Ынмен арнайы кездесті. Бұл кездесу – алдын ала ойластырылмаған, кенеттен болған кездесу. Бірақ Оңтүстік Кореяға келерінде Ким Чен Ынға ұсыныс жасап, ол ұсынысымды қабыл алды деп атап өтті Дональд Трамп.

Дональд Трамп Солтүстік Корея шекарасын аттады

Оңтүстік Корея жерінде АҚШ, Сол­түс­тік Корея және Оңтүстік Корея арасын­да тарихта алғашқы үштік саммит өтті. Бұл – Қытай тарапы қаламайтын басқосу. Өйт­кені Корей түбегіндегі саяси ахуал көбіне Қытай­дың саяси мүддесіне тиімді болып табы­лады. Бірақ ойда-жоқта жексенбі күні Ким Чен Ын мен Дональд Трамп, Мун Чжэ Ин бір сағаттан артық келіссөз өткізді. Кез­де­су­ден кейін Трамп пен Мун Чжэ Ин тіл­ші­лерге сұхбат беріп, Трамп алдағы болатын саммиттерге байланысты жаңа құрамдағы іс­кер топ құрылып, корей мәселесімен ай­налы­сатындығы атап өтті. Трамптың айтуын­ша бұл кездесу шын мәнінде тарихи кез­десу болды. Ол «Керемет қарым-қатынас ор­­нат­тық, мен президент болуға келер алдын­­да екі жыл бұрын жағдай өте нашар еді. Оң­түс­тік Корея мен Солтүстік Корея, әлем қауіпті жағдайда тұрған болатын» деп атап өтті.

1950-1953 жылдары Корей соғысы бол­ды. Осы соғысты тоқтату үшін 1953 жылы АҚШ пен Солтүстік Корея, Қытай уақыт­ша соғысты тоқтату келісіміне қол қой­ған болатын. Оңтүстік Корея тарапы бұл келі­сім­ге қол қоюдан үзілді-кесілді бас тар­тып, кейін екі елдің арасы туыстықтан жаулас­тыққа ұласып кетті. Сол соғыстан кейін АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасы суып кетті. АҚШ солтүстікті мойындамады. Қос Кореяның арасы да ушығып кетті. Міне, сол уақытша соғысты тоқтат­қан келісімге қол қойылған жерге АҚШ-тың президенті 66 жылдан кейін қайтып аяқ басып отыр. Бұл – атақты Пан Мун Чжом үйі орналасқан жер. Онда уақытша соғысты тоқтату туралы келісімге қол қою рәсімі өткен. Дональд Трамп ресми түрде Солтүстік Корея топырағын басқан ең алғашқы президент. Ол туралы Ким Чен Ын тілшілерге берген қысқаша сұхбатында «Дональд Трамп мырза Солтүстік Кореяның жерін алғаш рет президент ретінде басып отырған адам» деп айтты. Ал Трамп болса оны өзіне бұйырған мәртебе ретінде қабылдады.

АҚШ президенті Ким Чен Ынмен екі елдің арасын бөліп тұрған әскери сызық­тың дәл үстінде тұрып кездесіп, қол алы­сып, Ким Чен Ынның ұсынысымен Сол­түс­тік Корея шекарасына қарай он қадам өтті. Былтыр тура сол жерде Мун Чже Ин­мен кездескен болатын. Биыл сол үрдісті қай­талады. Бірақ Мун Чже Инге қара­ған­да АҚШ президенті Солтүстік Корея жеріне 10 қадам артық басып ішкері кірді. Мун Чже Ин болса, сызықты аттап өтіп, бір қадам ғана асқан болатын. Ким Чен Ын Пан Мун Чжомда болған тарихи кездесудің маңыздылығына тоқталып, «өткен тарихтағы жаман оқиғаларды тазалау» деп атап өтті. Сонымен қатар «Трамп мырза мен менің арамыздағы өте жақсы, тамаша байланыс болмаса, осындай кездесуді бір күннің ішінде кенеттен өткізе алмас едік деп ойлаймын. Бұл біздің тамаша қарым-қатынасымыз – басқалар ойламаған, күтпеген жақсы істерді тоқтаусыз жасап, алдыдан көлденең шыққан кедергілерді жеңетін ерекше бір күш болмақ» деді.

Ким Чен Ынды Дональд Трамп ресми түрде Ақ үйге шақырды. Ким Чен Ын Ақ үйге келуге шақырту алған Солтүстік Ко­рея­­ның алғашқы көсемі. Дональд Трамп өзі Сол­түстік Корея топыраған басқан ал­ғаш­­қы АҚШ президенті болғанындай Ким Чен Ын да Ақ үйге алғаш рет келген Сол­түс­­тік Корея көсемі болуын қалай­тын­­ды­ғын жет­кізді. Алайда Ким Чен Ын бұл ұсы­­ныс жа­йында үнсіз қалып, ешбір ойын біл­дір­меді. Алдағы уақытта Дональд Трамп­тың Пхе­ньян­ға сапары болуы ғажап емес. Өйт­кені қазіргі таңда осы туралы айтылып жатыр.

 

Дастан Ақаш,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 Оңтүстік Корея,

Сеул