Қазақстан • 02 Шілде, 2019

Несие беру және алу шарттары өзгеруге тиіс

2166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азамат­тарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығы қиын жағдайға тап болып, несие­лік борышын өтей алмай отырған көпшілік үшін үлкен жеңілдік болғаны анық.

Несие беру және алу шарттары өзгеруге тиіс

Президенттің атына азаматтардан келген өтініштерді қарастыру нәтижесіне сәйкес еліміздегі әлеуметтік тұрмысы тө­мен топтағы азаматтар өз аттарына ал­ған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отырғаны анықталып отыр. Салдары­нан 500 мыңға жуық несие алушы тұр­мыстық күрделі жағдайға тап болған.

Банк пен несие алушылардың арасында туындап отырған осындай жағдайдың себептеріне орай қаржыгер ғалым Ілияс Исаев оған банктердің тікелей кінәлі екендігін айтады.

Несиелеу бағдарламасын жүзеге асыруды желеу еткен банктер көп жағдайда несие алушының төлем қабілетіне терең сараптама жасамай, көз жұма қарай­ды. Әрине, несие беру банктің табыс көз­дері­нің бірі. Алайда нарықтағы қатаң бәсе­­келестік кезінде мұндай атүсті жағ­дай­­ларға жол беруге болмайды. Ақыры қор­­даланған несие мәселесін шешуге Үкі­­меттің араласуына тура келді.

Банктерді сауықтыруға байланысты шараларды да назарға алатын болсақ, жекеменшік банктер ендігі кезекте Үкі­метке қол созуын доғаруы керек. Бұл жерде басшылыққа алынатын басты мәсе­ле, жеке тұлғалардың банкроттығы тура­лы заңды қабылдау. Осы құжатқа сәйкес банк акционерлерінің, департамент бас­шы­ларының, тіптен менеджерлердің жауап­кершілігі күшейтілмейінше, мәселе шешілмейді. Несие бюросы ақпараттың анықтығына, менеджердің терең талдау жасағандығына қаншалықты мән береді, акционер жауапкершілігіне қаншалықты жоғары? Осыған қатысты мәселелер осы заңда көрініс табуға тиіс.

Несие белгілі бір мерзімнен кейін көкей­кесті мәселеге айналса, онда оған Несие бюросы мен департамент басшысын кінәлі деп тауып, жұмыстан босатуға де­йін амалдар қарастырылғаны жөн. Туыс­тық, жемқорлық механизмдері­мен де күрес кү­шей­тіл­месе, мұндай мәсе­лелерден арылу қиын. Жабылып жатқан банктерде де са­лым­шылардың депозиті болды. Осы тұста таяқтың бірі ұшы ке­леді де Қазақ­­стан­ның депозиттерге кепіл­дік беру қорына тиеді. Мұндай жағ­дайда бұл қор­дың қар­жысы жеткілікті ме, жет­кіліксіз бе, бұл өз алдына кешенді мәселе, дейді қаржыгер.

Ілияс Исаев сонымен қатар бейбіт қоғамның кепілі саяси тұрақтылықпен байланысты екендігіне тоқталып, эко­но­микалық тұрғыдан дамуда жекелеген азаматтардың қаржылық сауатына аса мән берген жөн екендігін айтады. Тұтынушылық қарыздардың ұлғаюына табысы төмен бола тұра, несие ала салып жағдайын жақсартамын деп негізсіз мақсат қойған азаматтардың да өзі кінәлі. Сондықтан банк тәртібінде менеджерлерді жұмысқа қабылдауда босбелбеулікке салынуға болмайды. Несие рәсімдеу барысында несие алушыға сауатты әрі кәсіби кеңес беретін мамандардың әлеуеті зор.

Мемлекет басшысының тапсырма­сы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипа­тын­­дағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйым­дарына жүктелетін жауапкершілікті қайта қарағаны жөн. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға қарыз беруге тыйым салу өте орынды шешім.

– Бүгінде мұндай көкейкесті мәсе­ле­лер шағын және орта кәсіпті қолдау бағы­тын­да беріліп жатқан несиелеуде де орын алып отырғаны шындық. Дел­дал­дық жағдайлардың салдарынан агро­несиелеудің өзінде көзжұма қарау дерек­тері көптеп кездеседі. Президент Жар­лығы банкте қарызы бар әлеуметке қолдау ғана емес, соңғы жылдары қатты белең алып отырған жемқорлықпен күресуге де бағытталған маңызды қадам. Соны­мен қатар Арыста орын алған апатқа бай­ла­ныс­­­ты тұрғындарға берілген үлкен жеңіл­дік болды, – деп пайымдайды маман.

Ал қаржыгер сарапшы Әділет Бағ­дат­тың айтуынша, 90 күн өтелмеген несие қайтарымсыз несие тізіміне жатады. Бүгінде бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетіп отыр. Соңғы уақытта банктер тарапынан несие беру мөлшері төмендеп кетуіне байланысты кейбір банктер ақша айналымын көбейту мақсатында кепілсіз несиелер үлестіре бастады. Тұр­мыс­тық техникалар, ұялы телефон сияқ­ты күнделікті қажетті бұйымдарды кепіл­сіз несиеге рәсімдеу жылдам әрі еш қиын­дықсыз жүзеге асатын болды. Сонымен қатар той шығындарын несие есебінен жабу үрдісі белең алып барады. Рәсімдеу бары­сында несие шарттарын оқымай, банк талап­тарын, несие алушының құқығы тұр­ғы­сындағы мәселелерге жіті назар аудар­маудың салдары да қайтарымсыз несие көрсеткішінің артуына ықпал етіп отыр.

Сарапшының айтуынша, несие беру, несие алу үрдісі үздіксіз жалғаса бере­ді. Бірақ несие жекелеген азаматтарға белгілі бір жағдайларда нақты көмек ретінде бері­луі қажет. Бізде керісінше, жеке тұлға­лар несиені ықтималдылығы жоғары тәуе­кел­дермен алып жатады. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан несие беру, несие алу шарттарына қатаң талаптар қою қажет.

 

АЛМАТЫ