Руханият • 02 Шілде, 2019

«Менің атым Қожа» – мәңгілік классика

2257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кинематографияның классикасына айналған «Менің атым Қожа» картинасының экраннан түспей келе жатқанына 60 жылға таяды. Қазақстанның ең үздік балалар фильмі тұңғыш рет ағылшын тіліне дубляж жасалып, Ромфорд халықаралық және тәуелсіз кинофестивалінің аясында арнайы марапатқа ие болды.

«Менің атым Қожа» – мәңгілік классика

Лондонда өткен биылғы «Romford Film Festival» қазақ киносы үшін елеулі табыстарымен есте қалды деуге негіз бар. Кинофестиваль аясында өткен Eurasian Creative Guild Film Festival-де «Менің атым Қожа» картинасы «Мәңгілік классика. Әлемдік тану» құрметті марапатына ие болса, «Қыз бен теңіз» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Динара Шә­ріпова фестивальдың «Ең үз­дік актрисасы» деп танылды. Ал «Финансист» картинасы «Кө­рермендер көзайымы» сыйлы­ғымен марапатталды.

– Бұл Еуропада өткен алғаш­қы еуразиялық кинофестиваль. Соған қарамастан фестиваль өте табысты өтті. Шетелдік әріп­тес­теріміз кино қорына, әлем мә­дениетіне жаңа фильм қос­тыңдар деп ерекше қуанып жатыр. Бұл – халықтық кино. Біз соны көр­сетуді мақсат еттік, – дейді «Eurasian Creative Guild Film Festival» директоры, дистрибьютор Майра Қарсақбаева. Оның айтуынша, «Romford Film Festival» басшылығы тарапынан ұсыныс түскен соң «Менің атым Қожа» фильмін қысқа уақыт ішінде дубляждап шығарған. Фильмді дыбыстауға 17 адам қатысыпты. Кішкентай актерлерді Америка мен Ұлыбритания елінің Қазақстандағы өкілдерінің балалары оқитын үш мектептің театр үйірмелерінен таңдап алған. Әйт­кенмен дубляж жұмыс­тарын өткізуге қаржының жоқтығы қолбайлау болып, бар мүмкіндіктермен іске асыруға тура келген.

«Жағдайымызды түсіндірген соң ересек актерлер қолдау көрсетіп, тегін жұмыс істесе, ба­лаларға өз қалтамыздан азын-аулақ ақы төледік. Көп адам­нан қолдау сұрап, хат жаз­ғанымызбен еш нәтиже болмады. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мекте­бінің мұғалімдері мәтінді редак­циялауға көмектесті. Аталған мектептің директоры Гүлфарида Раисова апайымызға, зал мен дыбыс режиссерінің тегін қызметін ұсынған «Қазақфильм» АҚ бас­шылығына ерекше алғыс біл­діремін», дейді Майра Қар­сақбаева.

Бірқатар көркем және д­е­ректі фильмдердің атқарушы продюсері болып ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан маман киноөндіріс, дубляж бен прокат жағдайын бес саусақтай біледі. «Көрсетілім кезінде лондондық көрермендер бізден талантты музыкант Нұр­­ғиса Тілендиев, жазушы Бер­­дібек Соқпақбаев туралы сұрады. Сондықтан классикалық фильмдерді түпнұсқалық ерек­шеліктерін сақтай отырып, ағыл­шын тіліне аударып ұсы­нуымыз керек. Көптеген шет мемлекеттерде болып жүр­мін, қазақты теріс қырынан көр­сететін қазіргі арзанқол фильм­дерді оңды-солды көр­сете беру дұрыс емес», деген ол ұлттық болмысымыздың көр­кемдік сипатын айшықтайтын шы­ғармалардың сұраныста екенін айтады.

Дәстүрлі Ромфорд фестивалі кино алаңы ретінде кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Өйткені Ұлыбританияда көптеген әлем­дік киностудиялардың блок­бастерлері түсіріліп, монтаж жұ­мыстары жасалады. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, фестиваль еуразиялық киноны ағылшын тілінде насихаттауды, сондай-ақ кино өндіріс өкілдерін бүкіл әлемнің кәсіби мамандарымен таныстыруды мақсат етеді.