Орта салмақта жұдырықтасып жүрген 37 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин бұл күндері үздіктер тізімінде жетінші орынды қанағат тұтты.
Ал көш басында – Теренс Кроуфорд. Жартылай орта салмақтағы 31 жастағы АҚШ боксшысы осы күнге дейін 35 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында басымдық танытты. 26 қарсыласын ол есінен тандырды. Екінші және үшінші орындарды жапониялық Наоя Иноуэ мен украиналық Василий Ломаченко иеленуде.
Сондай-ақ «ТОП-10» боксшының қатарына мексикалық Сауль «Канело» Альварес, украиналық Александр Усик, америкалық Эррол Спенс, пуэрторикалық Хуан Франсиско Эстрада, АҚШ-тың тағы бір мықтысы Майки Гарсия және таиландтық Срисакет Сор Рунгвисаи сынды саңлақтар еніп отыр.