03 Мамыр, 2013

Жер телімі үшін текетірес

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жер телімі үшін текетірес

Жұма, 3 мамыр 2013 2:51

Қызылордада өзекті мәселеге айналып тұр

Жердің дауын қазақ қашаннан жоғары қойған. Қарыс сүйем жер үшін талас бізде ежелден бар. Сондай таластың талайы бүгінде Қызылорданың төңірегінен де табылып қалады. Сондықтан да, облыстық прокуратура жақында өткізген алқа мәжілісін осы бір ғана мәселеге арнады.

 

Жұма, 3 мамыр 2013 2:51

Қызылордада өзекті мәселеге айналып тұр

Жердің дауын қазақ қашаннан жоғары қойған. Қарыс сүйем жер үшін талас бізде ежелден бар. Сондай таластың талайы бүгінде Қызылорданың төңірегінен де табылып қалады. Сондықтан да, облыстық прокуратура жақында өткізген алқа мәжілісін осы бір ғана мәселеге арнады.

Бір жиынның өзінде-ақ Сыр бойындағы басты қалада жерге қатысты мәселенің қаншалықты ушығып тұрғаны байқалып қалды. Ондағы ең бір екшеп өтетін тұс – қала әкімдігінің 2011 жылғы 4 қазанда 1997-2005 жылдар аралығындағы жерге байланысты өтініштерді есепке алу журналын жойып жібергенінен көрініс береді. Соның салдарынан мұнда жер учаскесін табыстау кезектілігі түсініксіз халге жеткен. Ал әкімдік әлі күнге 2004 жылға дейінгі кезекте тұрғандар тізімін құрай алмай келеді.

Облыс прокуратурасы сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекет мұқтажына жерлерді алу барысында оның негізділігі мен тиімділігіне баға берілмей, тиісінше мемлекет қаражатының негізсіз жұмсалуына бағытталған шешімдер қабылданатынын да анықтады. Атап айтқанда, әкімдік 2008 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен Қаратоғай көшесі, №36 үйдің астында орналасқан жалпы көлемі 0,1 га жер учаскесін үстіндегі үйімен бірге 5 440 400 теңгеге мемлекет мұқтажы үшін сатып алғанымен, оны мүлдем бұл мақсатта пайдаланбаған болып шықты. Соған қарамастан, ол қалалық прокуратураға берген анықтамасында аталған жер учаскесінде орналасқан тұрғын үй құрылысының бұзылып, жер учаскесі босатылғанын және мемлекеттік жер қорына қайтарылғанын атап көрсеткен. Бұған қоса, аталмыш үйдің иесі әлі де Н.Базарбаев болып табылатыны туралы жалған мәлімет берген.

Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардың бір азаматқа екі рет жер учаскелерін берген деректері де айғақ болды. Мұндайлардың қатары артық-кемі жоқ 57 адам екен. Сонымен қатар, қала аумағында бас жоспарға сәйкес келмейтін жер учаскелері де беріліп кеткен. Мұның бір айқын дерегін Бөкейхан – Сұлтан Бейбарыс көшелері аралығындағы қалаішілік магистралды жол салу жоспарына кірген аумақтан жұртқа жер беріліп кетуінен де көруге болады.

Жалпы, әкімдік 2012 жылы жеке және заңды тұлғалармен жер учаскелерін сатып алу-сату туралы барлығы 152 шарт жасасқан. Алайда, осының негізінде берілген жер учаскелерінің 64-інің қар­жы­сы уақтылы төленбегендіктен, мұның қарызы 101 911 028 теңгеге бір-ақ жеткен. Дәл осындай заң бұзушылықтар Қармақшы ауданында да орын алған. Бұдан басқа, қалалық әкімдікте 2012 жылы жалпы жер мәселесіне қатысты жеке тұлғалардан тіркелген өтініштердің 200-ден астамы созбалаңға салынғаны белгілі болды. Мысалы, «Мелиоратор» ЖШС-ның 2012 жылғы 28 мамырдағы ойын-сауық кешенін салу үшін жер учаскесін сұраған арызына жауапты жергілікті билік 6 ай 21 күнге кешіктіріп берген. Осы тектес заң бұзушылықтар 127 кәсіпкерлік субъектінің өтініштерін қарау барысында да орын алған. Сондай-ақ, атқарушы органдар 2012 жылы жер учаскелерін табыстау туралы 22 сот шешімінің тек 1-еуін ғана орындаған екен.

Тексеру барысы жеке және заңды тұлғаларға жеке тұрғын үй құрылыстары мен кәсіпкерлік мақсатқа су қорғау аймақтарынан да жер телімдері беріліп кеткеніне көз жеткіздірді. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталығының маңындағы ауданнан «Бис-Строй» ЖШС-іне және «Бизнес-Интерконти» ЖШС-не жер учаскелері табысталуын осылай бағалауға болады. Аталған учаскелер су қорғау белдеуінен шамамен 20-22 метр арақашықтықта ғана тұр.

Үкіметтің «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» қаулысының 4-тармағының 1-тармақшасына сай, сатушының айрықша функцияларының бірі жергілікті өкілді орган бекіткен тізбеге сәйкес нақты жер учаскелерін және жер учаскесін жалдау құқығын анықтау болып табылады. Алайда, 2011-2012 жылдары аукцион арқылы табысталатын жер учаскелерінің тізімін Қызылорда қаласы әкімі құзыреті шегінен тыс шығып кетіп, өз қаулыларымен бекітіп жіберген. Осының салдарынан қала аумағында 214 жер учаскесі ешқандай негізсіз беріліп кеткен.

Тағы бір айта кететін жағдай, Кодекске 2011 жылғы 16 тамызда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын табыстау жөнінде өзгеріс енгізілді. Алайда, Қызылорда қаласы әкімдігі бұған пысқырып та қараған жоқ. Ол 2012 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 287 жер учаскесін табыстаса, соның 90-ы жеке меншіктің пайдасына ұсынылған. Осыған орай облыстық прокуратура таяуда облыс әкімінің атына аталған жағдайларды алдын алуға бағытталған нақты шараларды қабылдау жөнінде прокурорлық ықпал ету актісін енгізді.

Жалпы, облыстық прокуратура органдары жер қатынастары саласындағы заңдылықтардың сақталуына жүргізген 10 тек­серуін­де 463 заң бұзушылықты анықтап, 7 ұсыныс енгізген. Осының нәтижесінде 12 тұлға тәртіптік жаза алған. Бұлардың өзінің 5-еуі сыбайлас жемқорлық сипатындағы жауапкершілікке тартылған.

Рас, мұның бәрі қаланың бұрынғы басшылығы тұсында орын алған. Сол себепті де облыс орталығының жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кемшіліктерді жою мақсатында кешенді шаралар атқарылатынын мәлімдеді. Ал аумақтық жер инспекциясының бастығы Бағдат Мұхамедов бұған дейін жер мәселесі облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасының алқа мәжілістерінде бірнеше рет көтерілгеніне қарамастан, бәрі «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отырғанын да жасырмай айтты. Бұған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов ендігі жерде айтылған сөздің айтылған жерінде қалмайтынын айтып жауап берді. Ол ендігі кезекте жерге қатысты мәселенің барлығы ұдайы назарда болып, күнделікті бақылауға алынатынын ерекше атап өтті.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.