Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Мектеп кабинеті дастарқан жаятын жер ме?

1077 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қай кезде де орталықтан өңірлерге, облыстардан аудандарға кейде жоспарлы, кейде жоспарсыз аяқастынан сау ете қалатын тексеріс үзіліп көрген емес.

Мектеп кабинеті дастарқан жаятын жер ме?

Біз мұны айтқанда ортақ іске пайдасын тигізе алатын мемлекеттік мекемелерде бюджеттің үнемді әрі тиімді жұм­салуына бағыт-бағдар сілтейтін комис­сиялардың қызметін көпсініп отыр­ғанымыз жоқ. Гәп басқада. Яғни, мұндай кезде кейбір жергілікті тұлғалар тарапынан түскі және кешкі уақыттар­да комиссия мүшелеріне ас та төк мол дастарқан жайылатыны, тіпті олар орналасқан қонақүйдің пұлы да тексерілетін нысан өкілдері­нің есебінен төленетіні жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сарап­шылары­ның пікі­рінше, мұның арты сыбайлас жем­қорлық қаупін туғызуы мүмкін. 

Сондай-ақ осылардан бірдеңе етіп аман-сау құтылайық, қайткенде де тек­серулеріне оң баға беріп кетсін деген ішкі бақай есеппен жайылатын мол дастарқан – халқымыздың ежелгі қонақ­жай салтымен үш қайнаса сорпасы қо­сыл­майтыны тағы да аян. Егер оған тексерушілер тобы бірден қарсы болса, мұн­дай ұсыныстарды бірден тойтарып тас­таса кім біледі, той мәзіріне бергісіз дас­тар­қан жайылмас па еді. Бар бәленің бастауы осындай үнсіз келісім шығар бәлкім. 

Тексерулердің мерзімі әртүрлі болатыны белгілі. Күн, апта емес, тіпті тұтас айға созылып кететін комиссия тексерулері болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине бұл істі атқару үшін іссапарға аттанған комиссия мүшелері мен мамандар тобына жол шығындары мен тамақтануы және қонақүйге немесе ақылы пәтерге орналасуы үшін тиісті қаражат бөлінеді. Әрі ол көп жағдайда бюджет қаражаты­ның есебінен төленеді. Солай бола тұра қоғамдық өмірде жоғарыда айтылғандай кереғар көріністер кездесіп қалады. 

Айталық, биылғы 2019 жыл­дың мау­сымында «Ақтөбе – адал­дық алаңы» жо­ба­лық кеңсе­сі­нің қызметкері Байға­нин ауда­ны­ның орталығындағы То­бық Жар­мағамбетов атындағы орта мек­­теп­тің кабинетінде ішіп-жемі мол дастар­қанның дәл үстінен түсіп, бұл көріністі бейнесюжетке түсіріп алыпты. Кейіннен бұл дас­тарқан Ақтөбе облысының бі­лім басқармасына қарасты пе­­дагогикалық-дәрігерлік-психо­ло­­гиялық кеңесінің 10 маманына жа­­йылғаны белгілі болды. 

Ақтөбе облысы білім басқар­масы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың мә­лім­деуінше, мамандар өз қара­жат­тары есебінен кезектесе оты­­рып тамақтанған. Олар уақыт­тары­­­ның өте тығыз болғанына орай түс­кі және кешкі ас үшін жергілік­ті түзе­ту ка­бинеті мамандары­нан дас­тарқан ұйымдас­тыруды сұраған. Оның қара­па­йым ғана бірінші, екінші берілетін мә­зір­дегі тағам емес, той дастарқанына бер­гі­сіз болғаны қалай деген сауал туындайды.

Жергілікті тұлғалар облыс­тан келген мамандар үшін мектеп кабинетіне неге аста-төк мол дас­тарқан жаюға тиіс?! Сонда аудан орталығында асхана мен дәм­хана секілді қоғамдық тамақтандыру орындары болмағаны ма?! Мектеп кабинеті облыс орталығынан келген мамандарға мол дастарқан жаятын орын ба?! Оны әзірлеуге мұндай құқық пен рұқсатты кім беріпті?! Мұндай жағ­дайда санитарлық нор­малардың белден басы­латыны да белгілі емес пе деп тұжы­рымдайды, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кең­сесінің қызметкерлері. 
Осы ой-пікірді Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі­нің Ақтөбе облысы бойынша депар­таментінің басшысы Расул Медетов те қуаттады. 
Әрине облыстық білім беру бас­қар­масы жанындағы педаго­гикалық-дәрігер­лік-психо­логиялық кеңесі мүшелерінің шалғайдағы ауданда балалар мен ата-аналарға кеңес беру үшін барғаны, оған қоса өздерінің кәсіби көмектерін беруге ұмтылғаны қолдауға әбден тұрарлық іс. Бұл олардың қызметтік міндеттері екені тағы да айқын. Сөйте тұра өз қара­жаттары есебінен дей тұрсақ та, мектеп кабинетінен мол дастарқан жаюға тапсы­рыс беруі олардың қызмет әдебіне сәй­кес келе қояр ма екен? Осы арқылы об­лыс­т­ық білім беру ұйымының өкілдері шал­ғай ауданда өнеге емес, өзімшілдік көр­сетіп кеткендей әсер қалдырады. Ақтөбе облыстық білім беру басқармасы басшы­лары бұған не дер екен?

Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы