Әдебиет • 04 Шілде, 2019

Әдептілік – әкеден

928 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

– Әкең келе жатыр! Өн бойымда бір діріл жүгіріп өтті. Ойынның қызығына түскен мен манадан бері шешемнің әлденеше рет шақырғанын елемей тұрған едім. Осы бір ауыз сөз қырсықтығымды да, аздаған еркінсуімді де, еркелігімді де сап тыйған. Үйге лып етіп кірдім. Іле-шала сыртқа шығып, қолыма күрек ұстап қораны тазалай бастадым.

Әдептілік – әкеден

Шешем «қалай екен?» дегендей ту сыртымнан күле қарап тұр екен. Мен жұмысты жан-тәніммен беріле істеп жатқан сыңай таныттым. Әкем мен жақ­қа бірер мәрте қарағыштады да үйге кіріп кетті. Содан әке-ше­шем шайға шақырғанша қора­дан шыққаным жоқ.

Үйге кірсем, әкемнің қабағы қатулы екен. Шешем «әкең ашулы, оны мазалама» дегендей ыммен түсіндірді. Дастарқан шетіне дыбысымды білдірмей жайғастым.

– Сабағың қалай? – деп сұрады әкем.

– Жақсы.

– Болашақ – білімде. Саба­ғыңды жақсы оқы, – деді әкем.

Әңгіме осымен бітті.

Дастарқан басындағылар түгелдей әкемнің қабағын бағып, ол кісі бата бергеннен соң ғана орнымыздан көтерілдік.

Бұл бір біздің ғана отбасы­мыз­да қалыптасқан дәстүр емес-ті. Ауыл­дағы барлық отбасы әке­лерінің ғана айтқанымен жү­­ре­тін. Бұл бұлжымас заң деп есеп­теуші едік. Аналарымыз балаларына үнемі әкені сыйлап, құрмет көрсетуге тәрбиеледі. Қатар­ластарымыз әкелерінің аяқ киімін майлап қоятын. Үлкен кісі­лер (аталар, әжелер) келсе, кетерінде алдарына кебісін қою­ды санамызға сіңірген болатын. Ол кезде бүгінгідей авто­көлік қайда, есектеріне қолты­ғынан демеп мінгестіріп, шылбы­рын қолына ұстатып, жолға салып жіберетінбіз. Тәрбие нәрі жас­тар­дың санасына осылай сіңді.

Осы бір бұлжымас заң, бұ­зыл­­майтын қағида соңғы кезде күрт өзгерді. Оған кешегі то­қырау жылдары да себеп сияқты. Өйткені еркек кін­дік біткен жұмыстарынан айыры­лып, әйел­дер ала қап арқа­лап ба­зар жағалап кеткенде әкелер­дің бе­делі төмендеп кетті. Отбасы­ның басты асыраушысы әйелдер болды. Отбасылық билік те солар­дың қолына ығысты.

Психологтардың айтуынша, күйкі тірліктің күрделі күйбеңі мен күйзелісіне ер-азаматтар шыдай бермейді екен. Сол себепті де олардың арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары жиі кездеседі деседі. Жүрек-қан тамырлары ауруына да жиі ұшырайтындар – ерлер.

Отбасының құлдырауы түп­теп келгенде ұлттың, қоғам­ның өркендеуіне зиянын тигі­зеді. Отбасын сақтай алма­ған ер-азаматтар қоғамда түрлі кедер­гілерге тап болады. Әке ме­йі­ріміне мұқтаж балалар өз ортасында орындарын таба алмайды. Олар жалтақ, біреу­дің көмегінсіз ештеңе жасай ал­май­тын бойкүйез болып қалыпт­асады. Ер-азаматтың мысы бол­маған­дықтан да мінез-құлқында ауытқушылықтар аңғарылады. Көрген-баққаны анасы болған соң соған еліктейді. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. «Жасық, қорқақ, екіжүзді, жас­қан­­шақ, бос сөзге құмар, сыр сақтай алмайтын балалар әкесіз өскендер» дегенді де психологтар айтып жүр.

Әрине отбасында еркек пен әйелдің өз орындары бар. Әйел – үйдің шырағы, еркек – үйдің пырағы. Осы екеуі барда бала толыққанды азамат болып қалыптасады. Бірақ соңғы кезде бала тәрбиесі тек ананың мойнында. Мұны кейбір келіншектер өздері тілеп алатындай. «Тәк» десе ата жөнелетін киік­тей, кү­йеуі сәл зекісе төркініне тайып тұратындар «әкесіз де баламды тәр­биелей аламын» деп кергиді. Қайтып келген қызды жаудан жаман көретін қазақ бүгінде «ішіне сыйған қызды сыртына да сыйғызады». Осыдан барып жетім, жаутаңкөз балалар кө­бейді. Қайтып келгендер балаларын күйеуіне көрсетпейді. Әке мейірімін көрмей өскен бала енді жасық болмағанда қайтеді?

Бүгінде отбасында еркек пен әйелдің орындары ауысып кеткендей. Еркек – бас та, әйел – мойын. Демек, мойын басты қалай қарай бұрамын десе де еркінде. Осыдан соң еркектің беделі қала ма? Меніңше, біздегі заңға өзгеріс керек сияқты. Егер ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, балаларын тек анасының бауырына қалдырады. Ал еркек баласы 18 жасқа толғанша алимент төлеуі тиіс. Осының өзі әке бе­де­лін төмендету емес пе? Қа­шанда ұл-қызға әкелік мейірім қажет.

Отбасында береке-бірлік, балалардың тәртібі, әдепті болып өсуі шаңырақтың негізі бо­лып саналатын әке мен анаға тікелей қатысты. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дегенді бұрынғылар текке айтпаған.

Жуырда бір танысымыз ажырасты. Жап-жақсы-ақ отбасы еді, не түлен түрткенін кім білсін, дүние-мүлік қылдай бөлінді. Ал балалар кім­нің қолында қала­ды дегенге келгенде қиямет-қайым басталды да кетті. Не­ме­релері­не бауыр басып қалған ата мен әженің өксігін көріп шыдап тұра алма­дық, сот ақыры келінге балаларды алып берді. Шырылдап балалар кетті, жер болып әке қалды.

Тағы бір бұрынғы ерлі-зайып­ты­­лар­дың тауқыметін білеміз. Ажы­расқан соң келіншек ұлын әкесімен кездестір­мей қойыпты. Ол енді жасы он сегізге толғаннан соң ғана қалау еркіне ие. Оған дейін ол әкесін жек көріп өспей ме? «Қарамады, қарайласпады, өзегінен шыққан ұлды өзегінен тепті» деп әкесін ғұмыр бойы кінәлап өтпесіне кім кепіл? Ал ол анасының тәкаппарлығын қалай бағалайды? Ажырасқан әйелдер бұрынғы күйеуін мақтай қоюы неғайбыл. «Әкең оңбаған еді, маскүнем еді, сараң еді, жатыпішер еді. Бізді қаңғыртып тастап кетті» деп баласының құлақ құрышын жейтіндер де жоқ емес. Осыдан соң баланың әкеге деген сенімі сетінемей ме?

Бір бойжеткенмен таныспыз. Әкесіз өсті. Сондықтан ол шешесін кінәлайды. «Әкем тірі. Бірақ анамыз онымен қатыс­тырмай қойды. Есесіне шеркөңіл болып өстім. Егер әкемнің қайда тұрып жатқанын айтқанда, оны тауып алып өмірімнің соңына дейін аялап өтер едім» деп армандайды бойжеткен.

Айтып отырғаныңыздың бар­лығы ажырасудан келген зардаптар. Осы зардаптың соңы – апат. Өйткені олардың басында да ұлт тағдыры тұр. Қазір әкесін танымайтын, оны білгісі де келмейтін ұрпақ өсіп келеді. Мейірімге шомылып өспеген немесе анасының ғана айдауымен жүріп келген олардың ертеңі не болады? Отба­сылық құндылықтарды жартыкеш сезінген ұл ертең өз отбасын сақтай ала ма? Әкесіз өскен бойжеткен ертең келін болғанда күйеуінің қадіріне жетер ме?

Иә, отбасында әкенің орны қашан­да бөлек. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршы­сы. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Ал сахабалардың хадистерінде: «Баланың ізгі болуы – Алла тағаладан, ал әдептілік – әкеден» деген сөзінде де үлкен мән жатыр. Біздің қазақта біреу өнегелі ісімен көрінсе «Әкесі немесе атасы жақсы кісі еді. Өнегелі жерден шыққан ғой, көргенді бала екен» деп отырады. Демек, өнеге өрісі – әке мен ата екен. Бұл жерде ананың орнын төмендеткіміз жоқ. Айтқымыз келгені – әкесіз өскен ұлдың жартыкеш болып қалуы. Отбасылық береке толыққанды ұрпақ тәрбиелейді. Ал саналы ұрпақ – ұлттың келешегі.

Ұрпақты сақтау арқылы ұлт­ты сақтай алатынымызды естен әсте шығаруға болмайды.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ