Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Амангелді ауданында мың домбырашы «Балбырауынды» ойнады

889 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауданда Ұлттық домбыра және «Елорда күніне» арналған мерекеде 1000 домбырашы бір мезгілде халық күйі «Келіншекті» және Құрманғазының «Балбырауынын» тартты. Батпаққараның даласын күй тербегендей болды. Он емес, жүз емес немесе 500 емес, 1000 домбырашы ойнайтын оркестрді дайындау оңай емес еді. Оған ауданға белгілі музыка маманы Олжас Қылдыбаев дирижерлік жасады.

Амангелді ауданында мың домбырашы «Балбырауынды» ойнады

– Бұл аудан әкімі Әмірхан Асановтың тікелей бастамасы болатын. Оған табаны күректей алты ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілді. Әр ауылдардағы клуб қызметкерлері, мектептердегі домбыра үйірмелеріне жетекшілік ететін музыка пәнінің мұғалімдері белсене қатысты. Мақсатқа қол жеткіздік, күйлерді мың домбырашы сәтті орындап шықты» дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынғали Сейдин.

Мамыр айында ауданда өткен Қызғалдақ фестивалінде де 500 домбырашы күй тартқан болатын. Сол кезде «Ұлттық домбыра күні» «қатарымыз мыңға толады» деген еді домбырашылар. Міне, енді ауданда мың домбырашы бар. Олардың арасында мектеп оқушысынан бастап, еңбек ардагерлеріне дейін отырды.

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы