Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібінің негізгі мәселелерін және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың 2018 жылғы қаңтарда қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
АҚШ өкілдері Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысын қолдап, Қазақстан-Америка қарым-қатынасының барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінде Б.Атамқұлов Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың АҚШ-тың алдағы 243-ші тәуелсіздік күніне орай Ақ үйдің басшысы Д.Трампқа жолдаған құттықтау хаттарын табыс етті.
Келіссөздер кезінде белгілі болғандай, америкалық тарап Президент Қ.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құру бағдарламасына қолдау көрсетіп, белгіленген реформаларды жүзеге асыруға қажетті көмек көрсетуге дайын.
Тараптар жаһандық экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-инвестициялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. 2018 жылы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өсімді көрсетті, сауда айналымы үш есе өскен, ал америкалық инвестициялардың ағыны екі есе ұлғайды.
Ақ үйде кездесу кезінде Дж.Болтон АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. Бұл орайда Дж.Болтон мен М.Помпео стратегиялық әріптестіктің осы бағытын одан әрі арттыруға бейілділігін растады. Америкалық тарап «Жусан» қазақстандық операциясын жүзеге асырудың табыстылығын жоғары бағалады. Мемлекеттік хатшы М.Помпео еліміздің іс-қимылдарын халықаралық терроризмге қарсы күрестегі нақты үлесі және әлемнің басқа мемлекеттері үшін үлгі деп атады.
АҚШ Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің бірі. АҚШ бизнесі 27 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 47 миллиард АҚШ долларын құйды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрады. Шетелдік капитал салымдарының жалпы қоржынында тікелей америкалық инвестициялардың үлесі 2018 жылы 22%-ға жетті (5,3 млрд АҚШ доллары). Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес елімізде америкалық компаниялардың 160-қа жуық өкілдігі және Қазақстан-АҚШ бірлескен 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Америкалық инвесторлар тау-кен өнеркәсібі, машина құрастыру, өндіруші өнеркәсіп және т.б. салаларда бірқатар жобаларды іске асырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, Қазақстан үшін маңызды аграрлық өңдеу, фармацевтика өнеркәсібі секілді экономика секторларында америкалық капиталдың қатысуымен шамамен 20 әлеуетті жобаны пысықтауда.
Қазақстан америкалық компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және мұнай-химия кәсіпорындарын салуға америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүдделі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды табысты іске асыру аясында екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықтың белсенді өсуі байқалады.