Спорт • 05 Шілде, 2019

Михаил Кукушкин әлемнің 12-ракеткасын ұтты

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ұлыбританияда өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирінде еліміздің бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин табысты өнер көрсетуде.

Михаил Кукушкин әлемнің 12-ракеткасын ұтты

Тұсаукесер кездесуде испандық Пабло Андухарға сан соқтырып кеткен жерлесіміз екінші айналымда Джон Изнермен кездесті. Бірден айта кетейік, бұл бәсекенің фавориті америкалық теннисші еді. Себебі, 34 жастағы Джон былтыр дәл осы турнир және АҚШ-тың ашық біріншілігінде жартылай финалға дейін жетті. АТР турнирлерінде 14 рет топ жарған ол қазіргі кезде әлемдік рейтингте 12 орынды иеленуде. Оның үстіне, қос ойыншы осыған дейін төрт мәрте кездесіп, барлығында Изнердің мерейі үстем болды. Десек те сол кеште кортта керемет ойын өрнегін көрсеткен Кукушкин 6:4, 6:7, 4:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесу 3 сағат 8 минутқа созылды. 

Үшінші кезеңде Михаил Кукушкин Ян-Леннард Штруффпен шеберлік байқасады. 29 жастағы неміс теннисшісі АТР тізімінде 33 сатыда тұр. Биыл ол Ролан Гарростың төртінші айналымында күш сынасты. Осыған дейін айтулы ойыншылар арасында өткен үш бәсекенің үшеуінде де Штруфф басым түсті. Міне, енді есе қайтаратын кез келді.