19 Наурыз, 2010

ХАЛЫҚ ҚЫЗЫЛАҒАШҚА ОРАЛУДА

630 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тасқыннан кейінгі тіршілік біртіндеп түзеліп келеді Халқымыздың “Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді” деген сөзіне Қызылағашта бол­ған кешегі күні тағы бір көз жет­кіздік. Баршаның назарын аударған тасқыннан болған зар­дап­ты жою мен қалпына келтіру, жапа шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсету, азық-түлікпен қам­тамасыз ету шарасының деңгейі құп­тарлық деуге болады. Елбасы­ның тікелей тапсырмасымен қайы­рым­дылық шаралары жедел бас­тал­ғандықтан әр өңірден есеп-шотқа қо­мақты қаржы түсуде. Қызыл­ағаш­тықтарға қолұшын созған ақ­төбеліктер 120 млн. теңге аударса, өзге де өңірлерден 50 млн. меңге қаржылай көмек көрсету шешімін табуда. Аталған елді мекенде халықтың еңсесін кө­те­ру­ді мақсат еткен қайырымдылық кө­мектері мен шаралар легі толастамауда. Тасқын зардаптарын жою, қи­раған үйлердің орнын тазарту, тағы басқа жұмыстар қарқын алғанын көрдік. Бұрынғыдай емес, тіршілік ырғағы түзеліп, бүлінген, бірақ іл­дал­далап тұруға болатын баспана­лар ретке келтіріліп, 247 отбасын­дағы 771 адам ауылға қайта оралды. Олар құтқарушыларға көмек көр­сетіп, жұмыла жұмыс істеуде. Үй­лері тұруға келмейтіндер орта мек­теп ғимараты мен әрқайсысы он адамға арналған арнайы тігілген шатырларға орналастырылуда. Ба­лалардың оқуы жалғасуда. Осы­лай­ша Қызылағашта шатырлы қала­шық орнап, тірліктің тамырына қан жүгірген. Атқарылған жұмыс күн сайын кешкісін қорытындыланып, қалпы­на келтіруге қатысушы мекеме, ұй­ым басшылары есеп беріп, алдағы жұмыстардың жоспары жасалуда. Жиында облыс әкімі Серік Үм­бе­тов сала басшыларынан зардапты жою мақсатындағы атқарылған және шешімін табуға тиісті мәсе­лелерді, мемлекет тарапынан бөлін­ген және халықтан түскен қара­жат­ты мақсатты жұмсап, апат зар­даптарын тез арада жою мен тұр­ғындардың тірлігіне ерекше назар аудару қажеттігін нақтылады. Қазіргі кезде ауылдағы ауру­хана, мектеп, әкімдік үйі, байланыс бөлімшесінің ғимараттары тазала­нып, қуат көзімен, телефон желі­сі­мен қамтылған. Осы күні “Қаз­пошта” ғимаратында мекендеріне оралғандарға зейнетақылары бе­рілсе,  қалғандарының құжаттарын тез арада заңдастыру тапсырылды. Үкіметтен, облыс әкімдігінен бе­рілуге тиісті қайырымдылық қара­жатын алу мақсатындағы тіркеу жал­ғасуда. Елді мекенде 500 нө­мір­лік телефон стансасы іске қосыл­ғаны, халыққа ауыз су арнайы он автомәшинемен тасымалданатыны да айтылды. Құрылыс материал­да­ры біртіндеп жеткізіліп, құрылыс­шылар тазалау жұмыстарымен ай­на­лысуда. Тұрғын үй салуға қажетті кірпіш жеткізілуде. Облыстағы денсаулық сақтау, ішкі істер департаменті мен төтен­ше жағдайлар қызметінен кезекші­лік ұйымдастырылып, құтқарушы­лар мен тұрғындар асханада үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылып­ты. Тасқын салдарынан Талдықор­ған­дағы ауруханаға түскендер ем­деліп шығуда. Зардап шеккендерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, басқа да көмектер көрсету әлі де жалғасуда. Түйінді мәселе құрылыс мате­риалдарын жеткізудегі темір жол қатынасын тез арада ретке келтіру болып отыр. Сарыөзек пен Үштөбе, Ақтоғай мен Үштөбе арасындағы шойын жолды қалпына келтіру жұ­мыстары созылатынын жеткізген сала басшысы құрылыс материал­дарын Алматы арқылы Сарыөзекке жеткізіп, автокөлікпен тасымал­дау­дан басқа мүмкіндік жоқ екенін айт­ты. Сонымен қатар, Қызыл­ағаштағы, Сағабүйендегі өткелдің ертең қалпына келтірілетіні, құ­рылысшылар жұмысы қарқын алғанымен, үздіксіз жауған жаңбыр қолбайлау болғаны да сөз болды. Қызылағаштың тірлігін жаңа арнаға түсіретін құрылыс жұмыс­тары. Бүгінде онымен айналысатын құрылыс компаниялары жұмыс­та­рын бастауға әзір. Ал, тұрғындар ынтасы да жақсы. Олар үйлерінің орнын тазалап, өз көмектерін көрсетуде. – Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Халықтың сабырлылығына, бүгінгі ниетіне рахмет. Елбасының тап­сыр­масымен жасалған қолдау нә­тижесінде әр облыстан қаржылай, заттай көмектер келсе, жеке адам­дар­дың, ұйымдардың қолұшын беруі де жақсы. Өңірлеріндегі қиын­дыққа қарамастан Шығыс Қазақстан облысы 50 млн. тең­гемен қоса жаңа он үй салып бере­тіндіктерін айтып отыр. Мұндай ұсынысты маңғыстаулықтар біл­дір­се, атыраулықтардың жанар-жағар­маймен көмек көрсету мақсатын­дағы бастамасы да қуантады. Жал­пы, Қызылағаштағы жағдай бар­ша­ны алаңдатқанын жасыруға бол­май­ды. Осы көмектердің жіп-шыр­ғасын шығармай пайдалану керек. Болмаған жағдайда еш кешірім жасалмайтынын тапсырған облыс әкімі құқық қорғау органдарына оны қадағалауды міндеттеді. Апатты жағдайды басынан өт­кер­гендер арнайы құрылған қо­ғам­дық кеңес мүшелері арқылы жағ­дайларын шешу үстінде. Бұл жолы тұрғындар жеке мәселелерінен гөрі ауыл тұрғындарының ертеңгі күніне байланысты ойларын ортаға салды. Қызылағаштық Дәуітхан Керімовтің пікірі құптарлық. Бізге жасалған қайырымдылық шараларына да, көмекке де риза­мыз. Бірақ, мемлекет 3 ай асы­райды деп қарап отырсақ, алдағы қыста қысылатынымыз анық. Бұ­рын­ғы егістік алқаптарына су жайы­лып, жарамсыз күйде. Бізге басқа жер бөлініп, тұқыммен қам­та­масыз етілсе, алдағы қысқа дайын­дықты өзіміз жасап алар едік. Мамандығым агроном, жұмыстың ретін білемін, дейді. Шаруа қожа­лықтарының көктем егісіне дайын­даған тұқымдарын су шайып құр­-ала­қан қалғаны да сөз болды. Осын­дай мәселені жергілікті тұр­ғын Алек­сандр Квитко да баяндап, ауылдас­тарының өміріндегі кейбір тұстарды атап айтты. Облыс әкімі сауалдарға назар аударумен қатар жер қорынан егістік алқабын қа­растыру, тұқыммен қамтамасыз ету мәселесін сала басшыларына мін­деттеуді өзі де қадағалап, шешетінін жеткізді. Ауыл тұрғындарының тілегі бойынша сауда орнын ашу, монша, тағы басқа тұрмыстық қажеттілік­тер­дің тез арада шешілуі күн тәрті­біне қойылды. Осы күні апат орнын тазалау кезінде екі адамның мәйіті табылды. Қызылағаштан алыстағанда әр үй­дегі электр жарығы самаладай жар­­қырап, мұндағы тірліктің сәл де бол­са түзелгенінің дәлеліндей көрінді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.