Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың маусымында ұлттық мәдениет, бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалған Жарлыққа қол қойды. Бұл шешімге бүкіл қазақ даласы қуанған шығар. Енді, міне жаздыгүні шілде болғанда ел болып рухты жаңғыртамыз. Өйткені домбыраның үнінде қазақтың рухы, киесі, қасиеті сақталған.
Қадыр ақынның қанатты сөзге айналып кеткен сүбелі сөзіндей, нағыз қазақ – домбыра. Бұл ұлттың болмысын бойына сіңірген ақынның айтқаны, ал өнер саласында жүрген жандар ата аспаптың ерекшелігін өзгеше өреді. «Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік профессионалдық өреге жеткен саласы – домбыра күйлері. Қазақ халқының күй өнері өзінің бүгінгі биігіне аз ғана уақыт аясында жете салған жоқ. Қаншама жүздеген жылдар бойы сан қилы тарихи кезеңдерді бастан кешіріп, көптеген ғасырлар сүзгісінен өтіп, шыңдалып кемелденді», дейді музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы.
Домбыраның шығу тарихы әлі нақты зерттеуді қажет етеді. Оған белгілі түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының әңгімесінен анық көз жеткізуге болады. Ол «Мәдениет» арнасына берген бір сұхбатында Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен саз аспабының табылғаны туралы айтады. Аспаптың екі ішегі, тоғыз пернесі және мойнында руна жазуы бар. Осыдан 11 жыл бұрын моңғолдың Дандар есімді бір шопаны қой бағып жүргенде бір үңгірді көзі шалады. Адамдар Жарғалант-Қайырқан жотасында тау барысы болғандықтан, бұрын көп мал жаймаған. Бертін уақытта жұт болып, малшылар шөбі шүйгін жерді іздеп, жотаны жортады. Әлгі шопан үңгірдің ішіне үңілсе, тасқа сүйелген ағашты көреді. Қолына алса, саз аспабы секілді болады. Содан таңғалған малшы қойларын өрістен алып қайтып, үңгірге ауылдағы тарих мұғалімін ертіп келеді. Сонда олар ағашты көрген үңгірден 21 жебесімен қорамсақты табады. Кейін мұғалім Ұлан-батырдағы институттан археологтарды арнайы шақыртады. Мамандар қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде үңгірден адам сүйегі мен ер-тұрманды жүген, айыл, үзеңгісімен алып шығады. Сол археологтардың БАҚ-тарға айтқан әңгімесін естіп, бір аптаның ішінде Сартқожаұлы моңғол астанасына жетеді. Мамандардан ағаш аспапты көрсетуін сұрайды, алғашында көрсеткісі келмегенімен, кейін көндіреді. Домбыра екенін жазбай таниды, ал мойнындағы жазуда: «Жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді», делінген. Ғалым бұл жәдігерді б.з. V-VI ғасырына жатқызған. «Міне, сол дәуірде күй деген термин қалыптасып қойған. Сонда сонау ғұн немесе сақ дәуірінде бұл домбыраны біздің көшпелі халықтар, түркілер пайдаланған болуы керек. Сондықтан мұны мен ата домбыра деп атадым», дейді ғалым.
Нанасыз ба, домбыра V ғасырдың өзінде адам жанына серік болған. Онда оның тарихы тым тереңде. Ал енді сол аспаптың осынша дәуірді артқа тастап, бүгінге жетуі – «домбыра – кие» дегенге дәлел-ақ. Академик Ахмет Жұбановтың: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішекте сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», дегені тегін емес қой.
Халқымыздың саф өнері – күйшілікті зерттеуде Ақселеу Сейдімбектің еңбегі ерен. Ол өзінің «Қазақтың күй өнері» кітабында «Күй сөзінің көк болып қолданылуын орта ғасырдан жеткен жазба мұралардан де кездестіреміз. Махмұд Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» (XV ғ.) атты кітабында күк сөзі күй мағынасында қолданылады. Демек, күй әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген», деген дерек келтіреді. Сонда күй арқылы Тәңірмен тілдесуге, оның сөзін естуге, көктен келген көңілді сезінуге болады. Құдірет деген осы емес пе?
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң – тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма,
Тілден артық үн барда?
Домбыраның күші мол,
Көмейінде күй барда, – деген Ілияс Жансүгірұлы домбыраның сөйлесе – шешен, күйлесе – көсем, төгілсе – тарих, шертілсе – аңызға айналатынын айтқандай.
Осынша ғасырды қос ішегіне сыйғызған домбыраның дүбірлейтін дәуірі енді туған секілді. Өйткені ол бүгінде әлемдік аренада еліміздің бәсін биіктетіп жүр. Сонау Парижді әнімен әуелеткен Әміре, Романовтар мен патша ағзамның алдындағы дүйім жұртты күйімен тамсандырған Тәттімбеттен тарқатсақ, қара домбырасымен талай жерді шарлаған бірқатар өнерпаздарымыз бен бүгінгі Құдайберген Димаштан бір-ақ тоқтаймыз. Бірақ бұл түйіндеу дегенді білдірмейді, домбыраның үні шарықтай бермек. Ең ғажабы сол – «бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұраған» екі ішекке дүние жүзінің кез келген музыкалық шығармасын түсіруге болады. Осының өзі – оның өміршеңдігін, мүмкіндігінің шексіздігін, сөйлете білген шебердің қолында небір тілде сайрай жөнелетінінің айғағы.
Осы тұста Таласбек Әсемқұловтың «Талтүстегі» кейіпкері Әжігерейдің әңгімесі есіме түсіп тұр. Талай күйді ауызбен ыңылдап тартқанына өзі тамсанатыны бар ғой. Сол секілді қолында домбыраны сөйлете алмағанмен, көп қазақтың көкейі сайрап тұрады. Бұл да қазақтың өзіне ғана тән бір болмыс болар.
Сондықтан домбыраның үні құлағына келсе, жүрегі рухпен бетпе-бет келгендей тебіренетін әр қазақты, оны бойтұмарындай биігіне іліп қойған бар қазақты әм қасиетті қара ағаштың қоңыр даусын өнерімен шарықтатып жүрген сал қазақты ерекше мерекемен құттықтаймыз! Ұлттық домбыра күнімен, ағайын!