Экономика • 09 Шілде, 2019

Көмірдің болашағы бар ма?

2856 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміздегі электр энергиясының 70 пайызы, коксхимиясы өндірісінің 100 пайызы, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген сұранысы толығымен көмір саласына тәуелді. Осы салада жұмыс істеп жатқан адам саны 35 мыңға жететін көрінеді.

Көмірдің болашағы бар ма?

Экономикада қомақты үлесі бар

Жалпы, көмір қоры бо­йынша әлемде үздік ондыққа кіретін еліміздегі 49 кен орнында шамамен 33,9 млрд тонна көмір қоры бар. Оның 90 пайызы елдің солтүстік-шығысы мен орталық өңірлерінде. 

1991 жылдан бері Қазақстанда 2,6 млрд тонна көмір өндірілсе, соның шамамен 0,8 млрд тоннасы шетелге экспортталған. Тек 2018 жылдың өзінде өндіруші компаниялар көмір концентратын есептемегенде 113,7 млн тонна көмір өндірген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық.

Жуырда Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің қолдауымен Респуб­ли­калық тау-кен өн­ді­руші және тау-кен ме­тал­лургия кәсіпорындары қа­уым­дастығы (ТМКҚ) ұйым­дас­тыр­ған «Технологиялық жаң­ғыр­ту жағдайындағы көмір өнер­кәсібінің жаңа мүмкін­дік­тері» атты форум өтіп, отандық жә­не шетелдік сарапшылар, кәсіпкер мен мемлекет­тік орган өкілдері Қазақстан­ның көмір саласының бо­лашағы туралы пікір алмас­ты. Осы форумда сөйлеген Ин­дустрия және инфра­құ­ры­­лым­дық даму министрі Ро­ман Склярдың айтуынша, Тау-кен өн­діру, металлургия жә­не кө­мір кәсіпорындарының қызметі елдің ІЖӨ-нің 

7 пайыздан астамын құрайды. Яғни, отандық экономиканың ал­дыңғы қатарлы саласы «Үкімет алдында шикізат индустриясын, табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін, өндірістерді жаң­ғыртуды жүргізу, оның ішінде үздік технологиялар трансферті және заңнаманы өзектендіру есебінен қайта қарастыру және ұйымдастыру міндеті тұр. Бү­гінде Қазақстанның жа­һандық мақсаттарға қол жеткізуі үшін қажетті шарттар мен ресурс­тар бар кезде алдымызда бар әлеуетті іске асыру міндеті тұр», деді министр. 

Р.Скляр Қазақстанның көмір өнеркәсібінің жағдайы мен даму перспективалары туралы әңгімелей келе, әлемдік трендтерді ескере отырып көмір химиясы мен көмірді кешенді терең өңдеуді дамыту қажетті­гін атап өтті. «Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиеттерінің сапалы өзгеруін қамтамасыз ете алады және тиісінше оның на­рық­тық бағасын арттыра ала­ды, ал ең бастысы – энергети­калық көмір нарығынан басқа бағыттарды бағындыруға мүм­кіндік береді», деді ол. 

Министрдің айтуынша, өт­кен жылыту маусымында көмір өндіруші компаниялар рес­публикалық сұранысты 101,3%-ға асыра орындаған. Әрине бұл бірінші кезекте Үкіметтің тікелей бақылауымен жасал­ғаны белгілі. Өйткені бірер жыл бұрын көмір тапшылығы туын­дағанда әлеуметтік толқу болып, Үкіметтің аузы күйген еді. Содан бастап жылыту маусымы сайын Үкімет басшысының өзі мәселені тікелей қарауына алатын болған. 

Министрлік қазіргі кезде көмір тапшылығы біржола шешілгеніне, енді мәселенің қайта туын­дамайтынына сенімді. Осы орай­да Үкімет енді көмірдің сапа­сына көңіл бөле бастады. Соны­мен қатар нарықтағы алыпсатарларды да жойып, баға­ның қымбаттауының алдын алмақ­шы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың коммуналды қызмет ақысын төмендету туралы тапсырмасында да айтылғаны есімізде. 

«Жасыл» саясат кедергі ме?

Сарапшылар Қазақстан қазіргі таңда әлем бойынша көмір саласын дамытуда кенже қалғанын айтады. Яғни, көмір шикілей сатылып немесе тұтынылады. Оны ешкім­нің өңдегісі, байытқысы жоқ. Мәселен, Аустралия, Германия, ОАР секілді елдерде көмірдің 80-100 пайызы байытылады екен. Дегенмен кей сарапшы­лар­дың айтуынша, Қазақстан Үкі­меті экономикалық тиімді болмағандықтанда көмірді ба­йытпай отырған көрінеді. 

«Жасыл экономика» сая­са­ты­на орай көмір са­ла­сын әр­та­рап­тандыру жа­ғы да қолға алынуы керек еді. 2030 жылға дейін көмір­ді энер­гетикадағы басты се­к­тор ретінде сақтау жос­пар­лан­ғаны­мен, одан кейін біртіндеп «лас энергияны» на­рық­тан ығыс­тыруға Қазақстан қазірден дайын­далуы тиіс. Бірақ әзірге бұл бағытта белсенді жұ­мыс байқалмайды. 

Оның үстіне Батыс Еуропа ел­дері біртіндеп байытылмаған кө­мірді импорттауды тоқтатуы мүм­кін. Осы орайда Қазақстан әлем­дік нарықта басты экспорт­тау­шы ретінде өз орнын сақ­тап қал­­ғысы келсе, ең алдымен көмір­ді өң­деу және байытуды қолға алуы тиіс. 

Өз кезегінде SAP, Hatch, FLSMIDTH, FreeportMcMoRan сияқты ірі компаниялар отандық кәсіпорындарға цифрландыру жобаларын енгізудің табыс­ты кейстері туралы баян­дады. Киберфизикалық және ро­бот­талған жүйелерді енгізу, үл­кен деректерді және индуст­рия­ның басқа да 4.0 технология­ларын талдау арқылы өндірістік және көліктік шығындарды төмендету, бизнес-процестерді оңтайландыру, жаңа бизнес-модельдерді енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорынның бәсекеге қабі­леттілігін айтарлықтай арттыру мүмкін екендігін атап өту қажет.

Бүгінгі таңда саланың ірі отан­дық компаниялары цифр­лан­дыруды дамытудың стра­тегия­сын қалыптастырды және қазірдің өзінде жағымды өз­герістер бар. Мәселен, Еура­зиялық Топ, Қазмырыш, АрселорМиттал Теміртау, Ал­тынал­мас, Қазақмыс корпорациясы, Қазминералс, Өскемен титан-магний комбинаты 2022 жылға дейін жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асатын 20 ірі жобаны жүзеге асырмақ. 

Өндірістегі апаттар – өткір мәселе

Көмір өндірісі экономика салаларының ішінде ең қауіп­ті сала екені белгілі. Осы орайда министрдің айтуын­ша, соңғы бес жылдағы жұмыс­шы­лардың жарақаттану көрсеткіші республика бойынша жалпы өндірістік жарақаттың 49 пайызын құрап отыр екен. 

Қазір «Өнеркәсіптік қауіп­сіздік мәселелері туралы кейбір заңнамалық акті­лерге өз­герістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасы д­а­йын­далған. Онда өнер­кә­сіп­тік қауіп­сіздік мәсе­лесін және өнер­кәсіптік ба­қы­­лау қызметінің лауазымды тұл­ғаларының қыз­метін реттеу мен олардың дәре­жесін көтеру қа­рас­тырылған. Осы заң жоба­сы қабылданған жағ­дайда ел­де өнеркәсіптік жа­ра­қат­тану дең­ге­йі төмендеуі мүмкін. 


Бауыржан МҰҚАН,

«Egemen Qazaqstan»