Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Тілсіз жау ешкімді аямайды

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аптап күшіне мінді. Қарға екеш қарғаның миын қайнатқан күн тіршілік иелерін сабат жер іздеуге мәжбүр етуде. Мұндайда адамдар суға түскенді қолай көреді. Бірақ, соңы қайғымен аяқталатын жағдаяттар да бар.

Тілсіз жау ешкімді аямайды

Қызылорда қаласының ірге­сіндегі «Сабалақ» саяжайы­ның маңындағы ағысы қатты канал­ға суға түскен 55 жастағы азамат суға кетіп қалды. Денесін «Оң­түстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мекемесінің мамандары тауып, жағаға шы­ғарды.

Кешқұрым уақытта рұқсат етілмеген жерде суға түскен 15 жасар қыз бала да тілсіз жаудың құрбаны болды.

Ал Жаңақорған ауданындағы жер асты суымен толтырылған ка­рьер­ге түскен 1960 жылғы аза­мат та жағаға қайтып шыға алмады.

Жыл басынан бері облыста осындай 17 оқиға тіркелген екен. Өлімнің қай-қайсысы да аянышты дегенімен, осы адамдардың қатарында сегіз баланың болғаны өзекті өртейтін өкініш.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз кон­фе­ренциясында «Оңтүстік өңір­лік аэроұтқыр жедел құтқару жа­са­ғы» мемлекеттік мекемесінің бас­­шысы Бақыт Ембергенов ке­йін­гі кездері суға түсуден жиі­лег­ен қайғылы қазалар жайын­да айтты.

«Облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адам қазасы өзекті мәселе болып отыр. Өткен жылы суға 22 адам кеткен. Айтар болсақ, 3 адам ба­лық аулау кезінде, 9 адам суға түсуге арналмаған жерде, оқыс жағ­дайдай 2 ересек, 2 бала, белгісіз жағдайда 1 адам көз жұмды.

Суда адамдардың қаза болуы­на қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу себеп болады. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсуі, балалардың ересектердің бақылаусыз су жа­ғасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қай­ғылы оқиғаларға әкеліп соқ­тырып жатыр. Бұған қоса, суға түсу қауіпті аймақтарда аза­маттардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де су айдындарында оқыс жағдайлардың санының көбеюіне ықпалын тигізуде. Департамент және оның бөлімшелері 2019 жылдың ба­сынан азаматтардың суда қауіп­сіздік шараларын сақтау бағы­тында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіп жатқанымен, өкі­нішке қарай, осындай жағдай­лар орын алды», деді Бақыт Ембергенов.

Облыстық төтенше жағдай­лар департаменті қол қусырып қарап отырған жоқ. Жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Бүгінге дейін жазғы суға түсу маусымынан бері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста 420 рейд өткізіліп, соның барысында 3093 адамға түсіндіру жұмысы жасалып, 3192 жадынама таратылыпты.

Облыс бойынша өткен жылы 225 жерге «Суға түсуге болмайды!» деген жазуы бар ескерту тақ­тайлары орнатылған бола­тын. Қазір сол тақтайшадан 157-сі ға­на қалған. Өйткені тұр­ғын­дар, әсіресе, жастар осы ескерту тақ­­­­тай­­ша­ларын сындырып, ор­на­тыл­­ған жерлерінен алып тас­тай­ды. Мысалы, қала бойын­ша 27 тақтайша орнатылған, биыл со­ның 11-і ғана қалған. Тақ­тай­ша­лар­ға назар аудармастан суға тү­сіп, суға бату фактілері орын алуда.

Департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган, полиция департаменті, ерік­ті­лермен бірлесіп жүргізген рей­дтерде қауіпсіздік ережесін сақтау туралы түсіндіру жұ­мыс­­тарын жасағанына қара­мас­тан, көпшіліктің оған нем­құ­райлы қарауы басым болып отыр. Жаратушы «сақтансаң, сақтаймын» деген тәмсіл бар. Адамдардың бақытсыздыққа ұшырауына ең алдымен өзінің жауапсыздығы себеп болып отырғандығы байқалады.