Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиеваға қатысты жаза ұсынылды

725 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік айыптаушылар ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты жазаны ұсынды. Бұл туралы Қазақпарат тілшісі хабарласты.

Экс-вице-министр Эльмира Суханбердиеваға қатысты жаза ұсынылды

«ҚР Қылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес, айыпталушы шын ниетпен өкініп, кінәсін мойындаса қылмыстық жаза жеңілдейді. Тараптар ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы, 3-бөлігін қолдану арқылы жаза тағайындауда келіседі. Э. Суханбердиеваға қатысты 361-баптың 3-бөлігі бойынша 2500 АЕК көлемінде айыппұл мен мүлкін тәркілеу, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 364-баптың 3-бөлігі бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2000 АЕК айыппұл салу қажет», - деді мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Бекмағамбетов сот барысында. 

Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, мемлекеттік айыптау бұрынғы вице-министрге жеңілдетілген жаза қолдануды сұрайды. 

«ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2-бөлігін қолданып, Суханбердиеваға 2500 АЕК көлемінде айыппұл төлеу шарасы белгіленсін. Сонымен бірге, 2019 жылдың 3 маусымында «Орталық» экономикалық мектебі ЖШС директорының қызметтік кабинетінен алынған айыпталушының мүлкі мен ақшалай қаражаты тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын», - деп түйіндеді Н. Бекмағамбетов. 

Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Эльмира Суханбердиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.