Қоғам • 12 Шілде, 2019

Бала тағдыры – болашақ тағдыры

2220 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде балалар құқығын қорғаудың орны ерекше. Өйткені қоғам өркениетінің және оның жарқын болашағының кепілі осы өскелең ұрпақ екені баршаға аян. Осы орайда біз еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Сенатының депутаты С.Айтпаеваға жолығып, балалар құқықтарын қорғау мәселелері жа­йында айтып беруін сұраған едік.

Бала тағдыры –  болашақ тағдыры

– Сәуле Мұханбедианқызы, отбасы институтын нығайту, оның ұрпақ тәрбиелеудегі қыз­метін ойдағыдай жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік отбасылық сая­сат­тың алғашқы кезектегі мін­деті дей­міз. Осы орайда елі­міз­дегі бала­лар­дың құқын қорғау жүйесінің қалып­тасуы туралы айтып берсеңіз? 

– Бүкіл әлем бойынша балалар құқығын қамтамасыз ететін басты құжат – Балалар құқықтары туралы конвенция. Ол 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қабылданған. Бұл құжатта балалар бірінші рет құқық субъектісі ретінде ата­лып, солай мойындалып, олар да адам құқықтарының бар­лық и­гі­лігін көре алатын бол­ды. Со­дан бүкіл адамзат қауым­дас­ты­­ғының көкейінен шыққан бұл құ­жатты 190 мемлекет мо­йын­дады. Біздің еліміз­де ол тәуел­сіз­дік алғанымыздан кейін 1994 жылдың 8 маусымында ма­құл­­данды. Міне, осы сәттен бас­тап біз­дің мемлекетімізде бала­лар­дың құқық­тарын қорғаумен оны қам­тамасыз ету­дің тұтас бір жүйесін құрудың жарқын жолы басталды.

Кейінірек бұл ауқымды істі өмір ағымынан қалыспай ой­да­ғы­дай жүзе­ге асырып отыру және елімізде балалар құқығын қор­ғаудың ұлттық жү­йесін жетілдіру үшін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2016 жылғы 10 арнайы Жарлығымен елімізде қо­ғам­дық негізде жұмыс істей­тін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты дүниеге келді. Ол құжатта уәкілдің не­гізгі мақсаты бала­лардың құқықтары мен заң­ды мүдделерінің кепілділігін қам­та­масыз ету, сондай-ақ мем­ле­­­кеттік және қоғамдық инс­ти­­тут­­тармен тізе қоса отырып ба­ла­лардың бұзылған құ­қық­та­ры мен еркіндіктерін қал­пы­на кел­тіру, деп жазылған. Біз­дің күн­­делікті және алдағы барлық жұмысымыздың негізгі бағдаршамы осы қағида.

– Әрине, әр жұмысты алаң­сыз атқару үшін ең алдымен оның заң­дылық негізін қалып­тас­тырып алу қажет екендігі тү­сі­нікті ғой. Дегенмен, бұл орай­да қандай ауқымды істер жүзе­ге асы­рылды деп айта аламыз?

– Елімізде бүгінде балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен кепіл­діктерін реттейтін 45 нор­ма­тивтік акті қабылданып, 15 негізгі халық­аралық құжат мақұл­данған. Балалар мен жасөспірім­дердің құқықтарын қорғайтын заңнамаларды жетілдіруге белсене араласып, оған атсалысып отыру уәкілдіктің басты мін­деті. Сон­дықтан алғашқы мезет­тен бас­тап осы заң жобаларында балалар құқық­тарының сақталуы, олардың балалар мүдделеріне толық сәйкестігі қатаң қа­да­­ға­­ланды. Және бұл жұ­мыс заң жо­ба­сының Парламент комитет­терін­де қаралуы кезінде де одан әрі жалғасын табады.

Балалар мен жасөспірімдерге күш көрсету және бұл орайда қылмыс­тың артуын зерделей келе Парламент Сенаты мен Мә­ж­ілісінің бір топ депутаты ба­ла­лар құқықтарын қорғау жө­нін­дегі қызметті жүзеге асыруға тиісті ұйымдардың жұмыстарына қатыс­­ты мәселелер жөнінде заң­на­ма­лық актілерге өзгерістер мен қосым­шалар енгізу туралы заң жобасын қабыл­дауға бастамашылық жасады. Біздің араласуы­­мызбен жаза тағайындау мәселелеріне өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ кәмелетке тол­ма­ған­дардың жыныстық пәкті­гіне қарсы қылмыс жасаған адамдар­ға қатысты жаза едәуір қатаңда­тылды. Осы заң жобасына сәйкес, кәме­летке тол­ма­ғандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған­дар енді 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс жасағандарға жауапкер­шілікті күшейтуге байланысты бел­гілі бір лауазымнан немесе бел­гілі бір қызметпен айналысудан өмір бойы айыру қосымша жаза­сы белгіленді.

– Жаны күйзелген жандар сіздер­дің ұйымдарыңызға қалай хабар­ласа алады және олар қандай көмек күте алады?

– Ұйымымыздың діттеген қыз­метін ойдағыдай атқарып, қа­лып­ты жұмыс істеуі үшін тұр­ғын­дармен, жалпы бұқарамен мүлтіксіз байла­ныс орнатудың маңызы аса зор. Осы­ған орай бізде «111 шұғыл қызмет» кон­такт-орталық тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Ондағы тәжірибелі мамандардан, психологтар мен заң­­гер­лерден жаны күйзелген жан­дар қа­жетті көмек ала алады. Онда құ­пия­лылық толық сақталған. 

Контакт-орталық абоненттер­дің мәселелерін шешуде және оларға қажетті көмек көр­сетуде орта­лық мемлекеттік ор­ган­дар­мен және жергілікті атқару­шы ор­­ган­­дармен, сондай-ақ үкі­мет­тік емес органдармен әре­кет­тесе жұ­мыс істейді. Сон­дай-ақ кон­такт-ор­талыққа еңбек­пен қам­ту жә­не әлеуметтік бағ­дар­­ла­ма­­­лар бө­лім­дерінің және құ­жат қа­­был­­дап алу кезін­дегі ха­лық­қа қыз­мет көрсету орта­лық­та­ры қыз­­мет­керлерінің іс-әре­кет­теріне қа­тысты арыз-шағым­дар көбі­рек түс­етінін айта кеткен жөн. Олар­дың айтуы бойынша, жәр­демақы төлеу тәртібі толық түсін­дірілмейтін көрінеді, ал Түр­кі­стан, Жамбыл, Алматы об­лыс­тары сияқты жекелеген аймақ­тар­­да тіпті себебін де айтпастан құ­жат­­тарды қабылдамайтын да жағ­­дай­лар кездес­кен. Сайып кел­ген­де осы­лардың бәрі де балалар­дың өмі­ріне тікелей әсер ететін жайттар.

Осыған орай біз өз тарапымыздан осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті шара­лар жүргізіп жатырмыз. Айта­лық, денсаулық сақтау­дағы олқы­лық­тар жөнінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан ке­ліп түскен шағымдар бойынша айтыл­ған кемшіліктер осы қала­лардың ден­саулық сақтау басқар­ма­ларымен бір­лесе отырып толық шешілді. 

– Бұл жобаға қаншалықты қоңырау шалынғанына тоқта­ла кетсеңіз.

– Мәселен, осы жылдың 5 айы ішінде бұл қызмет оператор­лары келіп түскен 156173 арыз-ша­ғымд­ы қарап шықты, бұл был­тыр­­ғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 83,8 пайыз артық. Осы қоңыраулардың 73850-і бойынша мамандар арнайы жұмыс жүргізіп, абоненттерге дер кезінде қажетті көмек көрсетті. Ал «Сапалы қо­ңы­раулар» деп аталатын бұл көр­­с­е­ткіш 2018 жылы 3169 ғана бо­ла­тын. Сондай-ақ әлеуметтік қо­рғау саласы бойынша бала­лар құ­қық­тарын қорғаудың әртүр­лі мәселелері жөнінде 68723 ал­ғаш­­қы консультация берілді. Өмір­ден түңілуге итермелейтін же­ке басының күйзелісі жайында қо­ңы­рау шалған 1218 абонентке пси­хо­логиялық көмек көрсетілді. 3628 адамға заңдылық тұр­ғыдан кеңес берілді. Бұл көрсеткіш был­тыр ғана небәрі 376 болған еді.

– Қазір қоғамымызды ерекше елеңдетіп отырған суицид жа­­йы ғой. Оған қоса мүгедек жан­­­дар мәселесі де алаңдатады. Осы ба­­­ғыт­та не істелініп жатыр?

– Бұл мәселе бойынша біздің психолог мамандар 51 суицидке соқтырар жайдың алдын алып, балалар мен әйелдерге зор­лық-зомбылық көрсетудің 59 жағ­дайын тоқтатты. Қазіргі қоғам­ды дүрліктіріп, айрықша алаң­датып тұрған өзіне өзі қол жұм­сау жайы екені рас. Биылғы жыл­дың 3 айында осындай шетін жағдайда 29 адам хабар­лас­қан. Олардың 8-і 18 жасқа дейінгі жас­өспірімдер бол­са, 21-і ересек­тер. Жасалған тал­дауларға қарағанда бұған көбі­не ішкі отбасылық ки­кіл­жің­дер, өмірде тығырыққа тірелу, құр­­дас­тар арасындағы кикілжің және сәтсіз махаббат себепкер бола­­тын көрінеді. Мұндайда ма­ман психологтар адамды ра­йы­­нан қайтаруы мүмкін. Сон­дық­­тан елімізде мұндай маман­дар­дың көбірек болғаны дұрыс. Соны­мен бірге оқу орындарында пси­хо­­ло­гиялық қызмет жұмысын жан­дан­­дыра түскені жөн дер едік. Мүге­дек жандар жайы да аталған қыз­мет назарынан тыс қалған емес. Оларды әлеуметтік жағынан қор­ғау жөнінде 152 шағым қара­лып, шара қолданылды. Ал мү­гедек деп танылу туралы 126 өті­ніш келіп түскен. Са­лыс­ты­ру үшін айта кетелік, бұ­лар­дың біріншісі былтырғы жылмен салыстырғанда 80 пайыз кемісе, екіншісі 40 пайыз артқан. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына келіп түскен шағымдардың 31 пайызға, білім беру саласының қызметкерлерінің келеңсіз іс-әрекеттері жөнінде келіп түскен қоңыраулардың тіпті 73,9 пайызға артқанын да айта кетпесек болмас. Ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжің де желкілдеп өсіп келе жатқан бала психологиясына зор зардабын тигізетіні сөзсіз. Кон­­такт-орталық операторлары мұн­­дай оқиғаның аталған мерзім ішін­­де 45 фактісін тіркепті. 3 ай ішін­­де күтімсіз қалған балалар жө­нінде 70-тен астам дабыл түскен.

– Еліміздегі балалар құқын қор­ғауда дамыған елдердің тәжі­рибелері қызығушылық туғыза ма?

– Бүгінгі әлемде бір де бір мем­ле­кет өзін балалар құқықтарын сақ­­­тау саласында үлгі ретінде ұсы­­­на алмайды. Тіпті ең демо­кра­­­­тиялық және экономикасы да­мы­­ған деген мемлекетте де кә­ме­­лет­ке толмағандардың қы­л­мы­сы­ның өсуі, тұрмысы төмен от­ба­сы­­лар­дың болуы, меди­ци­налық қыз­мет көрсетудің нашарлығынан бала­лар өлімі, қараусыз қалған балалар санының өсімі байқалады. Дегенмен де балалардың құқық­тары мен мүдделерін қорғау мәсе­лелері жөніндегі тәжірибе­лері біз­ді қызықтыратын мемлекет­тер де баршылық. Соған орай біз олар­дың осы саладағы жұмыс­тарын зерделеп, тәжірибе алмасып, оларды өз еліміздің әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрлеріне сай пай­да­ланып отыру қызметіміздің бір парасы деп түсінеміз. Балалар құ­қы­ғын қорғау – күрделі іс. Ол мем­ле­кет­тің, жұртшылық пен халық­ара­­лық және отандық үкіметтік емес ұйым­дардың бірлескен іс-әреке­ті­нен құралған біртұтас жүйе. Қай мемлекетте де бұл жү­йе мүлтіксіз жұмыс істеуге тиіс. Өйт­кені балалар тағдыры – болашақ тағдыры.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»