Руханият • 12 Шілде, 2019

Құлпытас

2286 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақ маңдайын күн сүйген құмдауыт, ақшаңқан қыраттардың бөктерiнде бұйығып, мәңгiлік тыныштық құшағында мүлгiп жатқан тылсым дүние. Көне заманалардың куәсі. Ескi қорымдар. Үнсiз құлпытастар.

Құлпытас

Бiз ол зираттардағы тылсым тыныштықты фәни тыныштығы деп те, бақи тыныштығы деп те ай­та алмаймыз. Себебi ол – тыныш­тық емес, о дүние мен бұ дүние­нiң арасындағы ауыр үнсiздiк.

Ал осынау мәңгілік үнсіздіктің құшағындағы құлпытастар – кешегiнiң көзi, бүгiнгiнiң – иманы, ертеңгiнiң – тәубесi. Ой жүгiртiп, зер сала қараған кiсiге олар тек ескерткiш қана емес…

«Берел» қоғамдық қоры жа­рық­қа шығарған «Құлпытас» ат­ты әдемi альбомды парақтай оты­рып, осындай бiр тұңғиық ой иiрiм­дерiне қалай шомып кеткеніңізді аңдамай да қаласыз. Бiздің бүгінгі әңгiмемізге тиек болып отырған iргелi еңбектiң иесi – қоғамымызға белгiлi мемлекет қайраткерi Иман­ғали Тасмағамбетов. 

Құлпытастар әлемiне бала күні­нен зейiн қойып, арада жылдар өте келе арғы-бергi тарихымызды зерделеп, нақты әрі тиянақты ғылыми еңбек етіп ұсынған автордың туған жерге деген ыстық махаббаты мен патриоттық сезiмiне сүйсiне отырып, iштей алғыс айтасыз.

Альбомның алғашқы бетiн ашқан сәттен бастап-ақ қадірлі оқыр­ман өзiн көне қорымдарға қарай аяң­дап келе жатқан сая­хатшыдай сезiнедi. Ал оның жанын­дағы жол­басшы, әрине автор. Ол сая­хат­шыға көне құлпытастарды көр­се­тіп қана қоймайды, сонымен бiрге туған жердің тарихы туралы те­реңнен сыр шертiп, өзiндiк па­йым-тұжырымдарымен бөлісіп отырады.

«Әлi есiмде, жасы ұлғайған ша­ғында менiң атам ауылдың iрге­сiн­дегi ескi қорымға жиi бара­тын-ды. Естияр немересi мен болған соң, атам менi жанынан тастамайтын. Ал өзiм болсам, атамның жанын­да жүргенiме өзге жұрттың көзiнше мәз болып, масаттанып қалатынмын. Өйткенi әулие қонған киелi орын деп саналатын ескi қорымдарға үлкендер мен сияқты жас балаларды жiбере бермеушi едi», деп бастайды ол өзiнiң жүрекжарды алғысөзiнде ағынан жарылып. 

Әйтсе де балалық шақтан баст­ал­ған балдай тәтті әңгiменiң көп ұзамай-ақ күрделi, ғылыми бағытқа қарай қалай ауысып кет­кенiн тіпті аңдамай да қаласыз. Қо­лыңыздағы альбомның әрбір бетiн ашқан сайын Үстiрт пен Маң­ғыстау даласындағы көне қорым­дардың бiрiнен бiрiне өтiп, түр-пiшiнi мен ою-өрнегi алуан түр­лi құлпытастарға ойлана қарайсыз.

«Көне гректер күн нұры түссе болды, әндетiп қоя беретiн Мысыр батыры Мемнонның тас мүсiнi туралы әңгiмелегендi ұнатқан деседi. Дәс­­түрлi қазақ құлпытастары да нақ осы iспеттi. Тек айырмасы, олар ән салмайды, оқи алсаңыз, сыр шертедi. Өкiнiшке қарай, тас­тар хи­­каясы көбiнесе үзiле бе­редi…

Бiзге белгiлiсi – ауызша жеткен хикаялар, бiз әзiрше тек солар арқылы ғана өткенiмiздi, төл рухани мәдениетiмiздi және оның мате­риалдық келбетiн танимыз. Өкi­нiштi-ақ…» – деп толғанады автор.

Расында да, көне қорымдағы ескi құлпытастар ата-бабаларымыздың қабiрiне қойылған тасбелгiлер ғана емес, құпиясына үңіліп, сырын аша бiлсек, ел мен жердiң тасқа қашалып жазылған тарихы. Маңғыстау даласындағы тiгiнен орнатылған тас бағаналарды, Үстiрттiң сол­түс­тiк-батыс шыңындағы бәдiз-бе­­дерi сармат мүсiнiне ұқсас ан­тро­морфты құлпытасты, Қа­мыс­байдағы сән-сәулетi ерек­ше, хас шебердiң қолынан шық­қандай таң-тамаша туындыны, Сейсем атадағы отбасылық-ру­лық қауымға орнатылған қой­тастар мен құлпытастарды, Қара­ғашты әулие қорымында ғана кез­десетiн Өмiр бәйтерегi iспеттi құлпытасты, Шақпақ ата қоры­мындағы қошқартасты, Ұшқан ата қорымындағы домалақ басты алып құлпытасты, Қараман ата қорымындағы жұқалтаң құлпы­тасты, Сұлтан әпе қорымындағы өзiндiк өрнегi ерекше ескерткіш-құлпытасты, т.б. көрген жандар мұ­ның шындығына шүбә келтiр­месе керек.

«Тек сырт көзге ғана Каспий меңiреу дала болып көрiнедi. Семсер сыңғыры мен ат тұяғының дүбiрi сап болғалы не заман, бiрақ мүлгiген тыныштық жоқ мұнда.

Ал шындығында, сортаңды, құмайт Маңғыстау мен Үстiрттiң шөлдi қыраттары ат жалында ой­наған жауынгер көшпелiлердiң құтты мекенi, киелi тұрағы ретiнде ұрпақтарына аманат болып қалды», дейдi автор өткен тарихымызды бү­гiнгi күнмен сабақтастыра толғанып.

Қазақта «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деген нақыл сөз бар. Бұл өзі, расында да, жұмбақ қағида. Сан түрлi жауабы, сан түрлi тәпсiрi бар ақиқат. Және оның, ең алдымен, рухани байлықты меңзейтіні дау тудырмайтын шындық. Өйткенi, рухани дүниесi бай адам ғана өзiне дейiнгiнiң жақсылығын, үлгi-өнегесiн ұмытпайды. Бүгiнгiнiң қадiрiн бiледi. Келешектi ойлайды. Ондай кiсiге әманда сенiм жүктеп, аманат артуға болады. 

Ал ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын мәңгілік аманат – ата-бабалардың сүйегi жатқан Ұлы даланы жауға алдырмай, жатқа бермей, аман сақтау. Сонда ғана аруақтар біз­ге риза болады. Сондықтан да болар, автор өзiнiң алғысөз тұрғы­сындағы мақаласында: «Бұл дәуiр­лердiң асқақ мұраты – ел-жұрттың Даңқы, Берекесi мен Намысы үшiн қайтпай, тайсалмай күресу болды» деп шегелейдi.

Бiз қолымызға алып, парақтап отырған мынау альбомда көне қорымдарды көздiң қарашығындай сақтаған күнбатыстағы өлкенiң арда табиғаты да тамаша көрiнiс тапқан. Түпқарағандағы көрiктi жер – Тамшалы, Үстiрт аталатын –аймақтағы ақшаңқан таулар, Қаңғы баба қорымының маңындағы құм­дауыт төбелер, суатқа түскен ақбө­кендер, талай-талай аңызға арқау болған Шерқала, көкжиекпен астасып жатқан шың-кемерлер қандай ғажап.

Тағы бiр қызығы, аталмыш альбомға үңiле отырып, Маңғыс­таудың маң даласындағы тарихи құнды ескерткiштердi бiр-ақ күнде, нақтылап айтқанда, таңсәрiден бас­тап түн ортасы ауғанша аралап, көрiп шыққандай таң-тамаша әсерге бөленесіз. Өйткенi мұндағы суреттер жылдың ғана емес, күн­нiң де қай мезгiлi екенін анық аңғартып тұрады.

* * *

Өз басым, Маңғыстауға алғаш рет студент кезiмде барған едім. Содан берi де мiне, қырық жылға таяу уақыт өтiптi. Ол кезде бiз әрине жас едiк, албырт едiк. Үн­сiздiк пен тыныштыққа бой үйрете қой­мағанбыз-ды. Сондықтан да болар, маң даладағы Жыңғылды деген алақандай ауылдың шамын таң атқанша сөндірмей, ән салып, би билеп, армансыз сауық-сайран құрғанымыз есiмде.

Ал таңертеңгiлiк есiк алдында көзiме ұйқы тығылып, рахат­тана есiнеп отырып әудем жер­дегi таңғажайып бір қаланы көрiп, аң-таң болғаным бар-ды. Шы­ғыс жақтан бозарып атқан таң шапа­ғы ақ кiрпiштен өрiлген әсем ғимараттарға түсіп, маң даланың төсiнде ақ кемелер жүзіп бара жатқандай керемет әсерге бөледі…

– Оу, мынау қандай қала?! Ақтау ма? – дегенмін сонда.

– Қаласы несi?! – деді қасым­дағы қараторы жігіт қасын керіп. – Ақтау бұл жерден жүз елу шақы­рым жерде емес пе.
– Ал, анау не?..

– Мә-ә, ол – зират қой!

Мен бойымды тез жиып ала қой­дым. Зираты несi, құдай-ау? Көз алдымдағы анау «қалашық» мынау қоңыртөбел ауылдан әлде­қайда асқақ, әлдеқайда ажарлы емес пе...

Мiне, қазір де «Құлпытас» аль­бомындағы авторлық мақала­дан: «Құпиясы мен тұңғиық тарихын iшiне бүгiп жатқан осынау өлкеде бiздiң аталарымыз бабаларының аруағына бағыштап тұтастай бiр құлпытастар «қала­шығын» тұрғызып кеткен» деген жолдарды оқығанда, сол бiр шағын ауылдың iргесiндегi жұмбақ «қала» көз алдыма қайтадан келе қалғандай болғанын көрмейсіз бе. 

Қазақ поэзиясында өзіндік да­уыл­паз үні бар ақын Жарасқан Әб­дi­раш­тың «Қабiрстан қақпасын­да­ғы жазу» атты өлеңi ойыма оралады.

Кәрiсiң бе?
Жалын атқан жассың ба?
Серiсiң бе?
Менменсiген массың ба?
Кiм болсаң да…
Астамсыма! Асқынба!
Пенденi аяп, молладай-ақ,
 аңдап аяқ бас мұнда!..
Үнсiз-тiлсiз тас қой! – деме.
«Құлпытас!»
Үлкен-кiшi құлпытастар 
астында:
Тiрлiк жатыр!
Тағдыр жатыр!

Тарих жатыр бiртұтас! – демеп пе еді ол қыран құстай саңқылдап.

Егер жаңылмасам, ақынның көзi тiрiсiнде баспаға өзi дайындап қалдырған соңғы кiтабы да дәл осылай, «Құлпытас» деп аталатын-ды. Бұл оның өзгеге емес, өзiне арнап жырмен құйған құлпытасы болатын.

Иә-ә... Солай. Құлпытастар тарихына жыл сайын жаңа парақтар қосылып жатады.