Қоғам • 12 Шілде, 2019

Шетелдік қазақ балалар Елбасы өмірімен танысты

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қорының» мұрындық болуымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында тұңғыш рет шетелдегі қазақ балаларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» деген атпен жазғы мектеп ашылған болатын. Елордада екі апта бойы Қазақстан тарихы, ұлттық ән-би, салт-дәстүр және туған тілден дәріс алатын Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген 150 оқушы Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасына барды.

Шетелдік қазақ балалар Елбасы өмірімен танысты

Олар Қазақстан тәуелсіздігі, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы фотосуреттер мен архивтік құжаттардан тұратын экспозициялармен жан-жақты танысты. Жас қонақтармен Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов сұхбат құрды. «Сіздер бейбіт буынның бақытты өкілісіздер. Атамекеннің топырағын басып, бабалар жерінің гүлденіп, көркейгенін, Қазақстанның биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдіңіздер. Дендеріңіздің сау, оқуларыңыздың жемісті болуын тілеймін! Бейбітшілік пен жасампаздыққа, дамуға бет алған лайықты азамат болыңыздар. Қазақстанға сапарларыңыз ұмытылмастай өтсін!», деді балаларға ақ тілегін арнаған Ә.Рахымжанов.

Жасөспірімдер кітапхананың кинозалында «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты Елбасының шығармалары желісімен түсірілген  «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалады. Елбасы кітапханасынан естелік ретінде балаларға «Біздің Президент» кітабы тарту етілді.

«Қазақстанның астанасы бәрімізге ұмытылмас әсер қалдырды. Екі жылдан соң мектепті бітіремін, болашақта дәрігер болсам деймін. Осы мақсатыма жету үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біріне түскім келеді. Келешек өмірімді атажұртымда елестетемін. Әсіресе туыстарым тұратын Ақтау қаласы қатты ұнады», дейді Ираннан келген Истгалды Хасти. Болашақта бабаларының ізі қалған топырақта өмір кешуді армандайтын тағы бір жеткіншек Дария Туғамбекова. «Нұрсұлтан Назарбаев әлемге танымал тұлға. Оның бастамасымен салынған Елорда әсемдігі мен қарқынды дамуымен көз сүріндіреді. Қай жерде жүрсем де тарихи Отаным мәңгі жүрегімде. Қазақ мәдениеті мен әдебиетін, көшпенділер философиясын ұнатамын. Бізге тән бұл ерекшелігіміз қазақ екенімізді кез келген жерде, төлқұжатымыздың түсіне қарамастан бірден білдіріп тұрады», дейді Қырғызстаннан келген қаршадай қыз.

Жазғы лагерьге қатысқан оқушылар алдағы уақытта ел астанасындағы барлық мәдени, тарихи нысандармен танысатын болады. Сондай-ақ олар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына, «Ботай-Бурабай» аспан асты мұражайына және «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барады.