Өңір шаруасы алға басуда
Жұма, 15 ақпан 2013 7:37
Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдерімен кездескенде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Семейде ауыл шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Тіпті, Ресейдің кейбір аймақтары мен көрші Павлодардан келіп Семейдің ауылшаруашылық өнімдерін сатып алғанды жөн көреді екен. Бұл Семейдің ауылшаруашылық саласының жақсы жұмыс атқарып жатқанын көрсетеді. Бүгінде ірі шаруа қожалықтары қаланы етпен толық қамтамасыз етуді алға қойып отыр.
Жұма, 15 ақпан 2013 7:37
Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдерімен кездескенде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Семейде ауыл шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Тіпті, Ресейдің кейбір аймақтары мен көрші Павлодардан келіп Семейдің ауылшаруашылық өнімдерін сатып алғанды жөн көреді екен. Бұл Семейдің ауылшаруашылық саласының жақсы жұмыс атқарып жатқанын көрсетеді. Бүгінде ірі шаруа қожалықтары қаланы етпен толық қамтамасыз етуді алға қойып отыр. Құс фабрикаларының жұмысы да көңілдегідей. Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылған. Мәселен, инвестициялық жобаларға сәйкес «Восток-Бройлер» ЖШС құс еті өндірісі бойынша, жұмыртқа өндіруді жақсарту мақсатында бройлер тауықтарын етті бағытқа өзгерткен. Жобаға қарастырылған 2800 млн. теңге қаражаттың бүгінгі күні 1350 млн. теңге қаржысы игерілген. Осы уақытқа дейін 1,5 мың тонна құс еті өндірілсе, жыл соңына дейін 2 мың тонна құс етін өндіру жоспарланып отыр. Негізінен құс етін 7,4 мың тоннаға жеткізу жоспарда тұр. Агроөнеркәсіп кешені инвестициялық жобасына сәйкес «Ақтөбе Ертіс» ЖШС «Кіші Ақтөбе» құс фабрикасын қайта қалпына келтірмек. Жобаның жалпы құны 457 млн. теңге қаржыны қамтиды. Бүгінгі таңда инвестицияның 71 млн. теңгесі игерілген. Келер жылдың сәуір айында 700 мың дана жұмыртқа өндірісінің бірінші партиясы шығарылмақ. 2013 жылы 10 млн. дана жұмыртқа алу көзделсе, жоба толық іске асқаннан кейін 2014 жылы 25 млн. дана жұмыртқа алуды жоспарлап отыр.
Семейлік шаруашылықтар алдағы уақытта жылқы малының санын көбейтуге көбірек көңіл бөлуді қолға алуда. Төрт түлік малдың бұл түрі қала бойынша төртінші орында. Дегенмен, қаланы сүтпен қамтамасыз етуден аздап қалыс қалушылық бар екендігі рас. Бірақ, алдағы 2-3 жылда бұл мәселелер толықтай орнына келмек. Ал, көкөніспен қамтамасыз етуде ешқандай бөгет жоқ.
Қалалық ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы Шаған Жұмақсановтың айтуынша, Семей қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы және «Семей қаласы өңірлік экономикасы» моделі жасалып, осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өңірдің барлық ауылшаруашылық құрылымдары жұмыс істеуде. Семей бойынша былтырғы жылы 3300 гектарға егілген картоптан 55 мың тонна өнім алынса, 28,5 мың тонна өнімді 1390 гектар жерге егілген көкөністен алған. Бүгінгі күні 3,2 мың тонна картоп, 636 тонна орамжапырақ, 908 тонна сәбіз, 200 тонна қызылша, 800 тонна сарымсақ, картоп және көкөніс қоймаларына сақтауға қойылған. Келешекте өсімдік шаруашылығында жаңа технологияларды енгізіп, отандық және шетелдік ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде, оның көлемін ұлғайтуда, әсіресе, суармалы егістікті және инвесторлар тартып картоп өндірісін 60 мың тоннаға, көкөністі 30 мың тоннаға жеткізіп, мал шаруашылығын жеммен және құнарлы азықпен толықтай қамтамасыз ету көзделуде. Жыл сайын мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға әртүрлі қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер бөлінуде, сонымен қатар, мал өнімдері көлемін ұлғайтуға, асыл тұқымды мал өсіру үшін субсидия берілуде. Биылғы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржысы есебінен 7 шаруа қожалығы 40,5 млн. теңгеге 215 ірі қара малын сатып алған. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы мал шаруашылығы саласына 710 млн. теңге субсидия, оның ішінде, тұқымды жақсартуға 34,5 млн. теңге қаржы бөлінген. Өңірде ауыл шаруашылығы салалары бойынша жылдың аяғына 35 мың бас ірі қара, 145 мың қой-ешкі, 3,5 мың шошқа, 18 мың жылқы және 1 млн. бас құс күтілуде. 2012 жылы 22 мыңға жуық тонна ет, 33,5 мың тонна сүт, 3 млн. дана жұмыртқа, 260 тонна жүн өндіру көзделуде.
Алдағы уақытта асыл тұқымды бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз, дейді ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы Шаған Жұмақсанов, «Приречное Агрофирмасы» ЖШС сырттан келер жылы 1000 бас асыл тұқымды мал алуды жоспарлап отыр. Бұл шаруа қожалығы мен «Нұртаза», «Гүлрайхан» сияқты бірқатар шаруа қожалықтары мал бордақылаумен, ал, «Анастасия» шаруа қожалығы шошқа бордақылаумен айналысады. Сүт бағытындағы сиыр малының басын көбейту мәселесі де жүйелі түрде қолға алынуда. Қазіргі уақытта Новобаженово, Ертіс және Знаменка мен Озерки ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарында симментал тұқымды сиырлар сауылуда. Сүт өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында Новобаженово ауылдық округіндегі бұрынғы «Жаңасемей» совхозының жерінде «Евразия Агроинвест» ЖШС инвестор ретінде тауарлы-сүт фермасының құрлысын жүргізуді жоспарлап отыр
Жақында ғана Семей қаласы әкімдігі мен «Евразия Агроинвест» ЖШС өзара меморандумға қол қойып, 2013-2014 жылдарға осы жобаны іске асыруды жоспарлады. Сонымен қатар, «Тамаша» макарон фабрикасы ЖШС базасында диірмен кешені құрылысы тәмамдалмақшы. Аталмыш жоба іске асса макарон өнімдерін шығару көлемі жылына 4 000 тоннаға жеткізіліп, арзан бағамен халықты қамтитын болады. Ал, Семейдің жабық мекемелері мен әскери бөлімдерді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Семнан» ЖШС-де нан пештері жаңартылып, жалпы сомасы 17 млн. теңгені құрайтын Қытайдан тәтті тоқаштар шығаруға арналған пештерді әкеліп, өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бұл кәсіпорын 2015 жылы инвестиция көлемін және негізгі қаражатын 30 млн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Алғабас-К-7» ЖШС келер жылдың екінші жартысында кондитерлік фабриканы іске қоспақ. Мұнда өндіріс қуаттылығы тәулігіне 15 тонналы, крекерлі және қантты печенье шығаратын екі желі орнатылған екен. Сондай-ақ, «Семей ет комбинаты» ЖШС тәулігіне консервілер мен шұжық өнімдерін 27 тоннаға дейін өндіруде.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.