Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақстандық бокс жанкүйерлері тек Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін асыға күтіп, барлығы теледидарға тек GGG үшін телміретін. Ал қазіргі жағдай басқаша. Осы уақыт аралығында еліміздің бірқатар талантты боксшылары мұхит асып, кәсіпқой бокстың ордасы саналатын АҚШ-та өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеуге тырысып бағуда. Сонымен қатар бірнеше боксшымыз бүгінде әлем чемпионы атағы бар белбеулерді иеленбесе де, белгілі бір деңгейдегі, құрлық аралық белбеулерді алып үлгерді. Осы орайда, қазақстандық бокс жанкүйерлеріне отандық боксшылардың еншісінде қандай белбеу бар екенін сараптап көрейік.
Алдымен кәсіпқой бокста қандай белбеулер мен тұжырым бар екеніне тоқталып өтейік. Кәсіпқой боксшылардың иеленгісі келетін ең негізгі төрт тұжырым мен титул бар. Олар – WBC, WBA, IBF және WBO. Бұл қатарға америкалық The Ring журналының титулын да қосуға болады. Ұғынықты тілмен айтар болсақ, жоғарыда аталған төрт титул – кәсіпқой бокстың олимптей биік шыңы. Бұл төрттік өз ішінде бірнеше аймақтық, екінші деңгейлі титулдарға бөлінеді. The Ring-тің атағы – әлем чемпионатындай. Олимпиададан бір саты төмен, бірақ дәрежесі жоғары. Бұл қатарға IBO мен IBA-ның титулдарын қосуға болады. Олардың да жергілікті белбеулері бар. Жоғарыда аталғандардан бөлек, тағы бірнеше ұйым бокс кештерін ұйымдастырып тұрады. Алайда, олардың атағы жоғары емес, біздегі облыстық турнирде жеңіске жеткенмен бірдей.
Кәсіпқой бокстағы төрт белбеудің ішіндегі ең көнесі Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBA). 1921 жылы АҚШ-та Ұлттық бокс ұйымы болып құрылып, 1962 жылдан бүгінге дейін қазіргі атымен аталып келеді. Бұл ұйымның екінші деңгейлі 17 белбеуі бар. Уақытша әлем чемпионы атағынан бастап, пан-Азия, пан-Африка, Солтүстік Америка, Мұхит аймағы, Кариб теңізі және тағы басқа бірнеше ұсақ белбеулері бар.
WBC – ең көп екінші дәрежелі белбеулері бар ұйым. 1963 жылы Мексикада құрылған Халықаралық бокс федерациясының бүгінде 28 белбеуі бар екен. Халықаралық чемпиондықтан бастап, аймақтық, құрлықтық, жастар арасындағы әлем чемпионы атағына дейін.
Халықаралық бокс федерациясы (IBF) 1983 жылы АҚШ-та негізін қалаған. Екінші дәрежелі 12 белбеу тарататын бұл ұйымда халықаралық чемпион, Африка, Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа, Аустралия, Солтүстік және Латын Америка, Мұхит аймағының бірқатар белбеулерін үлестіреді.
Төрт белбеудің ең соңғысы және ең жаңасы WBO тұжырымы. Бүкіләлемдік бокс ұйымының жұмысы 1988 жылы Пуэрто-Рикода басталды. Бұл ұйым 1990 жылы Еуропада қолдау тапса, 2000 жылдары ғана АҚШ-та ұйым ретінде тіркелген. Қазіргі таңда WBO тұжырымы бойынша боксшыларға екінші деңгейлі 15 белбеу үлестіреді. Оның арасында Солтүстік Америка, Латын Америкасы, жастар арасында әлем чемпионы, Азия және Тынық мұхит аймағы, Қытай аймағы және тағы басқа бірқатар белбеулері бар.
Ал енді белбеу иеленіп, ел мерейін асырып жүрген кәсіпқой боксшыларымыздың қандай белбеу алғанын анықтап көрейік. Сөз басында 67 боксшымыз тұрақты жекпе-жектер өткізіп жүргенін айттық қой. Солардың ішінде 15 боксшы ғана түрлі ұйымдардың титулдарын иеленген екен. Бір қызығы, қазіргі таңда ешқандай боксшыда жоғарыда айтылған төрт ұйымның негізгі бірде-бір белбеуі жоқ. Барлығы екінші деңгейлі белбеулер. Былайша айтқанда, облыстық және аудандық титулдарға ие.
WBA, IBF және IBA тұжырымы бойынша әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов екі жылдық үзілістен соң былтыр үлкен боксқа қайта оралып, WBA ұйымы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер боксшы атанған-ды. Бірақ арадан аз уақыт өткен WBA бұл атақты отандасымыздан алып қойды. Сонымен боксшыларымыздың белбеулерін жеке-жеке талдап өтсек.
WBA International белбеуі – бұл белбеу халықаралық деңгейде болғанымен боксшыны әлем чемпионы атағына үміткер ете алмайды. Тек рейтингте жоғарылауға және осы ұйымның келесі бір белбеуі үшін жұдырықтасуға жол ашады. WBA ұйымның бұл белбеуі қазақстандық боксшылар Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаевта бар.
WBC Continental Americas белбеуі – тек Америка құрлығы бойынша ғана атағы бар екінші деңгейлі белбеу. Яғни, бұл белбеуді иеленген боксшы Американың чемпионы деген атаққа ие болады. Жалпақ тілмен айтқанда, бір елдің ішкі чемпионы сияқты. Қазіргі таңда мұндай белбеу бірінші жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) Батыр Жүкембаев пен орта салмақтағы (72,5 кг) Жәнібек Әлімханұлында бар. Сондай-ақ Жүкембаев IBO ұйымының құрлықтық белбеуіне ие болса, жартылай ауыр салмақтағы Әли Ахмедов пен екінші жеңіл салмақтағы Искандер Харсан WBC тұжырымының жастар арасындағы халықаралық белбеуін иеленді.
NABF Junior – Солтүстік Америка бокс ұйымының жастар арасындағы чемпиондық белбеуі саналады. Мұндай белбеу орта салмақтағы қандасымыз Мейірім Нұрсұлтановта, жартылай ауыр салмақтағы Әли Ахмедов және бірінші ауыр салмақтағы Әли Балоевте бар.
WBC YOUTH – аталған ұйымның жастар арасындағы әлем чемпионы атағы үшін беріледі. Бұл белбеуді кез келген боксшы емес, тек 23 жас 11 айға толмаған жас боксшылар ғана иелене алады. Бірінші орта салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасатын 21 жастағы отандасымыз Садриддин Ахмедов бұл белбеуді осы жылдың 27 қаңтарында жеңіп алған болатын.
WBC Asian Boxing Council – WBC-дің Азия аймағына берілетін ортаңқол белбеуін Садриддин Ахмедов осы жылдың наурыз айында Алматыда өткен бокс кешінде олжалады. Сонымен қатар дәл мұндай белбеу орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаевта және жартылай орта салмақтағы Бобыржан Момыновта бар.
NABA USA – Солтүстік Америка құрлығының чемпиондық белбеуі саналады. Қазіргі таңда бұл белбеу жартылай жеңіл салмақтағы Мұса Тұрсынғалиевтің еншісінде ғана бар.
WBO Inter-Continental – WBO тұжырымының екінші деңгейлі белбеуі саналады. Бұл белбеуді күні кеше ғана екі жылдық үзілістен кейін шаршы алаңға оралған Қанат Ислам жеңіп алды. Сондай-ақ дәл осы белбеу үшін бүгін тағы бір қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров жекпе-жек өткізеді.
WBC International – бұл белбеудің де халықаралық дәрежесі болғанымен чемпиондық белбеуге шығуға кепілдік бере алмайды. Қанша дегенмен екінші деңгейлі белбеу. Тек боксшының рейтингте жоғарылауына әсер етеді. Виктор Коточигов осы белбеуді жеңіп алу үшін бүгін шаршы алаңға шығады.
NBA – кәсіпқой бокстағы ең бірінші ұйымдардың бірі саналғанмен қазіргі таңда WBA-ның ең төменгі белбеулерінің бірі ретінде қарастырылады. NBA ең әуелі 1921 жылы АҚШ-та Ұлттық бокс ассоциациясы болып ашылған. Кейін 1962 жылы Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) болып өзгертілген. Бұл белбеуді күні кеше Мадияр Әшкеев пен Абылайхан Құсайынов еншіледі.
Қазақстандық кәсіпқой бокс тарихында ең үлкен титулдарды иеленген төрт-ақ боксшы бар. Олар Василий Жиров, Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов және Жанат Жақиянов. Жиров өз уақытында WBC және IBF тұжырымы бойынша, Головкин WBA, WBC, IBF, IBO және The Ring журналының, Жақиянов WBA Super және IBO ұйымының әлем чемпионы атағын иеленген-ді. Қазір бұл боксшыларда ешқандай белбеу жоқ. Жиров пен Жақиянов қолғабын шегеге ілсе, Головкин мен Шүменов әлі жұдырықтасып жүр.
Өздеріңіз бағамдағандай, дәл қазір кәсіпқой бокста әлем чемпионы дәрежесінде ешқандай боксшымыз жоқ. Десе де, белбеу иеленгеннің өзі боксшының болашағына, промоутерінің кәсіпқой бокста ықпалы бар екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда арасында аудандық деңгейдегі белбеулер де бар, бірақ чемпиондық белбеуге баспалдақ болатын титулды иеленіп жүргенінің өзі қуантады. Карьерасын енді бастаған боксшылар үшін қазіргі белбеулері әлем чемпионы атағы үшін ынталандыра түсетіні анық.