Аймақтар • 15 Шілде, 2019

«Зерен-2019» жастар лагерінің екінші маусымы басталды

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 - 21 шілде аралығында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия және Қытай елдерінің дарынды жастары тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен түрлі жобалар ұсынады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Зерен-2019» жастар лагерінің екінші маусымы басталды


«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

9 күн бойы қатысушыларға Дос Көшім, Ерлан Мұстафин, Мақсұт Жұмаев, Тимур Құдайбергенов, Әлихан Бәйменов және басқа да танымал тұлғалар дәріс оқиды.

Еске сала кетейік, жастар жазғы лагері үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 200 қатысушы бақ сынап, жалпы үш кезең бойынша барлығы 600 адам қатысады. Лагерьде тұру және білім алу тегін. Бірінші кезең 3 – 11 шілде аралығында өтіп, жеңімпаздар күні кеше анықталды.  Екінші кезең 13 – 21 шілде аралығында өтсе, үшінші кезең 23 – 31 шілде аралығында өтпек.

Қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары бойынша түрлі жобалар әзірлейді. Әр командаға тәжірибелі тәлімгер-менторлар тағайындалады. Олар жастарға жол сілтеп, бизнес идеяларының жүзеге асуына көмек қолын созады.

Зерендіктер жобаға қатысты интеллектуалды жұмыстардан бөлек, күнделікті белсенді спорт секцияларына қатысады. Әр таңда сағат 07:00-ден 08:00-ге дейін командалық спорт жарыстарына қатысып, кешкісін FireTime (алау маңындағы кездесу) уақытында ынталандырушы спикерлермен өз идеялары мен жоспарларын талқылайды.

Айта кетейік, «Зерен» лагерінің сарапшылары  жоба соңында ең үздік бизнес-идеяларды анықтайды. Үш маусымның жалпы жүлде қоры 15 млн теңге. 3 – 11 шілде аралығында өткен бірінші маусымның қорытындысы бойынша 5 үздік жоба таңдалды. Жобаларды жүзеге асыру үшін 7 млн теңге салтанатты түрде табыс етілді.