Аймақтар • 16 Шілде, 2019

Құнанбай қорымы мемлекет қамқорлығына қашан алынады?

1684 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл көктемде, нақтырақ айтсақ, 26 сәуірде Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапарында Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездескенде: «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек» дей келе, облыс әкімдігі алдағы уақытта Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шараларды жүзеге асыруы керектігін айтқан еді.

Құнанбай қорымы мемлекет қамқорлығына  қашан алынады?

Содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Бұл тарапта қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей жоба-жоспарлар бар? Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Осы ретте салмақ әуелі Ұлы тұлға туған топырақ – Абай ауданына, одан кейін облысқа түсетіні айтпаса да түсінікті болар. Жақында жұмыс сапарымен шежірелі өңірге арнайы барғанымызда Құнанбай Өскенбайұлы жатқан Ақшоқы мекенін абаттандыруға, мемлекет қамқорлығына алуға байланыс­ты алғашқы қадамдардың жасала бастағанын аңғардық. Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров Ақшоқыға қатысты жоба әзірленгенін жеткізді. Жо­ба аясында қорымды қоршау, зия­рат етушілерге арналған орын­дық­тар орнату, осында жерленген жандардың құлпытастардағы жазуларын қайта жазу секілді жұмыстарды жүзеге асыру көзделген екен. Сонымен қатар аудан әкімдігі үлкен мерейтой қарсаңында ұлы Абай дүние есігін ашқан Сырт Қасқабұлақ деп аталатын жерді де қоршап, абаттандыруды жос­парлап отыр. Ал облыстық Мәдениет басқармасының бұл тарапта қандай жоба-жоспарлары бар? Өкінішке қарай, басқарма құдіретті Құнанбай есімін ұлықтауға байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әлі әзірлеп үлгермеген секілді.

Атал­ған басқарма басшы­сы Азамат Мұхамедчиновпен ха­бар­лас­қа­нымызда Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығына бай­ланысты ғана іс-шаралар жос­пары дайындалғанын жеткізді. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Құнанбай қорымы мен оның төңірегін­­дегі елеусіз-ескерусіз қалып келе жат­қан қасиетті орындарды назар­ға алу керектігі жайында: «Абай­дай алыптың, қазақтың ұлы ақы­ны­ның туған әкесі Құнанбай бү­гін­де расымен де ескерусіз қа­лу­да. Абайға ар­нал­ған музей мен Жи­дебай­да­ғы мемориалдық кешен­ге Құнанбай қорымы кір­мей қал­ған. Шыңғыстау бау­ра­йын­­дағы Құнанбайдың бәйбі­шесі Күңкенің қорасы, кіші әйе­лі Айғыздың үйі, қора-жайы, Шәкәрімнің әкесі, яғни Құнан­бай­дың ұлы Құдайбердінің үй-жайы, Абайдың хатшысы Мүр­сейіт­тің үйі, зираты және тағы бас­қа­ларының да зираттары жер­мен-жексен болып барады. Семей­лік журналист Раушан Қаб­­жан­қызы осы жерлерге арнайы пресс-тур ұйымдастырып, бұл проблемаларды қалай назар­ға алу керектігі жөнінде шешім шы­ғару өтінішін жеткізді. Атал­ған ұсыныстар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу бойынша құрылған жұмыс тобы тарапынан қарастырылатын болады» деп өзінің фейсбуктегі парақшасында жазған-ды.

 

«Шырылдайды Уақыт Шыңғыстаудан шығармай»

«Дарға асқан да Құнанбай,

 қара басқан Құнанбай»,

Өткен істі осылай

өршітеміз ұялмай.

Шынжыр балақ, шұбар төс

 Құнанбайын қазақтың,

Шырылдайды Уақыт

 Шыңғыстаудан шығармай.

Абайлық ақын Төлеген Жан­ға­лиев жырлағандай, расын­да, Құ­нанбайдың әлі де Шың­ғыс­тау­дан шыға алмай жатқаны ащы да болса шындық. «Ақшоқыға мем­лекеттік көзқарас керек. Құ­некең жөніндегі әңгіменің бас­тал­ғанына 1-2 жылдың шама­сы болды-ау деймін. Бұл рет­те Досхан Жолжақсынов түсір­ген «Құнанбай» фильмінің аға сұл­тан есімін ел жадында жаң­ғыр­туға үлкен үлес қосқанын айту­ға тиістіміз. Әрине Құнекең бей­несін жұртшылыққа паш ету бірер фильммен, бірер шығар­мамен бітетін шаруа емес. Құнан­бай қа­зақ­тың Қаз дауыс­ты Қазыбек, Төле би секілді қай­ра­т­керлерімен теңестірілетін тұлға. Өкініштісі, егемендік алғанымызға қанша жыл болса да, Құнекеңе әлі дұ­рыс бет бұра алмай жатырмыз. Үл­кен бетбұрысты еліміздің жаңа Пре­зиденті Қасым-Жомарт То­қаев­тың өзі бастады. Құнекең жөнінде астын сызып тұрып айт­ты. «Ел тарихындағы еңбегін ұмыт­­пауымыз қажет. Ол – тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға» деді. Бұдан артық қандай сөз керек?! Енді сең қозғала ма деген ойымыз бар. Құнанбайды ұлық­тау неден басталуы керек? Ең әуелі қажы жерленген Ақ­шоқыға апаратын 21 шақырым жол жақсылап жөнделуі керек. Абай еліне келімді-кетімді адамдар: «21 шақырым алыс, жол нашар» деп Құнанбайдың басына бармайды. Бұрылмайды. Еңлік-Кебек ескерткішінен асады да, Жидебайға тартып кетеді. Бұл – бір. Екіншіден, Құнан­бай жатқан жер сөйлеп тұруға тиіс. Қажет болса мұнда шағын музей салу керек. Басында шырақшы болуы қажет. Әрине Жидебайдағыдай үлкен кешен сұрап отырғанымыз жоқ. Менің жаныма бататын тағы бір дүние. Абай елінде жыл сайын «Абай оқулары» өтеді. Шараға келетін балалардың бәрі Абайды, Шәкәрімді біледі, бі­рақ Құнанбайды білмейді. «Абай оқуларының» өтіп келе жат­қанына 20 жыл болды ма, оқу­шы­лардың Құнанбай туралы айт­қандары есімде қалмапты. Сон­дықтан ұлы Абайдың 175 жыл­дығы қарсаңында Құнан­бай­ды құрметтеп, ұрпақ есінде қалатындай, кәдесіне жарайтындай шаруа атқаруымыз керек-ақ» дейді ақын, Абай ауда­нының Құр­метті азаматы Төлеген Жан­ғалиев.

 

Ақшоқыға қабірстан емес, қасиетті орын ретінде қарауымыз керек

Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынов: «Құнанбай жұрт аузы­на қараған қазақтың бас адам­дарының бірі болған» деп аса жо­ға­ры бағалаған дала данышпаны Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тари­хында алар орны бөлек. Ақ­шоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шет­кі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Орайы келген­де айта кетейік, Құнанбайдың іні­сі Жақып, Абайдың аға­лары Ысқақ пен Тәңірберді, іні­сі Смағұл, Мұхтар Әуезовтің ата­­сы Әуезхан Бердіханұлы, һә­кім­нің алғашқы кітабын Санкт-Петер­бургте бастырушы Кәкітай Ысқақ­ұлы, Ызғұтты осы қорымда жерленген.

Ақшоқының ұлы Абай өмі­рін­­де алар орны, ақынның алғаш­қы жарын сүйген ләззатты шақ­тары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақ­тық сапарға аттан­дыр­ған қамы­рық­ты сәттерін өт­кер­ген қа­сиетті өлке екендігі де әлі де ес­керіл­мей келе жатқан секілді. Бірін­шіден, Ақшоқы – ұлы Абайдың қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құ­на­нбай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақ­тал­­ған. Ақын әуелде Үлкен Ақ­шоқы­ны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жердегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талап­тың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүние­ден өткен сүйік­ті ұлы Әбіш­тің сүйегін 1895 жылы наурыз айын­да осы Кіші Ақ­шоқыда қарсы алған дейді. «Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуеске соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыр­алы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жол­дың оң жағындағы шиді нұс­қап, солай жіберді» – деген көр­гендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу бол­ған орында түп-түп ши бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Иса­баев. Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Мед­ғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмаларын жазған Мағауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі.

Ұлы Абай «Айттым сәлем, Қалам­­қас», «Татьянаның Оне­гин­­ге жазған хаты», «Оне­гин­нің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Онегиннің өлер­дегі сөзі», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін осы Кіші Ақ­шоқыда шығарып, Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанын тұңғыш рет қазақ тіліне осы жерде аударған және «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті» дейтін өлеңдері де осында дү­ниеге келген деген деректер бар. Осындай шерлі де шежі­ре­лі тарихы бар Ақшоқыны Құ­нан­байға ғана қатысты деуге бола ма?

Осы ретте зиялы қауым өкіл­­дері Құнанбай мәңгілікке тыныс тапқан мекенді қорым деп қом­сынбай киелі орын дәре­жесіне көтеретін кездің әлде­қа­шан жеткенін айтады. «Ақшоқыға біз әлі күнге дейін Кеңес ода­ғының көзімен қарап келе­міз. Ол заман баршаға бел­гілі. Дінді айтқызбады, тарих­­ты дұрыс айтқызбады, Құнан­­байдың қандай тұлға екенді­гін айтқызбады. Соған орай Абай­дың тарихнамасы да өзгер­тіліп берілді. Ақшоқы Абай ата­­мыздың тұрақты мекені бол­ған жер. «Мынау саған, жең­геме көрімдік» деп інісі Ос­пан­ның дәу қара тасты есік ал­ды­на әкеп тастайтыны бар емес пе қалжыңдап? Сондықтан біз Ақ­шоқыға қорым, мола, қабір­с­тан ретінде емес, Абай­дың тұр­­ғылықты қонысы ре­тінде қарауымыз керек» дейді аға сұл­тан жайында кітап жаз­ған, абай­танушы Бейбіт Сапаралы.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-му­зейінің директоры Жандос Әубәкір Ақшоқыға байланысты бізге екі ұсынысын айтты. «Бірін­шіден, Ақшоқыдағы Құнанбай қоры­мы республикалық маңы­зы бар тарих және мәдениет ес­керт­кіш­терінің тізіміне енуі керек. Екіншіден, Ақшоқы Абай музейінің бір бөлімі болуы қажет. Абай өмірі мен шығар­машы­лығында Ақшоқының алатын орны ерекше. Ақшоқы жерінде та­рихи орындар да жетерлік, та­ри­хи оқиғалар да көп болған. Сон­дықтан осы атыраптағы ес­керт­­кіштердің барлығы Абай му­зейі­­нің төңі­регіне топтастырылса жақ­сы болар еді» дейді ол.

 

Шығыс Қазақстан облысы