Аймақтар • 16 Шілде, 2019

Алматы облысында анестезиолог суға батқан жігітті ажалдан құтқарды

2247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаманат хабар жерде жата ма, биылғы жаз маусымы басталғалы бері Жетісу өңірінде ажал құшқан адамдар жайлы ақпарат жиілеп тұр.

Алматы облысында анестезиолог суға батқан жігітті ажалдан құтқарды

Жақында Талдықорған қаласы маңындағы Қаратал өзеніне батып кеткен 14 жасар қыз баланы құтқарушылар мен еріктілер 6 күн бойына іздеп, сүйегін әзер тапқан болатын. Өкініштісі, қайғылы жағдаймен аяқталатын мұндай оқиғалар адамдардың демалысы кезінде, белгіленбеген жерге суға шомылуы барысында болып жатыр екен. Бұған дейін сол Қаратал өзініне тағы бір жасөспірім суға батып, ата-анасының қолында жантәсілім еткен-ді. Қазір құтқарушы мамандар мен еріктілер демалушыларды қауіптен сақтандырып бағуда. Алайда, суға шомылу маусымы кезіндегі күтпеген жағдай азаяр емес.

Мәселен, кеше бассейндегі суға батып кеткен жас жігіт ажал аузынан қалды. Суға тұншығып, клиникалық өлім күйіне көшкен адамды сол сәтте бассейнде демалып жүрген дәрігер байқап қалып, жедел көмек көрсеткен. Нәтижесінде 17 жасар Назим тірі қалды. Осылайша, Талдықорған қаласындағы «Тюркский дворик» демалыс алаңындағы бассейнде суға батқан 17 жасар жігітті облыстық аурухананың реаниматолог-анестезиолог дәрігері Ілияс Нүсіпалиев клиникалық өлімнен құтқарып қалды. Жұмыс уақыты аяқталған дәрігер Ілияс Нүсіпалиев аталған демалыс орнына суға түсуге барған екен. Сол уақытта жиналған жұрт бассейннен ес-түссіз күйіндегі Назимді тауып алып, улап-шулап жатқан. Бірден көмекке ұмтылған Ілияс демі шықпай қалған жігітке 7-8 минут бойына реанимациялық көмек көрсеткен.

- Суға батқан адамды құтқару кезінде әрбір минут қымбат. Егер бірден көмек көрсетпей, 3-4 минут жоғалтып алсаңыз, онда миға, жалпы ағзаға қан бармай қалады. Жүрекке массаж жасау арқылы жүрек соғысын қалпына келтірген соң есін жиды. Жедел жәрдем көлігі келген соң қажетті ем-шара қолданып, облыстық ауруханаға жеткізілді, - дейді облыстық аурухананың реаниматолог-анестезиолог дәрігері Ілияс Нүсіпалиев.