Экономика • 17 Шілде, 2019

Квазимемлекеттік сектордағы керенаулық

621 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың сынына ұшыраған мәселелердің бірі ква­зимемлекеттік секторға қатысты. Президент бюд­жет­тен ақша алып отырып, шығынға батып жүр­ген компанияларды анық­тауды тапсырды.

Квазимемлекеттік сектордағы керенаулық
Ауыл шаруашылығындағы алпауыттың ахуалы

Мемлекет басшысы «Қаз­Агро» ұлттық басқарушы хол­дин­гінің былтыр 120 млрд теңге шығынға ұшырағанын айта келіп, холдингке қатысты түбе­гейлі шаралар қолдану қажет­тігін айтты. «Бұл осын­дай құрылымдардың жетек­ші­лерінің қабілетсіздігі. Холдинг қаржыландырған 672 жобаның 40 па­йызы тоқтап тұр. Компания дереу реформалануы керек», деген Президент холдингті басқаруға шетелдік мамандарды тарту жағын да ойластыруды ұсынып, Үкіметке алдағы үш айда бұл мәселе бойынша шешім табуды тапсырды. 

Соңғы екі жылдан бері ауыл шаруа­шылығын қаржы­лан­­дырушы негізгі инс­титут шы­ғынға ұшырап жатыр. Ал­дың­ғы жылы компания 126 млрд теңге «жоғалтқан» екен. Оның ал­дында 2009, 2015 жылдары да тиісінше 12,31 млрд және 99,32 млрд теңге шығын шеккен. Хол­динг құрылған 2006 жыл­дан бері 320 млрд теңге жел­ге ұшыпты. Осы уақыт аралы­ғында холдингке 1,6 трлн теңге берілген. Оның 495 млрд теңгесі – бюджет пен Ұлттық қордың ақшасы. 

Биыл да холдингтің жағдайы мәз емес. Шілде айының басында Се­нат­тың пленарлық отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Го­дунова аудиторлық тексерістің нәти­жесінде хол­дингтің қаржыландырған жо­ба­ларының 83-і проблемалық еке­нін айтып, соның салдарынан 50 млрд теңге тағы шығын болу ық­тималдығын жет­кізген. Ең қызығы, мемлекет қаржы­сына сүйен­ген компанияның топ-бас­қа­­ру­шылары 2017-2018 жылдары өздеріне 4,3 млрд теңге сыйақы жаздырып алыпты. 

Ауыл шаруашылығындағы алпа­уыт­тың бұлайша шығынға батуына компания қаражатының әлсіз банктерге депозитке салынуы себеп болуы мүмкін. Оған дәлел де жоқ емес. Шаруаларға арзанға берілуі тиіс қаражаттың не үшін банктерге салынғаны өз алдына бөлек әңгіме, ал сол салынған қаражаттың өзін жоғалтып алуы бірер жыл бұрынғы банк секторындағы дағдарысқа барып тіреледі. 

Былтыр Елбасы банк секторын қалыпқа келті­руді тапсырғанда кей банк қо­жайындары квазимемлекеттік сек­тордың салған депозитін «игеріп» отырғанын айтып сынаған болатын. Ал квазимемлекеттік сектордың ақшасы, жоғарыда айтылғандай, бюджеттің, тиісінше халықтың қаражаты екені белгілі. Осы орайда бірер жыл бұрын ҚазАгро «артық ақшасын» Қазинвестбанк пен Delta Bank-ке салған. Бұл екі банк те кейін лицензиясынан айырылып қалғаны есімізде.  

Не бизнес емес, не бюджет емес

Жалпы, «ҚазАгро» мәселесі қазіргі квазимемлекеттік сектордың жағдайын көрсеткендей. Мемлекеттің қатысуы бар компаниялар Үкіметтің қамқорлығына қарамастан табысты бола алмай отыр. Оның себебі, Есеп комитеті төрайымы Н.Годунованың айтуынша, компания басшыларының шығынға ұшыраудан қорықпауы. Егер жылды «минуспен» жауып жатса, келер жылы қайтадан мемлекеттен көмек ала қояды. Мәселен, өткен жылы квазимемлекеттік сектордың таза табысы 18 пайызға ұлғайғанымен, шығыны 5 есеге көбейіп кетіпті. Бұл туралы маусым айының басында Есеп комитетінің төрайымы Мәжілісте мәлімдеген еді. Осы орайда Н.Годунова мемлекеттің жекешелендіру саясатын осы бағытта күшейтуді ұсынған.  

Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттің қатысуымен 155 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 219 республикалық мемлекеттік кәсіпорын бар. 2015-2018 жылдары, Есеп комитетінің мәліметінше, осы компанияларға республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңге бөлініпті. Ал олардың мемлекетке төлеген дивиденді мен төлемі 148 млрд теңге ғана болған. Мемлекеттің қатысуы бар акционерлік қоғамдардың 23 пайызы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің 14 пайызы 2018 жылды шығынмен жауыпты. Сонымен қатар бұл компаниялардың инвестициялық қызметтері нөлге тең екені де жасырын емес. 

Жоғарыдағы статистикаға сүйенсек, мемлекеттік компаниялардың қызметі бюджет қаражатын игеру ғана секілді. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, әрбір орталық мемлекеттік органдардың жанынан құрылып, тендерлерге қатыспай, тікелей тапсырыс алатын компаниялар бар. Бұлар нарықтағы бәсекелес ортаға түспейді. Олардан әлгі мемлекеттік органдар табыс табуды емес, қаражатты игеріп, жұмыстың атқарылуын талап еткендіктен, компания менеджменті қаражатты үнемдеуге бас қатырмайды. Осының нәтижесінде жоғарыда аталған миллиардтаған шығындар есептеліп жатады.  

Екіншіден, Есеп комитеті төрайы­мының айтуынша, квазимемлекеттік сектор басшылары бюджетті тиімсіз жоспарлайды. Бұл өз кезегінде қара­жаттың игерілмей қалуына әкеліп соғады. Мәселен, 2018 жылы квазимемлекеттік секторға бөлінген қаражаттың 19,7 млрд теңгесі игерілмей қалған. Ал 2017 жылы көрсеткіш тіпті 45 млрд теңге болыпты. Осы орайда бас аудитор квазимем­лекеттік секторға бөлінген қаражат игерілмей қалып, қазынашылық шотта үш жылдан артық жатқан қаражатты бюджетке қайтарып беру туралы заңнамаға өзгеріс енгі­зуді ұсынды. Сонымен қатар Н.Годунова Мәжілістің жалпы отырысында бұдан былай қаражаттың игерілуіне ғана емес, оның тиімді және орынды игерілуіне де көңіл аудару керектігін айтқан. 

Біртіндеп жекешелендіру керек

Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі ква­зи­мемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысына тексеріс жасау қа­жет­тігін мәлімдеді. «Әрбір ұлттық хол­динг немесе ұлттық компания Қазақстанға, азаматтарға пайда әкелуі керек. Квазимемлекеттік компанияның шығындарын біржола ұмыту керек. Олар тек табыс қана әкелуі керек. Даму институттары тек осы мақсат үшін ғана құрылған. Олардың жұмысы экономиканы дамытып, халыққа қызмет ету. Құрылымын кеңейтіп, табыстарын арттыру олардың негізгі мақсаты емес. Олардың көпшілігі монополистер. Ал табысы бизнес пен халықтың шығыны», деген Мемлекет басшысы Үкімет пен Есеп комитетіне квазимемлекеттік сектордың қызметіндегі әлеуметтік-экономикалық пайда мен зиян­ды бағалау әдістемесін дайындауды тапсырды. Бағалау қорытындысы бо­йынша олардың жұмысын әрі қарай жалғастыратыны немесе тоқтататыны туралы шешім қабылданбақ. 

Жоғарыда аталғандай, ірі квази­мем­лекеттік компаниялардың көпшілігі монополист. Егер олар Есеп комитетінің аудитінен өтпей қалса, компания жабылады. Демек, нарық бос қалады деген сөз. Ондай жағдайда мұның қызметімен айналысатын жекеменшік компания­лар құрылары анық. Бүгінге дейін жекешелендіру бойынша Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бірқатар компаниялар мен кәсіпорындарды сатуға шығарған. Кейбірі өтіп кетсе, кейбірі ешкімге керексіз болып жабылып қалды. Осы орайда тиімсіз жұмыс істеп отырған квазимемлекеттік компаниялардың бұрыннан бері не себепті сатылмай келгенін экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Сайлау Байзақов былай деп түсіндіреді: «Мем­лекет бүгінге дейін кейбір салаларды өзі­нің бақылауында ұстауы керек болды. Толығымен нарықтық экономикаға көшіп кету бастапқыда қауіпті. Енді бір­тіндеп мемлекет экономикаға ара­ласуды азайтып келеді. Алдағы уақыт­та қандай компаниялардың жабылып қа­ла­тынын қазір болжау қиын, оны Үкі­мет пен Есеп комитетінің тексері­сінің қорытындысынан көре­міз. Деген­мен агроөнеркәсіптік кешен­дегі квази­мем­лекеттік сектор өзінің тиімсіздігін бай­қатып отыр». С.Байза­қов­тың айтуын­ша, мемлекеттің қатысуы бар компания­лар­дың жұмысына тексеріс жасап, шығынға ұшырап отырғандарынан құтылу дер кезінде қабылданып отырған шешім.  

Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»