Экономика • 17 Шілде, 2019

«Қарапайым заттар экономикасы» қалай дамып жатыр?

825 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Теңге тиыннан құралады» демекші, бизнесте шағын мекемеден ірі компанияға айналған ұйымдар жетерлік. Әлемдік тәжірибені алып қарасақ, әйгілі полковник Сандерс (Харланд Дэвид Сандерс) кішігірім дәмхананы он жылдың көлемінде дүйім Құрама Штатқа танымал мейрамханаға айналдыра білді. Бүгінде аталған жедел тағам мейрамханасының шартараптағы желілерінен өзің шатасасың. Тізбектей берсек мұндай мысалдар жетерлік. Ал біздегі шағын бизнес конъюнктурасының деңгейі қандай? Отандық кәсіпкер қызмет көрсету ландшафтының ауқымын кеңейтуге қаншалықты мүдделі? Қазақстан «қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін толық пайдаланып жүр ме?

«Қарапайым заттар экономикасы» қалай дамып жатыр?
Шетелдік шикізатқа тәуелді

Күні кеше Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ел­дегі «қарапайым заттар эконо­микасының» әлеуеті әлі де дұрыс пайдаланылмай келе жатқанын айтқан-ды. Мемлекет басшысы әсіресе жиһаз, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өндірісіне айрықша мән беру керектігіне тоқталып, Үкіметтегі мүшелеріне осыны тездетіп қолға алуды тапсырды. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдаланып кәсібін өрге дома­латқан қазақстандықтар аз емес. Олардың арасында өнім­дерін Қазақстаннан бөлек Еу­разиялық экономикалық одақ кеңістігіне тасымалдауды межелеген кәсіпорындар да бар. Елордалық Азамат Жағыпаров жиһаз өнімдерін шығаруды жолға қойған кәсіпкердің бірі. Ол өндірістік цехты 2012 жылы ашқан. Алғашқыда жұмысты 10 адаммен бастаған іскер жанның уақыт өте келе тапсырыстары ұлғайып, кәсіпорын құрамы қосымша 40 қызметкермен толықты. Мұнда жұмсақ, корпусты, металды және тағы басқа үлгідегі жиһаз шығарылады. Астаналық компания өнімдерін Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтау және Петропавлдан бөлек елдің түкпір-түкпіріне жеткізіп келеді. Десек те кәсіпкер өнімге арналған шикізат бөл­шек­терін өзге мемлекеттен тасып жүр. Себебі мемлекетте жи­һаз­ды құрастыруға арналған шикі­затты шығаратын бірде-бір кә­сіп­орын жоқ деген уәжі бар.  

– Жылдық табысымыз 300 млн теңгеден асып түседі. Кі­рі­сіміз соңғы үш жылда артып кетті. Жұмыссыз отырған емес­піз. 50 адам еңбек етіп жүр. Әйт­се де жұмыс қолы жетіс­пей­ді. Сондықтан демалыссыз қыз­мет етуімізге тура келеді. Бұл жөнінде оқу орындары­мен әңгімелескен едік. Алайда жастардың бұл салаға келгісі жоқ. Жалақы 200 мың теңге­ден төмен емес. Соған қара­мастан, кадр тапшылығы байқалуда. Өкі­нішке қарай, елімізде МДФ материалын өндіретін кәсіп­орындар жоқ. Сол себепті шикі­затты сырттан алдыртуға мәж­бүрміз. Бұл қазақстандық жиһаз өндірушілердің бас ауруына айналған ортақ мәселе. 

Өндірістік фурнитураның өзі көршілес мемлекеттердің өнімдері. Бізде дайындалатын жиһазға герма­ния­лық материал қолданылады, дейді А.Жағыпаров.    

Ал Абылай Баянтаев жылқы төлін тасымалдауға арналған тіркеменің өндірісіне тыңнан түрен салғандардың бірі. Ол отандық ат спортының қарқын алуымен жылқы малын тасымалдайтын тіркемеге де соншалықты сұраныс көбейе түсті дейді. Әйтсе де жоғарыдағы пікірді ол да қуаттап, өнімге қажетті материалдарды басқа елден алдырып жүргенін атап өтті. 

– Құрамдас бөлшектерді Ресейден және Германиядан сатып аламыз. Осылайша жұмыс істейміз. Бұдан бөлек жүк көлігі тіркемелерін де құрастырамыз. Көктемде үлкен тапсырыс алдық. Төтенше жағдайлар комитеті су сорғыш қондырғысына ар­налған 56 тіркемені сатып алуға келісті. Жуырда мемлекеттік бағ­дар­лама бойын­ша байқауға қатысып, 3 млн теңге көлемінде грант ұтып ал­дық. Ол соманы өндіріс жұмысын ілге­рілетуге жұмсайтын боламыз. Өзбек­стан және Ресейден хабарласып, біздің өнімге қызығушылық білдір­гендер бар. Алай­да, тапсырысты қабылдамай отырмыз. Неге десеңіз, ол үшін өндіріс көле­мін ұлғайту керек. Мұны алдағы уа­қытта реттеу жоспарлануда, – дейді А.Баян­таев.     

22 жасар Әлібек Назарбаев – ірімшік өндіру ісін қолға алған жас кә­сіпкер. Оның шағын кәсіпорнында ита­лиялық, франциялық және испа­ниялық үлгідегі 35 түрлі ірімшік әзір­­ленеді екен. Мұнда жылына 

9 мың тонна дайын өнім шығарылып келе­ді. Дәмі тіл үйіретін ірімшік ел аста­на­­сындағы мейрамханалар мен сауда нүктелеріне жеткізіліп тұрады. Дей тұр­ғанымен жас азамат өндірісті өріс­тету үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор деп есептейді. 

– Тағы бір бөлімшемізді Алматыда ашуды көздеп отырмыз. Сол секілді бұл тізімде Шымкент қаласы да бар. Бизнесімді кеңейту үшін мемлекеттің қолдауы әсте қажет. Осы мақсатта субсидия алудың амалын ойластырудамыз. Өйткені өнім көлемін еселеу үшін маған қосымша қондырғылар алуға тура келеді. Ал оның құны арзан емес, – деген Ә.Назарбаев, айлық кірісі 3 млн теңгенің айналасын құрай­тынын атап өтті.    

Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?

Сандарды сөйлетсек, биылғы жар­­ты­­жылдықта жеңіл өнеркәсіп өнім­дерін өндіру көлемі 16,7%-ға ар­тыпты. Оның ішінде тоқыма бұйым­дарының нақ­ты көлемі 120,5%-ды, киім 108,4%-ды, былғары және оған қатысты өнімдер 97,2%-ды құра­ған. Мақта тал­шығы, дайын тоқыма бұ­йымдары, сон­дай-ақ сыртқы киім өндірісін ұл­ғай­ту есебінен тоқы­ма және киім өн­діру ісінде өсім бай­қалған. Десе де былғарыны өңдеу ин­дустриясында аяқ киім өнімдері көлемінің төмендеуінен теріс динамика тіркелді. Айта кету керек, отандық өндірушілер нарықтағы орнын әдетінше мемлекеттік тапсырыс арқылы сақтап қалуға ты­ры­­суда. Дей тұрғанымен сарапшылар тұты­ну­шылардың талабын ескеріп, заманауи үрдіске ілесе білу керек деп топшылайды. 

– Неліктен Франция, Италия бұл бағытта айтарлықтай табысқа жетті? Себебі аталған индустрияның тынысын зерттеп, салаға білгір мамандар­ды жинақтай білді. Олардағы жеңіл өнер­кәсіптегі үрдісті сән әлемінің саң­лақ­тары, яғни стилистер қалып­тасты­рады. Сәйкесінше түсетін табыстың көлемі қомақты. Міне, біз осыған дұрыстап мән бергеніміз абзал, – дейді Жас кә­сіп­керлер кеңесінің төрайымы Ай­нұр Әмірхан.

1 трлн теңгеден асатын 1500-ге жуық жоба

Жуырда өткен Үкімет отырысын­да Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, «қарапайым зат­­тар экономикасы» салаларын дамы­­ту Жобалау кеңсесінің жұмысы жә­не Же­ңілдетілген несиелендіру бағдар­­ламасы туралы баяндаған еді. Ви­це-пре­мьер Жобалау кеңсесінің жұ­мы­­сында 1 трлн теңгеден асатын со­маға 1500-ге жуық жоба бар екенін, бұл елдегі барлық әлеуетті қа­ты­сушылардың шамамен 30%-ын құ­рай­тынын жеткізді. Оның ішінде 41 млрд теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданғанын және 280 млрд теңге болатын 166 жобаны банктер қарап жатқанын баяндады. Ж.Қасымбек соңғы айда мақұлданған жобалар саны 2 есеге артып, олардың дені тамақ, қызметтер, агроөнеркәсіп кешені және жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты екенін айтты. 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды, 

63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. «Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін 

6,6 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек

Осы орайда Мемлекет басшысы айтқандай, «қарапайым заттар экономикасының» мүмкіндіктерін кәсіпкерлік қауымдастықпен бірге жіті зерттеп, талдаудың уақыты туғанын, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құруға да жол ашылатынын айтқымыз келеді.


Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»