Аймақтар • 17 Шілде, 2019

«Баламекен» – Сыр өңіріндегі бірегей жоба

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көп балалы аналар – елдің байлығы, демографиялық ахуалды жақсартуға қосылып жат­қан жақсы үлестің жаршылары. Бүгінде аузы батырлар «асырай алмайтының бар, неге туа­сың?» деп екіленгенімен олар­ға тиісінше жағдай жасауды мемлекет өз мойнына алып келеді. Соның бір айғағы, Қы­зылорда аймағында қолға алын­ған «Баламекен» жобасы дер едік. Атауының өзінде бал қызық балалықтың иісі шығып тұрған жоба бойынша «Бәйтерек» шағын ауданында 150 пәтердің құрылысы басталған болатын.

«Баламекен» – Сыр өңіріндегі бірегей жоба

Тұрмысы төмен отбасыларға арнап салынған 50 пәтерді облыс әкімдігі қолға алса, 100 пә­терді осы өңірдің тумасы, меценат Болат Өтемұратовтың қайы­рымдылық қоры көтеріп алды.

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Nur Otan пар­тиясы депутаттық фрак­циясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Балайым Кесе­баева, Байділдә Жылқышиев, Тарас Хитуов «Баламекен» жобасы аясында салынған тұрғын үйлер құры­лысымен танысып, тұрғын­дармен жүздесті.

Олар межеленген 100 отба­сына арналған қос пәтерлі үйдің 50-іне қоныстанған тұрғын­дармен кездесті. Халық қалау­лыл­арына осы үйден баспана алған көп балалы ана Ізімкүл Тұрсанова барлық аналар атынан рахметін айтты.

– Бұған дейін пәтер жалдап қиналып жүргенбіз. «Баламекен» жобасының нәтижесінде міне, бас­паналы болып отырмыз. Көшіп келгенімізге бір ай болды. Мұнда жарық, су, газ, жол, телефон байланысы бар, барлық жағдай жасалған. Елімізге осындай қамқорлық көрсетіп жатқанына алғыс айтамын, – деді Ізімкүл Тұрсанова. 

Елбасының халықты әлеу­меттік қолдау бағытындағы тап­сырмасының нәтижелі жүзеге асы­рылуына көз жеткізген Мә­жіліс депутаттары да жоба аясын­дағы жұмыстарға оң бағасын берді.

«Баламекен» жобасы халық қалаулыларын да тәнті етті. Мәжіліс депутаты Балайым Ке­се­баева көп балалы аналарға ар­налған осындай тиімді әрі ыңғайлы жобаны тек Сыр өңі­рінен көргендігін айтып, осынау іске мұрындық болған ел ағаларына рахметін жеткізді.

Халықпен кездесу барысында Парламент депутаттарымен бірге болған Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов облыстағы тұрғын үйге байланысты жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

– Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында соңғы 6 жыл ішінде Қызылорда қаласының өзінде 15 шағын аудан пайда болған. Жаңа аудандардың құрылысы да жүріп жатыр. 2019 жылдың соңына қарай Сыр­дың сол жағалауында 2 628 пә­терлік 13 көпқабатты тұрғын үй салынып, оған 13 мың адамды қоныстандыру көзделіп отыр. Елбасының 2018 жылдың қаң­тарындағы Жолдауына орай, болашақта бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жоспарда бар, – деді ол.


Қызылорда облысы