Руханият • 17 Шілде, 2019

«Көкірегіне әсем әннің көк мұхитын шайқаған»

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында Алаштан ән оздырған әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған республикалық байқау аяқталды.

«Көкірегіне әсем әннің  көк мұхитын шайқаған»

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің мерейтойы Ақжайық өңірінде екі күндік шарамен аталып өтті. Биыл төртінші мәрте ұй­ым­­­­дастырылған «Жезтаңдай, кү­­­міс көмей ән дүлдүлі» атты рес­­­­пуб­ликалық байқауға Қазақ­стан­ның әр өңірінен келген 22 өнер­паз және мерейтой меймандары әуелі Орал қаласындағы Ғарекең ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Одан кейін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Дәстүрлі әншіліктің дарабозы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. 

– Дәстүрлі өнер, әсіресе қазақ­тың ұлттық ән өнерін үйрену, оған қызығу үшін тәлім берер ұстаздың орны ерекше ғой. 1965 жылы Алматыда ашылған эстрада-цирк студиясында бізге ең бірінші сабақ берген – Ғарекең еді. Ол – мен үшін өте қымбат адам! – дейді Қазақ­­станның халық әртісі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің оқытушысы Қажыбек Бекбосын.

Ақын Төлеген Айбергенов «Көкі­регіне әсем әннің көк мұхи­тын шайқаған» деп баға берген саңлақ әнші туралы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, Қазақстан Республикасының мәдениет қай­рат­кері Гүлмайдан Сүндетова, Қазақстан Республикасының мә­де­ниет қайраткері, Мұрат Өс­кен­­баев атындағы Маңғыстау об­лыстық филармониясының қыз­меткері, әнші Бауыржан Са­ты­балдин, Дина Нұрпейісова атын­дағы Атырау академиялық оркес­трінің көркемдік жетекшісі Қай­рат Кәкімов, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің про­фес­соры Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев және басқалары өз ес­теліктерін айтты. Ал әншінің не­мересі, өнер зерттеушісі Меруерт Құрманғалиеваның пікірінше, Ғарифолла Құрманғалиев қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің музыкасын дамытуға зор үлес қосқан тұлға. 

Әнші мерейтойының алғашқы күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Ән ұрпаққа ама­­­нат» атты фестивальмен аяқ­талды. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген Ғарифолла Құр­манғалиевтің шәкірттері мен басқа да әншілер өз өнерлерін көрсетті. 

Мерейтойлық шаралардың екінші күні әншінің туған жері Қаратөбе өңірінде жалғасты. ІV рес­публикалық «Жезтаңдай, кү­міс көмей ән дүлдүлі» атты дәс­түрлі әншілер байқауының ашылу салтанатына өңір басшысы Ғали Есқалиев арнайы барды. Нұр-Сұлтан мен Алматы, Семей қалаларынан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 22 өнерпаз әнші байқауда бақ сынады. Байқау шарты бойынша әншілер Мұхит пен Ғарифолла туындыларын және өз аймағының әнін орындады. Алғашқы сыннан 12 әнші сүрінбей өтті. Екінші турдан кейін байқау жүлдегерлері анықталды. Қазақстан Республикасының халық әртісі Қажыбек Бекбосын бастаған қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдана Қаржаубаеваны лайық деп шешті. Атыраулық Берік Амантаев бірінші орынға ие болды. Маңғыстау облысының намысын қорғаған Нұрыс Ас­қанов пен Батыс Қазақстан об­лысының Ақжайық ауданынан келген Данияр Елеуов екінші орынды бөлісті. Ақтөбелік Әділет Кү­зембаев, сырымдық Армат Ал­дамжаров, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев үшінші орынға ие болды. Бейбіт Қажығалиев, Тілек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұл­дыз Сүндетқалиева, Әзімхан Баймағамбетов байқаудың дипломаты атанды. 

Екі күндік шараның қоры­тындысына айналған гала-концертте байқау жүлдегерлерімен бірге әншінің шәкірттері Қа­жы­бек Бекбосын, Хайдар Өтеға­лиев, Қа­паш Құлышева ән шыр­қады.


Батыс Қазақстан облысы