Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Қоңыр Әулиедегі Қазақ батырларына ескерткіш тас белгі қойылды

881 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өз туындыларына үнемі батыр бабалардың жырын арқау етіп келеді. Несіпбек Айтұлының поэмаларын оқығандар ақынмен бірге арқаланып, қазақтың көне замандағы даласына сапар шегеді. Несіпбек Айтұлы жақында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан Абай ауданының орталығы Қарауылға арнайы келіп, Тоқтамыс ауылының маңында орналасқан Шаған өзені бойындағы Шаған шайқасына қатысқан, елі үшін, жері үшін мерт болған қазақ батырларының құрметіне тас қойды.

Қоңыр Әулиедегі Қазақ батырларына ескерткіш тас белгі қойылды

- Өткен тарихтан белгілі Қоңыр әулие үңгірі алдында қазақтар мен қалмақтар арасында 1757 жылдары кескілескен шайқас болған,-деді белгілі қаламгер, «Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Әсет Мырзақасым,-тарихта «Шаған шайқасы» деп аталған бұл оқиға – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты көркем туындылары мен тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» еңбегінде жақсы баяндалған.

Абай еліне сапары барысында ақын Несіпбек Айтұлы мен «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» турнирлерінің бірнеше мәрте жеңімпазы Айбек Нұғымаровты аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров жылы қабылдады. Әкім Жарқынбек Байсабыров Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қосып жатқан үлесі үшін Несіпбек Айтұлына ризашылығын білдірді.  Несіпбек Айтұлы да  келу мақсатын айтып, сонау-қалмақ-қазақ соғысында ата-бабаларымыздың ерлік ізі қалған, Шаған шайқасында қаза болған қазақ батырларын еске сақтау мақсатында өз атынан белгі тас қоятындығын жеткізді.

Бұдан соң Жарқынбек Байсабыров пен құрметті қонақтар арасында 2020 жылғы Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге байланысты ашық-жарқын әңгіме өрбіді.

-Қоңыр әулие басына қазіргі ұрпақ ел мен жерін танысын деген мақсаттағы тас белгі қоюыңызды толық құптаймын,-деді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров,-біздің талапты ақын жастарымыз өзіңіздей айтулы ағаларымыздан үлгі алып өссе біз үшін зор ғанибет.

Қарауылдан арығарай Қоңыр әулие басына жеткенше ұзақ жол. Сонымен, Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалин,  сот жүйесінің ардагері, адвокат Белгібай Сахариев, ақынның досы Тұрсынғазы Ғабитовтермен қатар, барлық сапарластарды Семей қаласынан күтіп алып, бірге жүрген даңқты балуан Айбек Нұғымаров, «Абай елі» газетінің редакторы Әсет Мырзақасымдар  Қоңыр әулие жаққа аттанды.

Тоқтамыс ауылында тұратын ақынның бала күнгі досы әрі туысы ардақты азамат Сәниязбек Құрманғалиннің үйіне аялдаған Несіпбек Айтұлы қазақ салтымен үй иесінің жұбайы Күләштің қазасына орай көңіл айтып, үйге жуырда түскен келінге шашу шашып, батасын берді.

-Талғат Құрманғалин бауырымыз да жолдан қосылып, ауыр тас белгі  тиеген көлікті ортаға алып, Қоңыр Әулие басына келгенімізде осы шараны естіген  Аягөз ауданынан аудан әкімі Д.Оразбаевтың арнайы тапсырмасымен әкімнің орынбасары Болат Сүлейменов, «Ойсана» журналының редакторы танымал журналист Бақыт Өмір Шалғанбай сияқты азаматтар қарсы алғанда риза болдық,-деді Әсет Мырзақасым,-«Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, Айбек Нұғымаров бастаған жігіттер тас белгіні түсіріп, Несіпбек ағасы көрсеткен биіктеу төбеге ескерткіш белгіні орнату қамына кірісе кетті. Нескең бастаған бірқатар атқа мінер азаматтар Қоңыр Әулие үңгірі алдындағы тас қорымды ары алып, қарастырғанда, сол жерден Шаған шайқасында қаза болған жауынгерлердің орнын көріп, олардың бастарына қойған тастардағы Арғын, Наймандардың ру таңбаларын тауып, дабырласып қалды.  Расында, бұдан бұрын да анықтап болжауымызша бұл жерде ең кемі 300-дей зират  бар, соғыста жекелей, кейде топтап жерлеу орын алды десек, бұл қорымда ең кемі 100-ден астам адам жерленген деуге болады.

Жиналғандар Қоңыр Әулие үңгірінің құпиялары мен Шаған Шайқасының шындығын ашуға тарихшылар мен археолог ғалымдарымыздан бей-жайлық, немқұрайдылық танытып отырғанын Несіпбек Айтұлына айтқан кезде, ол  бұл мәселе алда тиісті мекемелерде сөз болатындығын, Бородино шайқасы орыс халқының өткен тарихында ерекше уақиға болса, Абылайды тану үшін, қазақ-қалмақ соғысының шындығын ашу үшін Шаған шайқасының орны зор, бұл жерді тарихи орын, оны зерттеу керек деді. Осында суы шипалы деп емделуге келуші мыңдаған, миллиондаған адам Қоңыр Әулие үңгіріне ғана таңқалмай, тарихымызды танып, батыр бабаларымыздың ерлігіне бас иіп, құрмет жасауы керек деген ойын да айтып өтті.

Сөйтіп, ақын Несіпбек Айтұлы мынадай жазуы бар тас белгі қойғызды:  «Бұл жерде XVIII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында хан Абылай, Қабанбай, Бөгенбей, Олжабай, Бердіқожа, Мамай, Тоқтамыс, Баймұрат, тағы басқа батырлар қатысқан Шаған шайқасында Қоңыр Әулие қорғанында мерт болған қазақ сарбаздары жерленген. Найман-Төртуыл бұтағынан тарайтын Жауғаш батыр ұлдары Сарыбай мен Түгел екеуі бір қабірде жатыр. Отан үшін шейіт болған ерлердің рухы мәңгі өшпей, ұрпақтары жасай берсін. Белгі қойған ақын Несіпбек Айтов. 2019 жыл, шілде».

Тасқа түскен таңбадай жазуға ешқандай анықтама берудің қажеті болмас. Белгі тас басында тебірене сөйлеген Несіпбек Айтұлы ағамыз осынау игі шараға қатысқан Абай, Аягөз елінің басшыларына, азаматтарына, даңқты балуан Айбек Нұғымаров бастаған жастарға, ас беруге атсалысқан Семей, Абайдан келген туыстарына айрықша рақметін жаудырды. Қорымда жерленген қазақ батырларының рухына бағышталып құрбан шалынып, ас беріліп, Құран қатым түсірілді. Батырын жоқтап, жырлаған ақын бақытты болады деуші еді, соның бір куәсі болған ел Несіпбек Айтұлына ерекше риза болды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                  

«Еgemen Qazaqstan»

Абай ауданы

Шығыс Қазақстан облысы