«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ауыл жастарының жай-күйін зерттеу мақсатында тұрғылықты жерлердегі мәселелерге қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізген еді. Соның нәтижесінде ауыл-аймақтағы жастарды не толғандыратыны туралы біраз мағлұмат жиналды. Атап айтсақ, бірінші кезекте жастарды азық-түлікке, халық тұтынатын тауарларға жоғары бағалар мен табыс деңгейінің төмендігі алаңдатады. Сауалнама қатысқандардың 40%-дан көбі осы мәселелерді бөлек атады. Бұдан кейін жұмысқа орналасу және жұмыссыздық мәселесін айтып қынжылыс білдіргендер 38,8%-ды құрады. Респонденттердің шамамен бестен бір бөлігі өз баспанасының жоқтығына, жоғары білімнің жоғары құнына және несиелер бойынша қарыз міндеттемелеріне шағымданған. Сондай-ақ басқа да мәселелер көрсеткішіне тоқталсақ, ертеңгі күнге деген сенімділіктің болмауы – 11%, жастардың бос уақытын өткізу – 11%, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі – 9%, сыбайлас жемқорлық – 8,7%.
Сонымен қатар сауалнама қорытындысын әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша өңірлерге жіктеуге болады. Айталық, ертеңгі күнге сенімсіздік Алматы (30%), Батыс Қазақстан (20%) және Қостанай (10%) облыстарының жастарына тән. Жастардың бос уақытын өткізу мәселесі Шығыс Қазақстан (38%), Қызылорда (22%) және Павлодар (19%) облыстарында өте өзекті. Медициналық қызмет көрсетудің төмен сапасы көбінесе Павлодар (23%), Қызылорда (18%) және Қостанай (18%) облыстарында байқалады.
Сауалнама жүргізілгенде жастардың жас ерекшеліктері де ескерілді. Мәселен, 14-18 жас аралығындағы жастар жоғары білім алу ақысының қымбаттығына қынжылыс білдіреді. Бос уақытты ұйымдастыру мәселелеріне де мән берген – осы жастағылар. Ал ертеңгі күніне сенімділіктің төмен көрсеткіші 19-23 жастағыларға тән. Осы жастарға қоса 24-28 жас аралығындағы азаматтар экономикалық мәселелерге алаңдаушылық білдіреді. Мәселелердің ерекшелігіне жастардың өз отбасыларын құрған-құрмағандығы да ықпал етті.
Сондай-ақ аталған проблемалардың әртүрлі боп келуін жастардың білім деңгейімен байланыстыруға болады. Жоғары білімнің жоғары бағасын толық орта, орта арнайы/кәсіптік-техникалық немесе аяқталмаған жоғары білімі бар жастар (18%-дан 27% дейін) атап өтті. Табыстың төмен деңгейіне орта арнаулы/кәсіптік-техникалық және одан жоғары білімі бар ауыл жастары (46%-дан 58% дейін) жиі шағымданады. Орта білімнен жоғары білімі бар немесе білімі жоқ жастардың 40%-дан көбі азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарлардың жоғары бағасына алаңдаулы. Жастардың білім деңгейі жоғары болған сайын жеке тұрғын үйдің болмауы жиі айтылады. Бұл жағдай несие проблемасына да сәйкес келеді. Жоғары білімі бар (14%) және толық емес орта білімі бар немесе білімі жоқ (12-13%) жастар ертеңгі күніне күмәнмен қарайды.
Бұған қоса, үш және одан да көп баласы бар жас отбасылар алдында өзекті экономикалық мәселелер көлбеңдейді. Отбасылы респонденттердің 50%-дан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлардың жоғары бағасы, табыстың аздығын атаса, 40%-ы жұмыспен қамтылу, тұрғын үйдің болмауы, несие мәселелерін көтерді.
Сауалнама барысында ауыл жастарының елді мекендердегі өмірдің болашағына қатысты көзқарасынан біршама хабардар болдық. Ол үшін алдымен «Сіз, өз болашағыңызға қаншалықты сенімдісіз?» деген сұраққа жауаптар жиналды. Ұсынылған жауаптардың ішінен орта есеппен ауылдың әрбір үшінші жас тұрғыны өз болашағына «толығымен сенімдімін», әрбір екіншісі «Сенімдімін деуге болады», 6,9%-ы «Сенімсізбін деуге болады», 3%-ы «Мүлдем сенімді емеспін» деген нұсқаны таңдаған.
Аймақтар бойынша болашаққа үлкен сенімділік Атырау (93%), Павлодар (92%) және Солтүстік Қазақстан (91%) сияқты облыстарда байқалады. Бұл – «Толығымен сенімдімін» және «Сенімдімін деуге болады» деген нұсқалардың жиынтық көрсеткіші. Ал Қызылорда (16%), Қарағанды (14%) және Қостанай (12%) облыстарындағы ауыл жастарының ертеңгі күнге сенімділігі төмен.
Жас топтары бойынша ауыл жастарының жасы үлкен болған сайын, оның болашағына сенімді екенін көрсетеді. Нұсқалардың жиынтық көрсеткіші 14-18 жас топтарында – 84,4%, 19-23 жас аралығында – 83,7%, 24-28 жас аралығында – 80,4%. Болашаққа сенімсіздік танытатын ауыл жастарының пайызы жалдамалы тұрғын үйде тұратындар арасында айтарлықтай жоғары – 16%. Ал жас ауылдықтардың басқа санаттарында бұл көрсеткіш екі есе төмен және 8-9% шегінде өзгеріп отырады.
Жалпы жиналған мәліметтерге сүйенсек, жастар болашағын өз ауылымен байланыстыру үшін алдымен тұрақты жұмыс, лайықты еңбекақы, өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымның болғанын қалайды. Бұл мемлекетті әлеуметтік-экономикалық бағытта дамытуда ескерілетін ерекше салалар екені анық. Қорыта айтқанда, әлеуметтік сауалнама Қазақстанның ауыл жастары өмірге субъективті қанағаттанудың жоғары деңгейіне ие екендігін көрсетті. Ауыл тұрғындарының 44,6%-ы толығымен өз өмірлеріне риза екендерін білдірсе, 45,3%-ы өміріне қандай да бір дәрежеде қанағаттанады.
Әсем ҚАЙДАРОВА,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары,
саяси ғылымдар докторы