Қоғам • 18 Шілде, 2019

Ереженің өзгере беруі шаруаға қолбайлау

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін біз секілді шаруа­ларға нақты көмек көрсетіп отыр. Біз оны сезінеміз. Дегенмен, Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып өткендей, ауыл шаруашылығы саясатында сабақтастық, бірізділік, тұрақтылық жетіспейді.

Ереженің өзгере беруі шаруаға қолбайлау

Біздің «Алтын бидай» шаруа қожа­лығы 2003 жылы құрылған. Шаруашы­лық күздік, жаздық егін егеді, 4-5 алқап­ты егіс айналымы бар. Астыққа қоса күн­бағыс, екпе шөптер де өсіреміз, соңғы жылдары асбұршақ егіп жүрміз. Омарта ұстап, табиғи бал арасын да өндіреміз. 2018 жылы қуаңшылыққа қарамай 734,5 гектар күздік бидай алқабының әр гектарынан 25,5 центнерден, 1197 гектар күнбағыстың әр гектарынан 16,2 центнерден өнім алдық. Қожалықтың 15 жылдығын атап өтіп, еңбеккерлерімізді марапаттадық.

Әрине, осы жетістіктерге жетуімізге мемлекет көмегінің де әсері болғаны сөзсіз. Мысалы тұқым, гербицид алуға Үкіметтен 25 пайыз субсидия беріледі. Жаңа техника алғанда да осылай. Мұның бәрі ескі-құсқы техника паркімізді жаңартып алуымызға мүмкіндік береді.

Алайда ауылдағы еңбекқор ағайын­ға нақ­ты қолбайлау болып отыр­ған мәсе­лелер де бар. Ол Үкімет­тің кеңей­тілген оты­­рысында айтылған­дай, біздің ауыл ша­руа­шылығы министр­лігінде басшы ауыс­қан сайын заңдар мен ережелер жиі өзге­реді. Әр министр келген сайын жаңа рефор­ма жүргізіледі. Басшы ауыс­са, бәрі қайт­адан басынан басталады. Осылайша, бір адам­ның кесірінен бәрі аумалы-төк­пелі болып, біз ауылда зардабын шегіп қаламыз.

Қазір ауылдағы диқан болсын, малшы болсын, жылдың ортасына дейін жаңа ереженің бекітілуін күтіп отырамыз. Өз ойымша, басшылыққа алатын бұл ережелер қаңтарда, тіпті желтоқсан айын­да анықталуы тиіс деп ойлаймын. Сосын бұл ережелер кемінде 5 жылға қозғалмағаны жақсы еді. Әрине, заңдар мен ережелер өзгермей қатып қалған да жақсы емес, бірақ аз-маз түзету жасалса да, негізгі бағыты өзгермей қалуы тиіс.

Өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Дәл қазір мемлекет гербицидке, тұқымға, техникаға субсидия беріп жатыр. Бірақ кейбір ережелердің өзгеруіне сәйкес қазір Ресейден сатып алған техникамыз үшін субсидия ала алмай отырмыз. Ереже жиі ауысқандықтан, аудан­дық ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандардың өзі не айтарын білмей, жоғарыдан нұсқау күтіп отырады.

Тағы бір мәселе, отандық ғылым мен өндірістің сабақтастығы нашар. Ғылым өз деңгейінде жұмыс істемей жатыр. Мысалы, біз күнбағыстың тұқымын Аме­рикадан, Франциядан алдырамыз. Бұл әлемге белгілі, дүниежүзін жайлап алған брендтер. Дегенмен 10 мың гектар алқабы бар Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы олармен бәсекелесе алмай ма? Қарасаңыз, орналасқан жері оңтайлы, адам ресурсы бар, көлік-ком­муникация желісі де ыңғайлы. Ғалымдар да жеткілікті. Бәлкім бұған мемлекет қолдауы қажет болар. Еліміз кең-байтақ, Қазақ­станның өзінде түрлі аймаққа түрлі тұ­қым керек. Сондықтан жергілікті ғылыми ша­руа­шылықтар дамуы керек деп ойлай­мын.

Тағы бір мәселе, соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін шектеу қолдану әрекеті байқалады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «жер көлемі 3 мың гектардан асатын шаруашылықтар шаруа қожалығы болмайды» деген заң шығарды. Бірақ бұдан ештеңе өзгерген жоқ. Кәсіпкерлер ірі шаруашылықтарын бөлшектеп, бірнеше шаруа қожалығын жасап қойды. Қағазбастылық көбейді. Меніңше, мұның орнына 3,5 мың гектардан асатындарға жер салығын көбейту керек еді. Сонда дұрыс болатын еді. Шаруа қожалықтары мен ЖШС-ларға ар­нал­ған шектеу шаралары тағы да жасала­ды деген қауесет жүр. Кейде осындай өзгерістер халықтың, диқандардың Үкіметке наразы­лығын туғызу үшін әдейі жасалып жатқан жоқ па екен деген ойда қаламыз. Өйткені халыққа қарсы жұмыстардың не үшін  жасалатыны түсініксіз.

Соңғы кезде ауыл шаруашылығы құры­лымдары үшін агросалық салынады деген әңгіме көтеріліп жүр. Менің­ше, осы дұрыс. Өйткені ауыл шаруашы­лы­ғымен айналысатын шаруаның қағаз­бастылыққа уақыты болмайды. Біз қалаға жақын тұрамыз, ал алыс ауылдағы шаруа қожалықтарына обал-ақ. Цифрландыру енді дегенмен, ауылда интернет істемей қалады. Салықты уақытында төлей алмай қалсаң, салынатын айыппұлы бар. Осы мәселені қарапайым, оңай ету керек деп ойлаймын. Бұл – ауылдағы қарапайым шаруа үшін ең басты мәселе. Тым болмаса науқан кезінде есеп-қисап тапсырмайтын ету керек. Мысалы, егін шаруашылығымен айналысатын шаруа­лар салығын қаңтар-ақпан айларында төлейтін етіп ыңғайласа дейміз. Мал шаруашылығымен айналысатындар үшін басқаша болар.

Тағы бір тілегім, жаңа техника ал­ғаны үшін берілетін 25% субсидия – шаруа үшін үлкен қолдау, техника паркі жаңаруы үшін осы бағдарламаны тоқтат­пай, жалғастыра беру қажет.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына әлдебір өзгеріс енгізілер болса, жаңалықты тәжірибе ретінде әуелі белгілі бір ауданға енгізу қажет. Сол кезде оның қателігін жөндеу де оңай болар еді.

Міне, көпжылғы тәжірибемді қорыта отырып, еліміздегі егін шаруашылығы саласын дамытуға сеп болар деген ойларымды ортаға салдым. Ең алдымен, Прези­дент айтқандай, барлық мәселе кешенді түрде шешілуі керек.


Бекболат МҰҚАШЕВ,

«Алтын бидай» шаруа қожалығының жетекшісі

 Батыс Қазақстан облысы,

Бәйтерек ауданы