Грек-рим күресі шеберлерінің бәсекесін барша қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Себебі спорттың бұл түрінде бізде жеңіспен өрілген тамаша дәстүр де, мықты бапкерлік мектеп те, бұла күштері бұлқынған балуандар да бар. Аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіп алған жүлделеріміз де жетерлік. Бірақ бір өкініштісі, күрестің осы түрін серік еткен өрендеріміздің әлем чемпионатының алтын тұғырына көтеріле алмағанына бақандай 20 жыл болды. Соңғы рет сонау 1999 жылы Грекияның астанасы – Афиныда өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян бас жүлдені олжалаған еді. Одан кейін талай дүрмекте күміс пен қолаға қолымыз жеткенімен, алтын медальдың сыңғырын бір естімедік. Бәлкім, дәп осы Қазақстанның бас шаһарында жалауы желбірейтін аса жауапты жарыста жалындап тұрған жігіттеріміздің бірі сол олқылықтың орнын толтырып, Қазақ елінің Әнұранын шырқатады деп үміттенеміз.
1993-2008 жылдар аралығында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері әлем чемпионаттарында 21 мәрте бой көрсетті. Соның алтауында сүреңсіз өнер көрсеттік. Атап айтсақ, 2001 жылы – Патрыдан, 2002 жылы – Мәскеуден, 2006 жылы – Гуанжоудан, 2007 жылы – Бакуден және 2014 жылы Ташкенттен құр қол қайттық. Олимпиада бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша 2016 жылы Будапеште ұйымдастырылған бәсекеде де жолымыз болмады. Ал өзге жарыстарда төмендегідей нәтижелерге қол жеткіздік:
Қазақстанның ұлттық құрамасы әлем чемпионатына тұңғыш рет 1993 жылы қатысты. Стокгольмде 30 жастағы Дәулет Тұрлыханов жиырманың ішіндегі жалындап тұрған жастардың талайын жолынан ығыстырып, күміс медальды мойнына ілді. 82 кило салмақта күш сынасқан даңқты балуан тек сол кездегі Түркияның жас жұлдызы, кейіннен екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем және сегіз дүркін Еуропа чемпионы атанған Хамза Ерлікайға ғана әлі жетпеді. Осылайша Дәулет Болатұлының есімі әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш балуан ретінде Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалды.
1994 жылғы жарысты Тампере қаласы қабылдады. Суоми елінде Юрий Мельниченконың мерейі үстем болды. Бір ғажабы, 57 кило салмақта белдескен ол финалда әлемнің екі дүркін чемпионы және үш дүркін жүлдегері, ресейлік Александр Игнатенкоға соқыр ұпай ұстатқан жоқ. Юра – күрес түрлері бойынша Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы!
1995 жылы Прагадан қос күміс медальмен оралдық. Барлық қарсыласты бет қаратпай ұтып келе жатқан Юрий Мельниченко финалда сүрінді. Оның жолын бөгеген АҚШ спортшысы Деннис Хол. 74 кило салмақ дәрежесінің жартылай финалында Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің үш және Еуропаның екі дүркін чемпионы, ресейлік Мнацакан Искандарянды ойсырата ұтқан Бақтияр Байсейітов ақтық айқаста франциялық Ивон Римерге есе жіберді.
1997 жылы Вроцлавта Юрий Мельниченко екінші рет әлем чемпионы атанды. 58 кило салмақта белдескен ол Ресейдің туы астында өнер көрсететін армян жігіті Рафик Симонянға сан соқтырды.
1998 жыл ел спорты тарихында алтын әріптермен жазулы. Швецияның Евле қаласында екі бірдей отандасымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 63 кило салмақтағы Мхитар Манукян финалда Түркияның тарланы Шереф Ероғлыны еңсерді. 76 кило салмақтағы Бақтияр Байсейітов сол кездегі Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, кейіннен Сидней Олимпиадасында да топ жарған Кубаның қабыланы Филиберто Аскуй Агилераның аяғын көктен келтірді. Дәулет Тұрлыханов баптаған Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте Ресей мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші тұғырға табан тіреді.
1999 жылы Мхитар Манукян екі дүркін әлем чемпионы атанды. Осы жарыстың финалында ол тағы да түркиялық Шереф Ероғлыны жеңді. Юрий Мельниченко да екінші рет күміс медальды мойнына ілді. Ол әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, кореялық Ким Ин Соптан ұтылды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы Түркиямен бірге төртінші және бесінші орындарды өзара бөлісті.
2003 жылы Кретейде Георгий Цурцумияның асығы алшысынан түсті. Аса ауыр салмақта күрескен ол қола медальды иеленді. 2005 және 2009 жылдары да дәл сондай көрсеткішке қол жеткіздік. Будапеште 55 кило салмақтағы Ермек Көкетов, ал Хернингте 60 кило салмақтағы Нұрбақыт Теңізбаев үшінші тұғырға жайғасты.
2010 жылы Мәскеуде Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиев қола медальдарды мойындарына ілді. 60 кило салмақтағы Алмат әзербайжандық Гасан Әлиев пен жапониялық Рютаро Мацумотоны, ал 120 кило салмақтағы Нұрмахан кубалық Михаин Лопес пен армениялық Юрий Патрикеевті ғана алға жіберді.
2011 жылы Ыстанбұлда Алмат Кебісбаевтың бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндігі болды. Барлық қарсыластарын бір деммен ұтқан қандасымыз финалға шыққанымен, шешуші тұста Үміт Норузиден ұтылды. Келесі жылы Иран балуаны Олимпиада чемпионы атанды. Алыптар сайысында Нұрмахан Тінәлиев үшінші орынды еншіледі.
2013 жылы Будапеште Нұрмахан Тінәлиев үшінші мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2015 жылы Лас-Вегаста 59 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев пен 75 кило салмақтағы Досжан Қартықов үшінші сатыға табан тіреді. 2017 жылы Парижде қазақтың қос балуаны финалға шықты. Бірақ екеуі де бас жүлде үшін тартыста қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальды иеленді. 59 кило салмақтағы Мейрамбек Айнағұлов Жапонияның жұлдызы Кэньитиро Фумитодан ұтылса, 71 кило салмақтағы Демеу Жадыраев германиялық Франк Штеблерден жеңілді.
Былтырғы әлем чемпионатын қайта Венгрияның бас шаһары қабылдады. Бұл жарыста бұрындары дүбірлі додаларда көп көзге түсе қоймаған 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали мен 67 кило салмақтағы Мейіржан Шермаханбеттің өнеріне құлшына қол соқтық. Қос қандасымыз қола медальдарды мойындарында жарқыратты.
P.S Соңғы бес әлем чемпионатында барлығы 33 мемлекеттің грек-рим күресі шеберлері жүлделі орындарды иеленді. 13 елдің өрендері алтын тұғырға көтерілді. Қоржынында 2 күміс және 4 қола медалі бар Қазақстанның балуандары жалпы есепте 14-орынға жайғасты.