Президент • 19 Шілде, 2019

Роза Мұқанова: Бұл кісінің табиғаты бөлек

1307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы жазбасымен Facebook парақшасында бөлісті.

Роза Мұқанова: Бұл кісінің табиғаты бөлек

Ол - халықшыл! Жастардың тәрбиесі мен біліміне қырағылық танытып, мүмкіндігінше ұлтты тәрбиелеу керектігіне  көп көңіл бөлетін. Қазақ өз баласын дәріптеуге келгенде алдына жан салмай тым асыра мақтайтынын жақтыра да бермейтін. Ұлтты  қандай кәсіпке бейімдеу керектігін, қандай мамандықты таңдауға мән беру керектігіне дамыған елдердің тәжірибесімен бөлісіп, кеңес  құруды құптайтын.

Ол – жаңашыл! Әлемдегі ең үздік  жетістіктерден қазақ қоғамының қалыс қалмауын  ескертіп отыратын.    Ғылымдағы, экономикадағы, мәдениеттегі таңқаларлық жаңалықтарға қызығып, ерекше ден қойып, адамзат игілігі жолында жасалған әлемдік жаңалықтарға баладай қуана алатын тазалығы қайран қалдыратын. 

Ол – қарапайым! Қарапайымдылық адам баласының бәрінің  бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет.

Ол – өте білімді! Бұл сөзді Қ.К. Тоқаевтың басшылығында бес жыл қызметте болғандықтан айтып отырмын.

2011 жылы Қ.К. Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымына жауапты қызметке тағайындалуына байланысты еліміздің ақпарат құралдары толассыз хабарлап жатты.  Осы  жаңалықты естіген кезде өз еркіммен арыз беріп  мемлекеттік қызметтен кеткенім бар. Себебі бұрын-соңды көрмеген Қ.К. Тоқаев басшылық еткен үлкен мектепті көрдім. Мемлекетшілдікті, еңбекқорлықты, адалдықты, адамгершілікті  көрдім. Әрбір мемлекеттік қызметкер Тоқаевтың деңгейінде қажырлы жұмыс істей алуы мүмкін бе деп ойладым. Мүмкін болмаса мемлекеттік  қызмет атқаруға хақысы бар ма?.. 

Ол – мейірімді! ҚР Парламент Сенатының Төрағасы қызметінде жоғары  лауазымдағы шенділермен қатар зиялы тұлғаларды, қарапайым қызметкерлерді де жеке қабылдауына шақыратын. Қарапайым адамдардың ойын тыңдап, жиі пікірлесетін. Биліктегі  шенділер мұндай қадамға аяқ баспаушы еді.

Жиырма жыл мемлекеттік қызметте  жұмыс істеген кезімде бірде-бір министрдің, вице-министрдің, департамент директорының бойынан мұндай тәрбиені бойына сіңірген мемлекеттік қызметтегі тұлғаны кездестірген емеспін.  Олар  жоғарғы жақтан бұйрық болса ғана немесе өзінен дәрежесі, даңқы артқандарды ғана қабылдаушы еді. Қызметтен бас тартып, өз еркіммен арыз беруімнің басты себебі  де енді Тоқаевтай басшының болуы  неғайбіл екенін ұғынуым болды.