20 Сәуір, 2013

Монша сыпыртқысын дайындау

793 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Монша сыпыртқысын дайындау

Сенбі, 20 сәуір 2013 0:35

Қайыңнан жасалған сыпыртқылар – моншаға барған кездегі басты қажетті заттардың бірі. Жалпы моншаға жиі баратын адамдар нағыз орыс моншасын сыпыртқысыз елестете алмайды. Өйткені моншаның ыстық буында сыпыртқымен соғыну дегеніңіз, бұл – ерекше бір жан мен тән рахаты. Сыпыртқының денсаулыққа беретін пайдасы да өте мол. Ол сізге тер шығару үшін көмектеседі. Ағзада зат алмасу үдерісінің жүруіне қолайлы жағдай туғызады. Оның үстіне терідегі зиянды микроорганизмдерді жойып, теріні жұмсартады және теріге массаж ретінде әрекет етеді. 

Сенбі, 20 сәуір 2013 0:35

Қайыңнан жасалған сыпыртқылар – моншаға барған кездегі басты қажетті заттардың бірі. Жалпы моншаға жиі баратын адамдар нағыз орыс моншасын сыпыртқысыз елестете алмайды. Өйткені моншаның ыстық буында сыпыртқымен соғыну дегеніңіз, бұл – ерекше бір жан мен тән рахаты. Сыпыртқының денсаулыққа беретін пайдасы да өте мол. Ол сізге тер шығару үшін көмектеседі. Ағзада зат алмасу үдерісінің жүруіне қолайлы жағдай туғызады. Оның үстіне терідегі зиянды микроорганизмдерді жойып, теріні жұмсартады және теріге массаж ретінде әрекет етеді. 

Егер сіз сыпыртқы дайындау ісімен шұғылдануға ниет та­нытып, осы бизнесті өз тір­ші­лігіңізге таяныш етпек болсаңыз, онда сізге бірінші кезекте ол сы­пыртқыны қайдан дайындау қажеттігін анықтап алуға тура келеді. Қалалы жерде қайың ағаштары аз кездеседі. Тіпті кез­дескен жағдайдың өзінде оны кесуге рұқсат етілмейді. Сон­дықтан сыпыртқы дайындау үшін орманға баруға тура ке­ле­ді. Сіз өмір сүретін елді мекен ма­ңайын­да осындай ормандар бар ма? Ең бірінші осы мәселеге мән бергеніңіз жөн.
Монша сыпыртқысын дайын­дау үшін ерекше бір құрал-жаб­дықтар қажет емес. Пышақ пен қайшы, жіп секілді қарапайым заттар болса, соның өзі жетіп жатыр.
Сыпыртқыны дайындау­ технологиясы. Монша сыпырт­қыларын әдетте мамырдың соңы мен маусым басы аралығындағы кезеңде дайындайды. Сыпыртқы­ны орман ішінен немесе қалтарыс шетінен әзірлеген дұрыс. Бірақ еш уақытта жол шетіндегі ағаш­тардан дайындауға болмай­ды. Өйткені, жол үстінде келе жат­қан автокөліктерден бөлініп шыққан газбен бірге ауыр металдар да ауаға шығып, олар кө­бінесе жол шетіндегі ағаш жа­пы­рақтарына қонақтап қалады. Яғни жол шетіндегі ағаштардан дайындалған сыпыртқылар ден­сау­лық үшін зиянды болуы да мүмкін.
Қайың бұтақтарын кескен кезде­ олардың құрғақ болуына ерекше на­зар аудару керек. Мұның себебі, жаң­бырдан кейін ылғалданған қайың жа­пы­рақтары әлсіз болады да, оларды­ сыпыртқы ретінде дайындаған және моншаға апарған кезде тез түсіп қалады.
Сыпыртқыны әлі толық өсіп жетілмеген, яғни өскеніне 2-3 жыл ғана болған жас қайыңдардан, оның төменгі тұсында орналасқан бұтақтардан әзірлеген жөн болады. Соның ішінде су ішінде өскен қайыңдардан әзірлеген сыпыртқылардың тамаша қасиеттері бар. Оның үстіне мұндай қайыңдардың жапырақтары денеге жұмсақ та жағымды тиеді. Кесіліп алынған қайың бұтақтары жіңішке, ұзын, солқылдаған жұмсақ болғаны жөн. Оларды кескенде ағаштың ортасынан емес, бүйірінен алған  және әр ағаштан аздап алған дұрыс. Кесіп алынған бұтақтарды босқа жатқызбай, оларды бір-екі күннің ішінде іс қылу қажет. Сонымен қатар, сыпыртқыны әзірлеу барысында қайың бұтақтарының ұзындығына байланысты іріктеп барып, байлаған жөн.
Сыпыртқыны кептіру. Сыпыртқы­ларды күн астында кептіруге болмайды. Кептірудің ең қарапайым да дұрыс жолы – оларды бірнешеу етіп топтастырып байлап, үйдің шатырының ішіне іліп қою. Шатыр болмаған жағдайда бал­конды да пайдалануға болады. Бір­ақ мұндай жағдайда кептірілетін сы­пыртқыларды көлеңкелі жерге орналастырған дұрыс. Тағы бір назар ауда­ратын дүние балкон ашық болу керек. Шынымен қапталған балкондарда сыпыртқылар тез қызынып, бойындағы уды шамадан тыс көп бөліп шығарады. Ондай сыпыртқылардың жағымды әсер ету қасиеті төмендейді және жапырақтары да түскіш келеді.
Сыпыртқыларды сақтау. Сыпырт­қыларды кептіріп болғаннан кейін оларды сақтауға қою қажет. Ең дұрысы, жатқызып сақтау. Сақтайтын орын қараңғылау немесе көлеңкелі болғаны жөн. Сонымен қатар, сыпыртқыларды сақтау кезінде де кептіріп отыруға болады. Бұл үшін жас сыпыртқыларды еденге жатқызып жайып тас­тайды. Бір-біріне араластырмайды. Жапырағы кепкенше әр күн сайын аударып отыру керек. Жапырақ кепкеннен кейін барып оларды бір-біріне қосып, сақтауға қояды. Мұндай жағдайдың өзінде ара-тұра аралас­тырып отырған жөн болады.
Сыпыртқыларды өткізу. Егер ауылдық жерде монша сыпыртқысын дайындау ісімен көптеген адамдар шұғылданатын болса, ондай жағдайда оны өткізудің бірден-бір сенімді жолы жақын жердегі қалалы елді мекендер болып табылады. Қалалы жерде моншалар мен сауналар көптеп кездеседі. Міне, осыларға барып келісіп, өз өніміңізді өткізудің бір мүмкіндігіне ие бола аласыз.
Сонымен қатар қалаларда жеке тұр­ғын үйлердің көпшілігінде өз моншалары бар. Сондықтан жеке үйлер шоғырланған аудандарда,  әсіресе, олар­дағы сауда дүкендерінің алдына сыпыртқы сататыныңызды айтып, хабарландыру іліп қойғаныңыз жөн. Сыпыртқыны өткізудің тағы бір жолы арнаулы сауда дүкендері мен базарларға барып, олардың иелерімен өткізіп беру ақысына келісіп, алдын-ала тапсырып қою. Егер саудагердің монша сыпыртқысын саудалаудың пайдалы іс екендігіне көзі жетсе, мұнан кейінгі тапсырыс­тарды сізге оның өзі беріп, сыпыртқыларыңызды топтап сатып алу ісіне кірісіп кетуі де ғажап емес.
Монша сыпыртқысын әзірлеуге шығын шықпайды. Қайшы, пышақ секілді құралды кез келген үйден табуға болады. Тіпті оларды сатып алған жағдайдың өзінде шығатын шығын 1-2 мың теңгеден аспайды. Яғни монша сыпыртқысын әзірлеу шығынсыз іс.
Түсер пайда мөлшері. Монша сыпыртқысының бағасы оның орналасқан өңірлеріне байланысты болып келеді. Жалпы, 1 сыпыртқы сатқанда одан  300-600 теңге аралығында пайда түсіруге болады. Кейбір жерлерде бұдан да қымбат. Сонда сіз 20 сыпыртқы әзірлеп сататын болсаңыз, ең кемі 6 мың теңге пайда қаратады екенсіз. Айына орта есеппен 200 сыпыртқы әзірлеп сатқан жағдайдың өзінде сіздің кірісіңіз ең кемі 60 мың теңгені құрайды. Оның үстіне көптеген ой еңбегінің адамдары орманға барып, сыпыртқы әзірлеуді демалыс есебінде қабылдайды. Мәселен, Лев Толстой шөп шабудың өзін демалыс деп есептеген. Сонда сіз бір есептен орманның денсаулыққа пайдалы оттегісі мол таза ауасын жұтып, денсаулығыңызды түзейсіз. Екіншіден, «жүрген аяққы жөргем ілінеді» дегендей, жай жүрмей пайда да тауып жүресіз. Бұл шағын бизнестің бір тиімділігі осында.
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуыңызға болады:

http://vry.narod.ru/za.htm

http://www.mukhin.ru/stroysovet/bani1/5_03.html

http://www.hobiz.ru/ideas/medic/venik/

Әзірлеген 
Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан».