Экономика • 22 Шілде, 2019

Агросектор ғылыммен ұштасқанда ғана дамиды

348 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзаттық ақыл-ой мен ғылымға арқа сүйеген ауыл шаруашылығын алға сүйреу бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Халықты отандық табиғи, экологиялық тұрғыда қауіпсіз, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету аса маңызды.

Агросектор ғылыммен ұштасқанда ғана дамиды
Сондықтан біз осы салаға инновациялық технологияларды енгізіп, тиімді ғы­лыми агротәжірибелер жүр­гі­зіліп жатқан «Оңтүстік агро­паркіне» сапарымыз­ды оңды оқиғалардың қатарына қос­тық. Алматы облысына қарас­ты Жалпақсай ауылындағы «Агропарктегі жаз» атты Егістік күні ғылым мен бизнесті ұш­тас­тырып жүрген іскер аза­маттар мен тыңайтқыш өндірумен, та­сы­малдаумен айналысатын ком­паниялардың басын қос­ты. Егістік алқабындағы ша­раға Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары қатысып, шаруалардың ұсы­ныс-тілектерін тыңдады. Күн тәртібіндегі мәселелерге қатыс­ты талқылаулар жүрді. 

Қазақстанда үш агрополигон бар

Бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров мемлекетіміз агроөндірістік кешендердің ал­дына осы бес жылда заманауи аг­ро­техникаларды қолдана оты­­рып, еңбек өнімділігін арт­ты­рып, өңделген азық-түлік экс­пор­тын 2,5 есеге ұлғайтуды мін­­дет­теп отырғанын еске салды. Ел­басы­ның пәрменімен 2018 жылы министрлік Ұлттық аг­рар­лық ғылыми-білім беру орта­лығымен бірге жер өңдеу, ме­ханикаландыру, өсімдік және су шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының үлесін біріктіре отырып, Қаскелеңдегі тәжірибелік шаруашылығында «Оңтүстік агропаркін» ұйымдастырған болатын. Қазірдің өзінде агро­парктің жұмысы көңіл тоғай­тады. Тәжірибе алаңында еңбек­кер­лер егіс дақылдарының өнім­діл­ігін екі-үш есеге арттырып, жүгері, соя, бидай, арпа, басқа да да­қыл­дардың жүздеген жаңа сұры­бын өсіріп отыр. 

Тамаша ғылыми тәжірибелер жүргізіліп жатқан агропарктің нәтижесі өте жақсы. Мәселен, об­лыс­та астық өнімділігінің ор­таша көрсеткіші гектарына 2 тоннадан айналса, бұл жер­де – 4 тонна. Ал өңірдегі алқап­тар­да жүгерінің түсімі 10 тоннаға жете­ғабыл болса, агропаркте 16 тон­на­дан асады. Мұндай көр­сет­кішке жетуге жаңа технологиялар арқылы қол жеткізіліп отыр. 

Мұнда комбайншысыз жү­ретін комбайндар, егіс алқап­тарын әуеден суарып, тыңайтқыш себетін дрондар қолданылады. Бұл құрылғының ерекшелігі – қай жерге су жетпейтінін GPS технология арқылы өзі анық­тайды. Енді мамандар осындай құралдарды барлық шаруа қо­жалықтарына енгізіп, ел бойынша еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттырмақ. «Агропарктегі жаз» көрме-жиынына келген шаруа қожалықтары мен ірі аг­ро­к­ешендердің өкілдері осының бәрін өз көздерімен көріп, қажетті техника, технологиялармен танысып, биологиялық тыңайтқыш түрлерін көрді. 

– Қазір елімізде осындай үш полигон бар. Біреуі Қостанай облысында, үшіншісі Ақмола об­лысында. Осы Алматы об­лы­сын­дағы полигонға ауыл шаруа­­шылығы саласындағы ең озық технологияларды әкел­дік. Соның арқасында егістік жұ­мыс­тарын дер кезінде жүр­гізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жет­­кізуге болатынын көріп отыр­мыз. Бүгін еліміздің әр шал­­ғайынан жиналған шаруа­шы­лықтар осының бәрін көріп, тиімділігімен танысып отыр. Өз алқаптарында қолданса болады, – дейді бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров. 

Оның айтуынша, «Оңтүстік агро­паркі» ауылшаруашылық өнім­дерін өсіруде заманауи озық агротехнологияларды қол­да­нылатын өзіндік демонстра­ция­лық алаң. Бұл агротехнология­ларды еліміздің агроөндіріс­тік кешендеріне кеңінен тарату үшін «Оңтүстік агропаркі» базасында ұдайы имидждік және үйрету, оқыту шаралары ұйымдастырылады. Оның бірі осы «Агропарктегі жаз» атты Егістік күні. «Оңтүстік агро­паркі» құрылғаннан бері бұл жерге АӨК-нің 3 мыңға жуық маманның жолы түскен. Сон­дай-ақ агропаркке ҒЗИ ғалым­дары, еліміздің аграрлық оқу орын­дарындағы жас мамандары мен магистрант, докторанттары жиі келеді. 

Цифрлы технологиялар жұмысты жеңілдетеді

Қысқасы, бастама баянсыз емес, мүдделілік танытқан тараптармен 50-ден астам мәмілеге қол қойылған. 

Егістік күніне еліміз­дің оң­түс­тік және оңтүстік-шығы­сын­дағы ауылшаруашылық тауарларын өндіретін кәсіпкерлер ғана емес, алыс-жақын шетелдерден жүздеген маман арнайы ат басын тіреп отыр. Мұның өзі аграрлық сектордың маңызын ай­ғақтап, аталған салаға деген қызығушылықтың өсіп келе жат­қанын байқатады. 

Қалай десек те цифрлы технологияларды пайдалану агробизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, түсімді молайтып, төгілген терді ақтайтынына бұл жобаға атсалысып отырған­дар­дың көзі әбден жетті. 

Аграрлық кәсіптің айнала­сында жүргендер биылғы мау­сым­дағы бақша өнімдерінің бейімделген, сынақтан өткен сұрып­тарын көрді. Бұл арада ауыл ­шаруашылығында қолда­нылатын жаңа техникалардың да маңыздылығы бір мысқал кем емес. Мәселен «John Deere» фирмасының комбайндары, жаңа «МТЗ-95», «МТЗ-80», 165 класты трактор, тұқым сеп­кіш, культиватор, чизельді соқа, «CLAAS MEDION» ком­байнының мүмкіндіктерін шаруа адамдары көріп отыр.

Әлемде екінші «жасыл төңкеріс» жүріп жатыр

– Қазір әлемде ауыл шаруа­шылығы саласында екінші «жасыл төңкеріс» жүріп жатыр. Бұл төңкерістердің негізгі драй­вер­лері – ауыл шаруашылығы өнім­дерін сұрыптауда генети­ка­лық әдістер мен заманауи агро­технологияларда биопре­параттарды қолдану. Әлемдегі ірі Байер, Сингента, БАСФ, Кох, Яра сын­ды трансұлттық химия­лық компаниялар ауыл шаруа­шылығындағы биопрепараттар мен биотехнологияларға үлкен қызығушылық таныта бастады. Ресейдің минералдық тыңайтқыштар шығаратын Еврохим, Фосагро, Уралхим, Акрон, Авнуст, Щелковоагрохим сияқты ірі компаниялары да осы мүдде аясында әрекет етіп отыр. Бұлар соңғы жылдары 8 миллиард доларға биотехнологиялық компанияларды сатып алды. Және олар микробиологиялық тыңайтқыштар, гумин қыш­қыл­дарын, өздері сататын тұқым­дарға бейімделген, өсімдіктерді қорғайтын препараттар өндіріп, ТМД мен Қазақстан нарығына шығара бастады, – дейді ҰҒА академигі Абай Сағитов.

Академик Абай Сағитов Өсімдіктерді қорғау және каран­тин ғылыми-зерттеу институты сынақтан өткізген Экстр­асол, Актофит, Ларвибакт сияқ­­ты өсімдіктерді қорғау құ­рал­­дары­ның нәтижесі туралы баян­дай келе, еліміздегі ірі ша­руа­шылықтар мен фермер­лері аталған ҒЗИ сынақтан өткіз­ген агротехнологиялар­ды қаперде ұстап, санаулы жыл­­дарда Қазақ­станның ауыл шаруа­шылығы саласында револю­циялық өз­герістер жүретінін нақты мысалдармен дәйектеді.

Алқаптағы алқалы жиында қатысушылар No-Till технологиясы, яғни жерді жыртпай-ақ өңдеу, заманауи ирригация, мұнаралық құрылымдар, күн энер­гиясын пайдалану, жылы­жайлардың тиімділігі туралы өзара пікір алмасты. Фермерлер вице-министрдің бұл келісін пайдаланып, мінберге шығып, көкейлерінде жүрген сауалдары мен арыз-мұңдарын ортаға салды. Мәселен, қазір егіс тұқым­­дары­на субсидия беру тоқ­та­тыл­ған. Сол сияқты жүгері өсі­ре­тіндер де егіс алқаптарын ке­­ңей­­тіп, техникалар алуға қара­­­жат қат болып отырғанын алға тартып, өздеріне субсидия беруді сұрады. Өйткені қазір оларға да несие берілмейді. Ал күріш егетіндердің бірқатары құжаттарын дер кезінде даярлап үлгермегендіктен, биыл егін егу басталғанша субсидия алуға үлгере алмай қалған. Бұл ретте Айдарбек Сапаров агробизнес­пен айналысатындарға осы са­ла­­дағы жаңалықтар мен өзге­ріс­терден үнемі хабардар болып, құ­жат­тарды дайындауда арқаны кеңге салып жүріп алмауды ескертті.

Бірінші вице-министр агро­өн­дірістік кешендерді, шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан қолдауда әлі де бірлесіп, ақылдаса отырып шешетін мәсе­лелер бар екендігін айтты.

Алматы облысы,
Қарасай ауданы