Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты кезекті Жолдауын бүкіл халықпен бірге аға буын өкілдері, ауыл ақсақалдары мен ардагерлері де қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды.
Қазақстанда соңғы онжылдықта болған оң өзгерістер бізді қуантса, алдағы онжылдыққа белгіленген даму белесі көптің көңіліне сенім ұялатты.
Мемлекет басшысы аға буынға әрқашан зор көңіл бөліп келеді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 65000 теңгеден бір жолғы көмек беріледі. Соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға, соғыс ардагерлерінің зайыптарына, соғыста қаза болған майдангерлердің жұбайларына, соғыс мүгедектерінің қосақтарына, соғыс жылдарында тылда еңбек еткендерге де материалдық көмек көрсетілмек. Бұл – үлкен қуантарлық шешім деп білеміз.
Жолдауда ауылдағы ағайынның жағдайы да ұмыт қалған жоқ. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін күнкөріс деңгейінің 60 пайыз деңгейіне көтеру міндеті қойылды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері көбейе түсетін болды. Бұл қамқорлығы үшін Елбасына үлкен алғысымызды білдіреміз.
Ендігі міндет осы белестерді еңсеруге үлкен-кіші демей бәріміз бір кісідей атсалысуға тиіспіз. Бұл, әсіресе, аға буын өкілдерінің, қарттар мен ауыл ақсақалдарының алдына үлкен міндеттер жүктейді.
Сондықтан Созақ ауданының ардагерлері Президент Жолдауының іске асырылуына өз үлестерін қосатын болады.
А.МҰСАБЕК, Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Оңтүстік Қазақстан облысы.